Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Абылай» драмасы сахналанды. Тарихи қойылым арқылы аталған өнер ошағы сексен алтыншы маусымын ашты. Бұл шығарма жазушының талай жылғы ізденісінің жемісі, зерттеуінің нәтижесі деуге болады. Автор бұған дейін де Төле би, Бауыржан Момышұлы және тағы да басқа тарихи тұлғалар туралы туындылар жазған.
Тарихи қойылым Абылай ханның қалмақ қоңтайшысы Қалдан Сереннің тұтқынында болған кезінен басталады. Қалмақ ханы Абылайды бір апта бойы аштық пен шөл арқылы сынайды. Сонда да қайсар мінезді Абылай бұл қиындыққа төтеп береді. Автор Абылай хан арқылы сол кезеңдегі қазақ халқының басындағы ауыр халді көрсетсе, екінші жағынан ұлттың сертіне берік тектілігін әйгілейді. Бір жұмадан кейін кездескен Абылай хан мен Қалдан Сереннің арасындағы диалог та ерекше өрбиді. Қалмақтың бас ордасына басын имей, кеудесін тік ұстаған күйі кірген Абылай тұтқында отырса да өліспей беріспейтінін айтады. «Мен отыратын орнымды көрмей тұрмын», деп асқақ сөйлейді. Қойылымды қарап отырсақ, қалмақ ханының біртіндеп төменшіктей бергенін көреміз. Азуы алты қарыс Абылай қалмақ ордасында да тұтас ұлттың образын көрсетеді. Абылай ханның бейнесін сомдаған Мәмбет Қожалиев те, Қалдан Сереннің рөлінде ойнаған Жандар Қырықбаев та тарихи тұлғалардың мінез-құлқын, болмыс-бітімін өзіндік ізденістерімен сәтті алып шыққан. Ал өзіне иығын тосқан Момынды Абылай қолтығынан демеп тұрғызып жіберіп, қалмақ ханымен теңдей сөйлеседі. Оған жауының су орнына деп берген тоң майын да ішкізбей, қолын қағып жібереді. Жауының іргесіне ат байламайтын, ауылынан ас ішпейтін қазақтың өзіндік ұстанымын, бүкіл болмысын осы әрекеттерімен-ақ көрсетеді.
Жалпы, «Абылай» драмасы – тарихи оқиғаларға негізделіп жазылған туынды. Автор бұл жерде қазақ пен қалмақ арасындағы қайшылықты дәуірді екі ханның бейнесі арқылы көрсетеді. Сондай-ақ ежелден келе жатқан ақ пен қараның айқасы да бар. Ерлік, қайсарлық сияқты қасиеттерді ашуымен қоса, жағымпаздық, жылпостық, сатқындық сияқты әрекеттерді де сынайды. Мәселен, Қалдан Сереннің шабарманы Әмірсана Абылайға басынғысы келген рай танытып сөйлейді. Әмірсананың әрекетінен ұлыққа жағыну сияқты келеңсіз мінезді байқауға болады. Ал қалмақ ханының тағы бір шабарманы Жалбының бар ойы Топыш ханымда. Қоңтайшы одан қалауы туралы сұрағанда, Жалбы сол сұлу Топышты айтады ғой. Мұнда да әлгі шабарманның хан сарайында елдің мүддесі үшін емес, жеке басының пайдасы үшін ғана жүргенін көруге болады. Әрі бұл оның сахнадағы әрбір әрекетінен білінеді. Бірақ Топыш сияқты сұлуға қол жеткізу оңай емес екен. Жалбыға Қалдан Серен ол үшін Абылайды өлтіру керек екенін айтады. Қалмақ ханы бауыры Шарышты өлтіргені үшін Абылайдан кек алуды ойлайды. Алайда жігерсіз, жасық, қыздың сұлулығына сұқтанғаннан басқа қолынан келетіні жоқ Жалбы айбарлы Абылайды, әрине, өлтіре алмайды. Қылышын қынынан суырғанымен, ол әрекетінен түк шықпайды. Ал Қалдан Серенге асығыс шешім қабылдамауын ескерткен, Абылайдың тегін емес, текті адам екенін айтқан Қарабас ханымның бейнесі де ақылдылықтың белгісіндей көрініс береді.
