Отызға толар-толмас шағында өмірден озса да, маржан жыр, маңғаз мақамымен халқының жүрегіне ұя салған Оразалы Досбосынов қазақ айтысына өшпес із қалдырған тұлға. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қолдауымен ақынның үш томдық шығармалар жинағы жарық көрді.
Оразалы әлемінен сыр шертетін жинақ ақын оқыған университеттің «Ұлағат» баспасынан басылып шықты. Кітаптың бірінші, екінші томына Ораздың айтыстары мен өлеңдері, үшінші томға ақын туралы арнау өлеңдер, естеліктер мен ғылыми-зерттеу мақалалар енген. Ұлттық кітапханада туындының таныстырылымы өтіп, тұсауы кесілді. Оқырманға жол тартқан кәделі еңбектің тұсауын «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» РҚБ Басқарма төрағасы, ақын Жүрсін Ерман, Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры Мақтағали Бектемесов, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәлі, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан кесті.
Іс-шараға қатысқан Шорабек Айдаров, Серік Қалиев, Ахмеджан Өзбеков, Бауыржан Халиолла, Ринат Зайытов қатарлы айтыс ақындары Оразалы жайлы естеліктер айтып, ақын шығармалары кейінгі ұрпақ үшін тағылымды мұра екенін тілге тиек етті. Шараны күміс көмей әнші Нұржан Жанпейісов әнмен әрлесе, Абай атындағы ҚазҰПУ студенті Алтынай Қанапия мен Бекжан Базарбек қыз бен жігіт айтысының әдемі үлгісін көрсетті. Сонымен қатар аталған кешке Абай атындағы ҚазҰПУ Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланұлы, Ораздың қызы Нұрайша, ақынның туыстары мен жас айтыскерлер қатысты. Кітаптың тұсаукесерін белгілі айтыскер, журналист Бақыт Жағыпаров жүргізді.