Осы жылдың соңына дейін «Қаламқас» және «Хазар» кен орындарын игерудің тұжырымдамасы әзірленеді. Ал 2028 жылдан бастап аталған аумақтарда кен игеру жоспарланып отыр.
KIOGE-2021 халықаралық мұнай және газ көрмесіне қатысқан Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, қазір «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен оның серіктестері арасында аталған кен орындарын игеру тұжырымдамасын таңдау бойынша талқылау жүріп жатыр.
– Отандық өнім көлемін арттыру тұрғысынан алғанда бұл жобалардың маңызы зор. Күнделікті «ҚазМұнайГазбен» бірлескен жұмыс барысында аталған кен орындарының әлеуеті өте жоғары екеніне көзіміз жетіп отыр. Жыл соңына дейін кен орнын игерудің тұжырымдамасын таңдау бойынша шешім қабылданады. 2028 жылға қарай кен игеруді бастаймыз, – деді министр.
Өткен айда Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы құны шамамен 5 млрд долларды құрайтын «Қаламқас» және «Хазар» ірі кен орындарын игеру жұмысын бастау жөніндегі шешімді тілге тиек еткен еді. Сондай-ақ Президент кен орындарын игеру жұмыстарына жергілікті компаниялар мен кадрларды барынша тартудың маңызды екенін атап өткен болатын.
М.Мырзағалиев Шығыс Қазақстанға газ жеткізу жайын да баяндады. Айтуынша, шығысқа жақын уақытта газ тарту жоспарда жоқ.
– Дегенмен аталған мәселе министрліктің күн тәртібінде бар және оны Ресеймен бірлесіп шешу қарастырылып отыр. Аталған өңірді газдандыруды көрші елдің ресурсы есебінен шешуге болады. Ол үшін бөлек газ құбырын тарту қажет. Шығыстағы Зайсан ауданын газдандыру жұмысы 2013-2014 жылдары басталды. Газ құбырын тарту жоспарына сай 9 елді мекенге газ жеткізілді. Бүгінде жұмыс жалғасып жатыр, – деді М.Мырзағалиев.
Министр дизель бағасының қымбаттауына қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, елдегі дизель отынын тұтыну көлемі тарихи көрсеткішке жеткен. Биыл тамыз-қыркүйек айларында шамамен 520-540 мың тонна дизель отыны пайдаланылған. Бұл – елімізде бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.
– Бірден айту керек, дизель отыны мен басқа да жанар-жағармай түрлерінің бағасы реттелмейді. Бағаны сұраныс пен ұсынысқа сүйене отырып нарық реттейді. Сондықтан министрлік бағаны белгілеуге араласа алмайды. Бүгінде мұнай бағасының өскені байқалады. Бір-екі күннің ішінде баррелі 78 доллардан 82 долларға дейін өсті. Әрине, мұнай бағасының өзгеруі жанар-жағармайдың бағасына әсер етеді, – деді ол.
Министр бүгінде дизель отынын жеткізу өткір мәселеге айналғанын мойындады. Айтуынша, оның бірнеше себебі бар.
– Біз елімізге дизель отынын жеткізу мен тұтыну көлемінің артқанын байқап отырмыз. Қазан айында Ресейден кем дегенде 100 мың тонна дизель отынын әкелу міндеті тұр. Қыркүйек айының 20 күнінде елімізге 5 мың тонна дизель отыны жеткізілсе, қалған 10 күннің ішінде 15 мың тонна өнім әкелінді. Ал қазан басталғалы 4 күннің ішінде Қазақстанға 12 мың тонна дизель отыны келді. Қазіргі уақытта аталған отын түрін жеткізу мәселесі – күн тәртібінде және бақылауда. Жалпы, импорттық отынды жеткізу мен тұтыну трендіне оң баға беруге болады, – деді М.Мырзағалиев.