Негізінен «Абылай» драмасы шытырманға толы. Ендігі бір сәтінде Абылай ханның мырзақамаққа шығып, Қалдан Серенмен жеке сұхбаттасуы сахнаға шығады. Қалмақ тағы да Абылайдан Шарышты неге өлтіргенін сұрап зілденеді. Сонда Абылай: «Әкем Уәлиді, анамды, бауырларымды неге өлтірдіңдер?», деп оған қарсы сұрақ қойып, қалмақты жуасытады. Бұдан кейін қалмақ ханы бірден айбарынан қайтып, Абылай ханның ығына жығыла береді. Содан екеуінің әңгімесі сол кездегі саяси ахуал төңірегінде өрбиді. Әңгіме барысынан Абылай ханның сол уақыттағы әлемдік саясаттан хабардар болғанын аңғаруға болады. Ол орыс пен қытай сияқты алып елдерсіз тұрақтылық пен тыныштыққа жол ашылмайтынын айтады. Бұл әңгіменің де соңғы нүктесін Абылай қояды. Бітім. Ақыры жеңілген Қалдан Серен өз ордасында қарындасы Топыш сұлуды Абылайға бергісі келетінін жеткізеді. Сөйтіп, Абылайдың Топыш ханыммен кездесуі бейнеленеді. Бұдан әрі оқиға шиеленісіп, күрделеніп, ақыры Абылайдың қалмақтарды тас-талқан етіп жеңуімен шегіне жетеді. Әмірсананың аянышты халі, Абылайдың аяғына бас ұрып келуі сияқты көріністерде де Абылайдың даналығы, тектілігі көрінеді. Қойылымның тағы бір күрделі тұсы – Абылай ханның Ресей мен Қытай елшілерін қатар қабылдауы. Олар Абылайдан Әмірсананы өз тұтқындығына беруін сұрағанымен, олардың бұл тілегі орындалмайды. Бұл жерде де Абылай ханның ел басқару ісіндегі саяси қайраткерлігін көруге болады. Күрделі кездесулер, батыл шешімдер, қиын-қыстау кезең аталған қойылымда мұның бәрі көрінеді.
Қазақ әдебиетінің тарихында Абылай хан туралы көптеген шығарма жазылды. Ал Елен Әлімжанның «Абылай» драмасы алдыңғы деректерді қайталамаған. Шығармада автор соғыс жағдайынан гөрі, Абылай ханның болмысын ашуды мақсат еткен. Кейбір шығармаларда Топыш сұлу сатқын ретінде көрінсе, бұл драмада ол ақылды әйел ретінде бейнеленеді. Сондай-ақ режиссер Фархадбек Қанафин де тосын шешімдері және ізденістерімен қойылымның маңызын арттыра түскен. Бұқар жырау жырлары мен Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанынан үзінділер қойылып, шығарма шырайын ашқан деуге болады. Қойылымның қоюшы-суретшісі Қазым Аманқосов, балетмейстер Бақытжан Айманов, музыкамен көркемдеген Мөлдір Барақбаева екенін де айта кеткен жөн. Ал Нұрсұлтан Маханов (Момын), Медеу Ердалиев (Әмірсана), Абзал Дәулетбақов (Жалбы), Әсем Қондыбаева (Топыш), Ризат Қылышбаева (Қарабас ханым), Қымбат Нұрсейітова (Құралай), Қасым Келесбек (орыс елшісі) және Жандос Ілиябеков (қытай елшісі) сынды театр әртістері де тарихи бейнелерді сәтті сомдап шықты. Тәуелсіздіктің мерейтойына арналған бұл қойылымды Абылай ханның азаттық туралы арманын көрсеткен, Абылай бейнесі арқылы тектілік пен даналықты дәріптеген шығарма деуге толық негіз бар.