Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бастаған жұмыс тобы Алматыда болды.
Вице-премьер бірқатар өндіріс орындарын аралап, өңірде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру және Алматы қаласында инновациялық кластерді қалыптастыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Жұмыс тобының сапары Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығы қызметімен танысудан басталды. Орталық өткен жылы құрт ауруына қарсы жаңа дәрілік өнімнің клиникалық сынауларының үшінші кезеңін бастаған болатын. Индустрия және жаңа технологиялар министрі аралаған екінші нысан «Нобель» фармацевтикалық фабрикасы болды. 2011 жылы Индустрияландыру картасы аясында компания фармацевтикалық өндірісін халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп жаңартқан болатын. Соның арқасында өндіріс қуаттылығы 50 пайызға артып, өнім түрлері көбейе түскен.
Сондай-ақ, Әсет Исекешев «Рахат» кондитерлік фабрикасының жұмысымен де танысты. Өткен жылы компанияның басшылығы ауысып, кәсіпорынның басқару тізгіні кореялық инвесторларға өткені белгілі. Вице-премьер өндіріс технологиясын өз көзімен көріп, еліміздегі бірден-бір бренд өнім шығарып отырған кәсіпорынның жұмысымен етене танысты. «Рахат» фабрикасының өнімдері ТМД көлемінде де, алыс шетелдерде де, мәселен, Германия, Ауғанстан секілді елдерде де танымалдығы және өтімділігі жағынан алдыңғы лекте.
Бұдан өзге вице-премьер бастаған топ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болып, ол жерде жас ғалымдармен кездесті. Ә.Исекешев басқосу барысында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қатысуымен өңірлерде инновациялық кластерді қалыптастыру ісі қолға алынғандығын айтып өтті. Түстен кейін қалалық әкімдікте министрдің қатысуымен үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтті.
Алматылық бизнес өкілдері қатысқан кеңес нәтижесі бойынша қала әкімі Ахметжан Есімов пен вице-премьер – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев 2014 жылға арналған келісілген іс-әрекеттер жоспарына және туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.