Волейболдан Өскеменнің «Алтай» әйелдер клубы Таиландта өткен клубтар арасындағы Сары құрлық біріншілігінде жеңімпаз атанды. Бұл – Өскемендік клубтың алғашқы ірі жетістігі.
«Алтай» биылғы Азия біріншілігіне фаворит емес, әдеттегідей аутсайдер ретінде барды. Өйткені қазақстандық клуб бұл турнирде ешқашан үздіктер қатарынан көрінбеген. Тіпті Азия чемпионаты 2017 және 2018 жылдары өз жерімізде, яғни Өскеменде өткен болса да, алтын тұғырдан көріне алмаған еді. Ал биыл барлық қарсыласын қапы қалдырып, Азияның үздік клубы деген мерейлі атаққа ие болды. Жерлестеріміз топтық кезеңде Сары құрлықтың алдыңғы қатарлы клубтарымен шеберлік байқасты. Атап айтар болсақ, «Алтай» іріктеу кезеңінде Филиппиннің «Ребиско», Иранның «Сайпа» және екі дүркін Азия чемпионы Таиландтың «Суприм Чонбури» клубтарымен ойнады. Үш матчта да жерлестеріміз азулы қарсыластарын бірдей есеппен (3:0!) жеңіп, жарысты әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алды.
Сөйтіп шығысқазақстандық волейболшылар топта бірінші орынды иеленіп, ширек финалға жолдама алды. Алайда чемпионаттағы екінші топта үш команда өнер көрсеткен соң (бұл жолғы біріншілікке Иранның бір ғана командасы қатысты), «Алтай» бірден жартылай финалда бақ сынайтын болды. Финалға жолдама беруші бәсекеде «Алтайдың» жолы топтық кезеңде ойнаған Иранның «Сайпа» ұжымымен қайта түйісіп, отандастарымыз бұл жолы да өз мықтылығын дәлелдеді – 3:1
Финалдық бәсекеде қазақстандық командаға жергілікті «Накхон Ратчисама» клубы қарсылас атанды. Бұл ұжым да «Алтай» сияқты өз тарихында алғаш рет клубтық чемпионаттың шешуші кезеңінде ойнау мүмкіндігіне ие болды. Таиландтық клуб топтық кезеңде екі ойын өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Алғаш Филиппиннің «Чоко Мучо» командасынан 3:0 есебімен басым түссе, екінші турда Талдықорғанның «Жетісу» волейболшыларынан айласын асырды. Өте қиын әрі тартысты өткен бәсекеде жарыс иелері 3:2 нәтижесімен жеңіске жетті. Ал ширек финалда Филиппиннің «Ребискосын» 3:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда «Суприм Чонбуриді» жарыс жолынан ығыстырды.
Финалда екі топтың үздіктері жолыққан соң, ойын өте шиеленісті өтті. Дегенмен чемпионатқа жақсы дайындықпен келген «Алтай» шешуші матчта да аянып қалмай, ойынды бірінші нөмірмен бастады. «Ә» дегеннен-ақ қазақстандық команда матч басында 4:0 есебімен алға шықты. Алаң қожайындары бұл алшақтықты 20-шы доп ойынға қосылар сәтте бір ұпайға (10:9) дейін қысқартқан еді. Алайда Өскемен клубы бірінші кезең соңында үш ұпай алға озып, бірінші партияны 25:22 есебімен өз пайдасына шешті.
Екінші сет те өте тартысты өтті. Бірақ бұл кезеңде де «Алтай» ойыншылары ептілік танытып, 25:22 есебі тіркелді. Шешуші үшінші сеттің басында «Накхон Ратчисама» волейболшылары ойынды өз қолдарына алып, 6:1 есебімен алға шықты. Басымдықты одан әрі үдете түскен олар таблодағы көрсеткішті 10:4-ке жеткізді. Ойында бетбұрыс жасамаса, бұл партия қарсыластың еншісіне кететінін аңғарған Марко Гришич шәкірттері көп ұзамай таразы басын теңестірді – 14:14. Есеп теңескен соң «Накхон Ратчисама» ойыншылары психологиялық қысымға ұшырап, жиі қателесе бастады. Қарсыластың қателігін тиімді пайдаланған «Алтай» ойыншылары алғаш рет есепте алға шығып, матч соңында 25:20 (3:0) нәтижесімен жеңіске жетті. Осылайша, «Алтай» Алматының «Рахат» клубынан кейін клубтық Азия чемпионатында жеңіске жеткен екінші қазақстандық клуб атанды. Жанкүйерлердің есінде болса, «Рахат» дәл осы турнирде 2004 және 2007 жылдары топ жарған еді. Биылғы чемпионатта бақ сынаған Талдықорғанның «Жетісуы» бесінші орынға табан тіреді.
Құрлық біріншілігінің чемпионы атанған «Алтай» енді 15-19 желтоқсан аралығында Анкарада (Түркия) халықаралық волейбол федерациясының (FIVB) қамқорлығымен өтетін әйелдер арасындағы клубтық әлем чемпионатына қатысады.
Сонымен қатар Накхон Ратчисама (Таиланд) қаласында волейболдан ерлер арасындағы Азия біріншілігі басталады. Бұл сында Қазақстанның «Буревестник» клубы өнер көрсетеді. Алматының командасы «А» тобында» Таиланд, Шри-Ланка, Ирак және Кувейт командаларымен ойнайды.