Шымкент қаласында жас режиссерлерге арналған Shymkent nomad film fest қысқаметражды фильмдер фестивалі өтті. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.
Үшінші мегаполистегі киноиндустрия саласына үлкен мән беріп, дарынды жастардың шығармашылығына қолдау көрсету арқылы мүмкіндік беретін шығармашылық алаң құруды мақсат еткен фестиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жас таланттарға шығармашылық табыс тіледі. «Жүлделі орын алған 4 фильмді көрермендермен бірге тамашаладық. Жас режиссерлердің аяқ алысы жаман емес. Биыл бұл байқау Шымкентте бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Жастарымыз осындай қарқында еңбектеніп, іздене түссе қаламыздан әлі талай мықты кинорежиссерлер шығатыны сөзсіз. Осындай шағын кинофестивальдер олардың танылып, шыңдала түсуіне жол ашады деп сенеміз», деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Байқауға қатысуға 30 үміткер ниет білдіріп, қазылар алқасы соның ішінен 10 кинотуындыны іріктеп алған. Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, байқау қатысушылары жастығына қарамастан қоғамдағы көкейкесті мәселелерді фильмдеріне арқау ете алған. Олар жас режиссерлердің еңбегінде әрбір бейнесюжеттің тақырыптық идеясының ерекшелігіне және еңбектің жанрлық талаптарға сай болуына айрықша мән бергендерін айтады. Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды Ерсұлтан Тілеуовтің «Таңдау» туындысы иеленді. Екінші орын Дмитрий Владимировичтің еншісінде («Жетістік» фильмі). Ал бірінші орын «Садақа» фильмінің режиссері Болат Қожахметке бұйырса, бас жүлдеге «Әке» фильмінің режиссері Ердәулет Алибеков ие болды. Фестиваль бұған дейін «Самғау» деген атаумен Шымкентте 5 жыл қатарынан өткізілгенін айта кетелік. Елдегі эпидахуалдың күрделенуіне байланысты уақытша тоқтағанымен биыл Shymkent nomad film fest қысқаметражды фильмдер фестивалі атауымен қайта бастау алды.