• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қазан, 2021

Қариялар көбейіп келе жатыр

566 рет
көрсетілді

Арагідік халықтың қартаюы туралы айтылып қалады. Аталған проблеманың Еуропа елдеріне тән екендігі жайлы ақпарды көп оқитынбыз, соңғы кезде бұл бізге де қатысты бола бастаған сыңайлы. БҰҰ-ның өзі солай деп мәлімдеген соң сенбеске шараң қалмайды. Халықаралық ұйым 2050 жылға таман Қазақстан халқының саны 24 млн адамға жетеді деп болжайды.

2020 жылы туғаннан бергі өмір ұзақтығы 71,37 жылды құраса, бұл көрсеткіш он жыл бұрын 68,45 жыл болыпты. Бұл орайда сәби және балалар өлімі, жас кезде қайтыс болу деректері ескеріліп отыр. Зейнетке шыққаннан кейін өмір сүру ұзақтығы ерлерде 80 жас болса, әйелдерде – 82 жас. Әрине, осы көрсеткіштердің өзі-ақ елде қарттар үлесінің артқанын аңғартады. 2010 жылы зейнет жасындағы адамдар үлесі 9,9 пайыз болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 11 пайызға жеткен. Керісінше, еңбекке жарамды азаматтар үлесі төмендеген: 2010 жылғы 64 пайыздан 2020 жылы 58,3 пайызға дейін.

«Еңбекке қабілетті бір адамға түсетін демографиялық салмақ та артып келеді. Қазақстан Рес­пуб­ли­касында еңбекке қабі­лет­ті 1 мың азаматқа еңбекке қабілетті жас­тан жоғары және төмен 692 адамнан тиесілі. Мұндай ахуал бүкіл әлемде байқалып отыр» делінген БҰҰ зерттеуінде.

Халықтың қартаю процесінің тым белең алуына байланысты әлем елдері белсенді түрде зейнетақы жүйесінің бөлістіру түрінен жинақтау түріне ауыса бастады. 2019 жылы оның ара қатынасы 53% (жинақтаушы) – 47% (бөлістіруші) болды. 1999 жылы жинақтаушы тип үлесі 31% ғана болғанын ескерсек, соңғы 20 жылда оның үлесі 18%-ға жоға­рылағанын бай­қай­мыз. Қазақстан бөліс­тіруші типтен жинақтаушы жүйеге 1998 жылдан бері біртіндеп ауы­сып келе жатыр. Қазір жүйенің бұл түрі Аустралия, Дания, Шве­ция, Гонконг, Үндістан, Ин­до­незия, Сингапур елдерінде жа­қ­сы нәтиже көрсетіп отыр.

Бө­ліс­тіруші жүйенің заң­ды­лы­ғы бо­йынша зейнеткерге төлем ж­ұ­мыс­шылардың қазіргі табыс­та­ры (бюджетке түскен қазіргі са­лықтар) есебінен беріледі. Өз кезегінде жинақтаушы жүйеде жұмыс істейтін азаматтар жарна төлейді. Бұл жарна қарт адам­дар­дың төлеміне жіберілмей, жинақталып, инвестицияланады. Әрі қарай инвестициялаудан түскен табыспен қосылып жи­нақ жасаған адамдарды зей­нета­қы­мен қамтамасыз етуге бағыт­та­ла­ды.

Экономист Оразбек Мырзақұл елдегі қарттар үлесінің артуы эко­но­микалық өсімнің тұра­ла­уы­на әкеп соқтырады дейді. Оның айтуынша, қартаю процесі инновацияны тежеп, бұл жағдай бюджетке ауырлық түсірмек.

«Қарт кісілер жұмыс істе­мей­ді. Яғни жеке табыс салығы ел қазы­на­сына түспейді. Бұл уақыт­та мем­лекеттің түрлі шығын­дары өсе береді. Күнкөріс деңгейі ха­лық саны артып, еңбекке қабілетті азаматтар көбейген соң барып жақ­сарады. Ішкі жалпы өнімнің көбеюі де осы үдеріске тәуелді. Осы орайда бірқатар сарапшы зейнет жасын ұзарту керек деп айтып жүр. Бұл әр елдің іш­кі-сыртқы жағдайына байланыс­ты. Бізге бұл нұсқа тиімсіз деп білемін. Еңбек ету жасын ұзарта салу бүкіл түйінді тарқатпайды. Одан да адам капиталын арттыру, білім сапасын күшейту сияқ­ты маңызды мәселелерге бас ауырту керек. Меніңше, еңбек жасын ұзартуды – адами капитал сапасын көтеріп, жоғарғы техно­ло­гиялық жетістіктерге же­тіп отыр­ған Жапония сияқты ел­дер қол­дана алады», дейді сарап­шы.

