Глубокое ауданында Қазақстан азаматы ретінде үш жыл зейнетақы алып келген Ресей Федерациясының азаматы анықталды. Бұл заңсыздықты облыстық Полиция департаменті Көші-қон қызметінің инспекторлары анықтады.
Қазақстандықтар басқа елдің азаматтығын алмас бұрын Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығуға тиіс. Ол үшін 30 күн бұрын ішкі істер органдарына басқа мемлекеттің азаматтығын алу туралы хабарлап, жеке куәлігін тапсырулары қажет. Өкінішке қарай, кейбір шығысқазақстандықтар бұл ережені елемейді. Қос азаматтық фактілерінің көбеюі де осы себепті.
Мәселен, 1 қазанда тәртіп сақшылары Қазақстанда тұрып жатқан Қырғыз Республикасының азаматы екі елдің куәлігін қатар пайдаланып келгендігін анықтаған. 28 жастағы жігіттің Семей – Өскемен әуе рейсіне мінер тұста қос азаматтығы барлығы белгілі болған.
Екі елдің азаматтығын қатар арқалап жүру заңға томпақ келгенімен, оның бірқатар тиімді тұстары бар көрінеді. Айталық, карантиндік шектеулер кезінде мемлекеттік шекараларды кедергісіз кесіп өтуге болады. Сондай-ақ төтенше жағдайлар орын ала қалса, шұғыл эммиграция жасауға мүмкіндік береді. Осыны білетін кей азаматтар заңды белден басады.
Ал Ресейде тұрып жатып, Қазақстанның қаражатын қалтаға басу заңға сыймайды. Бұл жағдайды Глубокое ауданындағы Көші-қон қызметінің қызметкерлері әшкерелеген. 4 қазанда Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықпен салыстыру кезінде 19 жыл бұрын Ресей Федерациясының азаматтығын алған аудан орталығының 66 жастағы тұрғыны анықталды. Ер адам 16 жыл бойы ресейлік зейнетақы алып, 2018 жылы зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін Қазақстанның зейнетақысын рәсімдеген. Қазіргі уақытта заңсыз алынған ақша қаражатын қайтару мәселесі қарастырылып жатыр.
– Қазақстан азаматтарының құжаттарын пайдаланғаны үшін шетелдіктер қолданыстағы заңнама бойынша 100 АЕК көлеміндегі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасы азаматы ретінде жеке басын куәландыратын құжаттары алынып, азаматтығынан айырылады, – деді ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.
Биылғы жыл басынан бері ШҚО аумағында тәртіп сақшылары 60-тан астам қос азаматтығы барларды анықтады. Көші-қон қызметінің өкілдері Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, елімізде қос азаматтыққа жол берілмейтіндігін, заң талабын қатаң сақтау керектігін жұртшылыққа мүмкіндігінше ескертіп, айтып жүргендерімен, оны құлақтарына ілмейтіндер аз еместігі анық.