• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қазан, 2021

Қарттарды қолдау шараларының қарқыны

515 рет
көрсетілді

Елімізде жыл сайын қазан айының басында Қарттар күні атап өтіледі. Республикада 2 млн 236 мыңнан астам жасы бойынша зейнеткер тұрады. Әрбір азаматтың лайықты қарттығын қамтамасыз ету бойынша қамқорлық – Үкіметтің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттерінің бірі.

Мемлекет зейнетақымен қамсыз­дан­ды­руды жетілдіру бойынша тұрақты не­гіз­де шаралар қабылдауда. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ын­тымақты зейнетақының мөлшері 7%-ға, базалық зейнетақының мөлшері 5%-ға өсті. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-дан 100%-ға дейінгі еңбек өтіліне қарай сараланып белгіленеді. Қазіргі уақытта базалық зей­нетақының ең төменгі мөлшері 18,5 мың теңгені, ең жоғары мөлшері – 39,3 мың теңгені, ал 2021 жылғы 1 қыр­кү­йек­­тегі жағдай бойынша орташа мөл­ше­рі – 31,1 мың теңгені құрайды. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ынтымақты зейнетақының орташа мөлшері 68,8 мың теңгені, ең жоғары мөлшері – 100,6 мың теңгені, ең төменгі мөл­шері 43,3 мың теңгені құрайды.

Сонымен қатар   Nur Otan партиясының «Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі Аға буын азаматтарының жағ­дайын жақсарту жөніндегі 2025 жыл­ға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-ша­ралар жоспарын бекітті. Жоспардың қа­былдануы егде жастағы азаматтарға қоғам өмірінің түрлі салаларына қатысу мүмкіндігін кеңейтуге, сондай-ақ оларды сапалы мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоспардың іске асырылуын бақылауды атал­ған ведомствоның жобалық офисі жүзеге асырады.

«Жоспарға сәйкес еліміздің барлық өңірінде белсенді ұзақ өмір сүру орта­лық­тарын ашу көзделген. Мұндай орта­лықтардың қызметі егде жастағы бел­сен­ді азаматтардың санын көбейтуге, олардың өмір сүру сапасын, әл-ауқатын, денсаулығын және көңіл күй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уа­қытта еліміздің 10 өңірінде: Алматы қа­­ла­сының барлық аудандарында (9 ор­талық), Нұр-Сұлтан және Шымкент қала­ларында, сондай-ақ Ақмола, Жам­был, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 21 ор­талық жұмыс істейді», деп хабарлады ми­нистрліктің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов.

Сонымен қатар Тұңғыш Президент – Ел­басының тапсырмасы бойынша «Қам­қор­лық қоры» корпоративтік қоры елі­міздің әр өңірінде коммуналдық мемле­кет­­тік мекеме нысанында орталықтар ашу­ды жоспарлап отыр.

«Орталықтарды жабдықтармен жаб­дық­тау үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ 510 млн теңге (әрбір орталыққа 30 млн теңге), «Қамқорлық қоры» ма­ман­­­дарды оқыту үшін 85 млн теңге (әр­бір орталыққа 5 млн теңге) сомасында қа­ражат бөледі», деп толықтырды А.Ниязов.

Егде жастағы қазақстандықтарды әлеу­меттік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету. Бүгінгі таңда 45 мыңнан астам қарт азамат АӘҚ-мен қамтылды. Оларға 45 стационарлық үлгідегі ұйымда (ме­ди­циналық-әлеуметтік мекемелерде), 43 жа­ртылай стационарда (күндізгі бөлім­ше­лер және оңалту орталықтары), сон­дай-ақ 357 үйде әлеуметтік көмек көрсету бө­лімшесінде, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 136 ҮЕҰ-да және МЖӘ шеңберінде 4 жеке ұйымда қызмет көрсетіледі.

«Әлеуметтік қызмет көрсету меке­ме­­лері 8 қызмет түрін ұсынады: әлеу­мет­­тік-экономикалық, әлеуметтік-құ­қық­тық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-психологиялық, әлеу­меттік-педагогикалық, әлеуметтік-ме­ди­циналық қызметтер. Әлеуметтік қыз­меткерлер аптасына кемінде 2 рет үйде әлеуметтік көмек алатын қарт адам­дар­ға барады және оларға туындаған әлеуметтік проблемаларын еңсеруі үшін жағдайларды қамтамасыз етуге және оларға басқа азаматтармен тең дәрежеде қоғам өміріне қатысу мүмкіндіктерін құруға бағытталған қызметтер кешенін көр­сетеді», деді А.Ниязов.

Жалпы, ағымдағы жылдың ішінде жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып, бизнестің әлеуметтік жа­уапкершілігі аясында қарт адамдарды әлеуметтік қолдауға 11,9 млрд тең­ге­­ден астам қаражат бағытталды (оның ішінде жергілікті бюджеттен – 11,5 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен – 0,5 млрд теңге), оның ішінде Ұлы Отан со­ғысындағы Жеңіс күніне біржолғы материалдық көмекке – 6,4 млрд теңге (шамамен 115,8 мың адам); азық-түлік жиынтығын ұсынуға – 145,5 млн теңге (31,6 мың адам); жеңілдікпен дәрі-дәр­мек­пен қамтамасыз етуге – 46,6 млн теңге (4 мың адам); тіс протездеу­ге – 229 млн теңге (2,5 мың адам); санаторлық-курорттық емдеуді ұсынуға – 1 млрд 247,8 млн теңге (24,1 мың адам); тұрғын үйді жөндеуге – 39,9 млн теңге (517 адам); отынмен қамтамасыз етуге – 286,5 млн теңге (10,5 мың адам); жалпы пай­да­ланымдағы көлікте жеңілдікпен жол жүруге – 878,0 млн теңге (8 мың адам); көмектің басқа түрлеріне – 2 млрд 667,8 млн теңге (182,5 мың адам).

Қазақстанда Қарттар күніне орай­лас­тырылған айлық басталады. Об­лыстардың, қалалар мен аудан­дар­дың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйым­дар­дың басшылары аға буын азаматтарын әлеу­меттік қолдау жөніндегі іс-ша­ра­лар­ды, еңбек ұжымдарында кезде­су­лерді, амбулаториялық-емханалық ұйым­дар­да Ашық есік күндерін және басқа да шараларды өткізбек.