Синоптиктер 9-11 қазанға арналған ауа райы болжамын ұсынды, оған сәйкес республикамыздың батысы мен солтүстігінде күн қайта жылынады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ресейдің еуропалық бөлігін құшағына алған қатты антициклон жауын-шашынсыз ауа райын қалыптастырып, еліміздің батысы мен солтүстік-батысына жылы ауаның ығысып келуіне себеп болды. Бұл аймақтарда сынап бағаны күндіз +15 +20 градусқа дейін көтеріледі.
Қазақстанның қалған аумағы төмен қысымды өрістің және онымен байланысты атмосфералық фронттардың әсерінде болады, қар аралас жаңбыр жауады, оңтүстік облыстарда бұршақ түсіп, жел екпіні күшейеді. Республикамыздың солтүстігінде, шығысында, орталығында және оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі деп күтіледі», деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.
Болжам бойынша республикамыздың солтүстігінде, орталығында және шығысында сынап бағаны күндіз +7+15 градустан 0+7 градусқа дейін, оңтүстік облыстарда +3+8 градусқа дейін төмендейді деп күтіледі. Таулы аймақтарда -3 градус үсік жүреді, күндіз +10+15 градус жылы болады.