Білім және ғылым министрлігі Ғы­лым комитеті экономика инс­ти­тутының аға ғылыми қыз­мет­­кері Сәуле Қалиева қартаю про­­це­сінің қандай проблемалар туды­ратынын тізбелейді.

«Ең бірінші кезекте жұмыс күшіне деген ұсыныс төмендеп ке­теді. Еңбекке қабілетті адам­дар­ға жүктелетін жұмыс көбейіп, бұл сөзсіз еңбек өнімділігінің сапасына кері әсер етпек. Тұтыну құрылымының өзгеріп, тұтыну шығындарының азаюы – тауарлар мен қызметтер бағасына және инфляция деңгейіне ықпалын ти­гізеді», дейді маман.

Еңбекке жарамды азамат­тар­дың азаюы бір проблема болса, қазақстандықтардың елден кетуі екінші түйткілге айналып тұр. Соңғы уақытта елге белгілі кісі­лердің өзі Қазақстаннан бір­жола кеткені туралы мәлімде­ме­лер де жасай бастады. Бұған қоса жұмыссыздық деңгейі де өсіп жатыр. 2020 жылы елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9% құраған еді. Осыдан біраз уақыт бұрын «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов биыл да осы деңгейді сақтап қалуға тырысамыз деген еді. Солай екен деп қол қусырып оты­ру­ға тағы болмайды. Бұл орай­да экономист негізгі күш Қазақстан демографиясын көте­руге, ел тұрмысын түзеп, білім­ді жастар санын көбейтуге бағыт­тал­уы керек деп санайды.

«Демографияның өсуі еңбек күшінің, тұтыну деңгейінің артуына, инновацияның дамуына әсер етеді. Демография ел­дің эко­номикалық өлшемін анық­тай­д­ы. Кез келген бизнеске бес адамға тауар өндіріп, сатқаннан гөрі 10-20 адамдық нарыққа тауар сатқан ыңғайлы және бизнес өзіне керек адамдарды оңай табады. Ал мемлекет жастарды қалай ынталандыруы керек? Бұл ретте Қытай тәжірибесін айтар едім. Олар жастардың жалақысынан белгілі бір пайызды баспана қорына арнап ұстап отырады. Тура біздегі жеке табыс салығы үшін ақша ұстаған сияқты. Біраз жылдан соң еңбек етуші адам сол қаражатқа баспана сатып ала­ды немесе алғашқы жарна үшін төлейді. Бірақ бұл ретте қорды басқару менеджментінің тиімділігі өте маңызды. Біздегі БЖЗҚ-дағыдай проблемалар болса, мұндай тәжірибе жемісті бола қоймайды. Ол үшін жиналған қорды басқарушы компания ин­вес­­тициялық мақсатта да қол­дан­са болады. Яғни инвес­ти­ция­лық құралдарды пайдаланып қор нарығында, биржаларда қызметтер жасап, ақшаны бел­гілі бір тарапта көбейтіп отыру қажет. Бұл – бірінші жағ­дай. Екін­ші жағдай – мемлекет еңбек нарығындағы проблема­ларды шешсе, білім сапасын арттыру, адами капиталға инвестицияны арттыру, елде ыңғайлы заң орнату, қоғамда әділдік орнату, қысқасы адамдар үшін жақсы орта, жақсы климат қа­лып­тастыратын болса, жастар ертерек үйленуге, көпбалалы болуға ынталанар еді. Сосын елдегі әлеуметтік көмек­тер­ді алу жолы шытырман. Осы нәр­се­лердің барлығын нақты, ашық жүйелесе бұл да бір ынталандырушы фактор болушы еді. Үшінші жағдай – жастарға мүмкіндік беру. Олар өздеріне үй, көлік сатып алатындай, еркін өмір сүре алатындай болу керек. Ол үшін жақсы жалақы керек. Сонымен қатар жұмысшылардың құқығын қорғайтын заңдарды да күшейту аса маңызды» деді экономист.