Ауғанстанда бұрынғы үкіметтің құрамында жұмыс істеген мемлекеттік қызметшілердің дүние-мүлкі сатылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сатылымнан түскен қаражат осы елдің электр энергиясы үшін қарызын жабуға жұмсалмақ. Бірақ сарапшылардың айтуынша, бұл шара берешектің аз ғана бөлігін өтейді. Тәліптердің мәлімдеуінше, жиған-тергені талан-таражға түскен эксшенеуніктердің барлығы шетелге қашып кеткен.
Айта кетейік, Ауғанстанның электр жарығын тұтынғаны үшін Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Иран алдындағы қарызы 62 миллион долларға жеткен.
Сондай-ақ «Талибан» билік басына келгелі электр энергиясы үшін ақша жинақтау деңгейі 70 пайызға төмендеген. Энергетикалық компания берешектен құтылу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымынан көмек те сұраған.