Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бұйрығымен жолаушылар мен жүкті тасымалдау ережелеріне өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, қалааралық автобустарда электронды билет енгізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Электронды билетті қағаз билеттермен қатар қолдануға болады. Бұйрықта электронды құжатты пайдалану тәртібі де жазылған.
«Егер жолаушы электронды жол жүру құжатын (билет) сатып алса, онда автобусқа мінгенде электронды билет немесе жеке басты куәландыратын құжатты көрсету керек. Жеке куәлікті цифрлық құжаттар қызметі арқылы көрсетуге де болады. Ал электронды жол жүру құжаты болса, қағаз билет берілмейді», делінген бұйрықта.
Халықаралық, қалааралық және облысаралық рейстерге жаңа үлгідегі билетті автовокзал, автостанция, жолаушыларға қызмет көрсету пункттері немесе электронды билет сату жүйелері арқылы сатып алуға болады. Жүкті тасымалдау ақысы да солай төленеді. Билет алғанда жеке куәліктің түпнұсқасын немесе цифрлық құжаттар қызметіндегі электронды нұсқасын көрсету керек. Автобусқа мінгенде бақылаушылар барлық құжатты тексереді.
Бұдан бөлек, бұйрықта автобус пен такси жүргізушілеріне қатысты өзгерістер бар. Атап айтқанда, қалааралық автобустардың жүргізушілері рейс алдында және одан кейін медициналық тексерістен өту керек. Ал оның мерзімі рейске дейін және рейстен кейін жарты сағаттан аспауға тиіс. Такси жүргізушілеріне де тура сондай талап қойылып отыр.