• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2014

Қор мақсаты – балғын спортшыларды қолдау

256 рет
көрсетілді

Осыдан бір  жыл бұрын  «SCAT» әуе компаниясына қарасты ұшақ апатқа ұшырағанда қаза тапқан  21 адамның бірі – Қызылжар өңірінің тумасы Қайсар Мәлгаждаров еді. Ол кеден саласындағы еңбек жолын инспекторлықтан бастап, полковник шенін алды. Департамент басшысы дәрежесіне дейін көтерілді.  Өмірінің соңғы жылдарында Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаменті «Алматы» кеден бекетіне жетекшілік етті. Көп жылғы  еселі еңбегі «Құрмет» орденімен аталды.  Саламатты өмір салтын нық ұстап, күрестен спорт шебері атанды.  «Көзден кетсе де көңілден кетпейді» демекші, абзал азаматты жерлестері ұмытпақ емес. Соның бір айғағындай,  «Есіл» мейрамханасында 44 жасында қапияда көз жұмған Қайсар Мәлгаждаровты еске алу кеші өтті. Жиын алдында марқұмның өмір, еңбек жолына арналған көрме ұйымдастырылып, бейнефильм көрсетілді. Шарада сөйлеушілер Қайсардың  адамгершілік, жолдастыққа берік, досқа адал қасиеттері жайлы сыр шертіп, естеліктер айтты.  Одан кейін оның атындағы қайырымдылық қорының  тұсаукесері өтіп,  әлемдік, республикалық жарыстарда топ жарып жүрген бір топ балғын спортшыға  50 мың теңгенің сертификаты мен  Қайсардың отбасы жайлы  жазылған «Алтын бесік – моя семья» атты ғұмырнамалық кітап тарту етілді. Жиын соңында марқұмның апасы, облыстық мәслихаттың депутаты Бақытжан Сәмиева  жиналғандарға ризашылық білдіріп, қор мақсаты өңір спортшыларына жүйелі қаржылық қолдау көрсетуді  көздейтінін жеткізді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.