Ұлттық байланыс операторы елордада «ақылды қала» элементтерін енгізуге дайын. Осы және өзге де телекоммуникациялық жаңалықтар жайлы компания басшысы Қуанышбек Есекеев түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы жөніндегі Түркі кеңесінің Smart Сity Nur-Sultan өңіраралық форумында айтып берді.
Бұл «Қазақтелеком» мен астаналық әкімдіктің цифрландыру бағытындағы алғашқы бірлескен тәжірибесі емес. Компанияның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, былтыр ұлттық байланыс операторы бас қаладағы денсаулық сақтау ұйымдарында орталықтандырылған бейнебақылау жүйесін енгізуді бастап, бұл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай қаладағы ауруханалар мен емханаларда көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға септесті.
Жасыратыны жоқ, пандемия басталғалы бері елімізде медициналық көмекке дер кезінде қол жеткізу өзекті мәселеге айналды. Сонымен қатар қоңырау ағыны мен белгілі бір аурухананың жүктемесін, ондағы бос орындардың санын білу қиынға соқты. Дәл осы мәселелерді шешу үшін цифрландыру, яғни заманауи талдау мен жасанды интеллект жүйесін енгізу қажеттілігі туындады.
«Қазір компанияда Smart City желісін басқарудың көптеген тетігі қарастырылған. Оның ішіне IoT LPWAN желісі, дайын бұлтты бейнебақылау инфрақұрылымы, Big Data, COVID карантиндік шараларын сақтау және бақылау құралдары, GPS мониторингі, бейнеконференция, телемедицина және тағы басқалары кіреді. Біз ұсынған шешімдер басымдықтарды дұрыс анықтауға және ұсынылатын қалалық қызметтердің сапасын жақсартуға және елорда тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ал жергілікті басқару органдарына бұл бірнеше мүмкіндікке жол ашады», деді Қ.Есекеев.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, Ақмола облысындағы Ақкөлде Smart City жобасы бірнеше жыл бойы табысты іске асырылып жатыр. Тұтастай айтқанда, Ақкөл Қазақстанда бірінші болып Smart City технологияларын енгізуге мүмкіндік алды. Smart технологияларды енгізу қалалық қызметтердің жұмысын оңтайландыруға және тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға септігін тигізуде. Мәселен, коммуналдық қызметтердің көрсеткіштерін жинау үшін пәтерлерді аралап жүрудің қажеті жоқ, деректер автоматты түрде жинақталады. Тұрғындар қолжетімді бейнебақылауды іске қосып, онлайн режімде бейнекамералардағы ақпаратқа қол жеткізе алады. Сонымен қатар «ақылды қала» шешімдері Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында және Түркістан қаласында қанатқақты жоба ретінде енгізіліп жатыр.