• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қазан, 2021

Гүлденсе ауыл...

251 рет
көрсетілді

«Ауыл – ел бесігі» жобасының игілігі арқылы өңірдегі шоқ жұл­дыздай шағын ауылдардың шырайы кіріп қалды. Әлеу­меттік және инженерлік инфрақұрылымдар жаң­ғыр­­ты­­лып, өңірлік стандарттау жүйесінің талабына ла­йық­­­та­лд­ы.

Өңірде жобаны тиімді ілгерілету мақсатында 2020 жылға дейін арнайы жоспар-кесте түзілген болатын. 2019-2020 жылдары ауыл ажарын келтіріп, тұрмысын түзеу бағытындағы 75 жоба жүзеге асырылды. Игілікті істің нәти­же­сінде 15 ауылдың 80 мыңға жуық тұрғынының өмір сүру сапасы көп-көрім жақсарды. Ең алдымен бағдарлама шеңберінде ұзындығы 120 шақырым кентішілік жолдарға мұқият жөндеу жұмыстары жүргізіліп, суағарлар орналастырылды. Қазір бұл ауылдардың іші жайнап тұр. Зеренді ауданының Викторовка және Бұланды ауданының Капитоновка ауылдарының 2 мыңнан астам тұрғыны орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Қос ауылдың тұрғындары ұзақ уақыттан бері таза суды тұтына алмай, өкпе-наздарын айтып келген болатын. Тіпті елді мекендерден кейбір тұрғындардың үдере көшуіне себеп болып отырған осы мәселе еді. Жаңа жобаның жақсылық шарапатымен көптен бері тұрғындарды мазалаған жайт бір мезетте шешілді. Астраханка ауылында инженерлік желілері бар қазандық, Аршалы кентінде бір мезетте 80-нен астам адамды қабылдайтын бассейні бар дене шынықтыру-са­уықтыру кешені салынды. Оған қоса, көшелерді жарықтандыруға көңіл бө­лінді. Басқа да бірқатар нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бір айта кетерлігі, қыруар шаруа қолға алынған кезде 900-ге жуық ауыл тұрғыны уақытша болса да жұмысқа орналасып, табыс тапты. Жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері 48 адамға тұрақты жұмыс орны табылды. Екі қолға бір күрек таба алмай отыратын ауыл тұрғындары үшін осының өзі демеу.

Биыл ел тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында 27 елді мекенде 77 жобаны жүзеге асыруға бюджеттен қаражат бөлінді. Осы арада өткен жылдармен салыстырғанда қаражат көлемінің ед­әуір қомақты екенін, жобалар мен игі­лікке ие болатын ауылдардың саны көбейе түскенін айта кеткен жөн. 14 жоба бойынша жоспарланған жұмыс толық аяқталды. Осы орайда, облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылын орталықтандырылған жылумен жабдықтайтын желі салынып, Мәдениет пен Егіндікөл ауылдарындағы жолдар орташа жөндеуден өткізілді. Жақсы ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілсе, Лозовое ауылындағы жол жөнделді. Новоселовка ауылында да дәл осындай жағымды жаңалық бар.

Атбасар ауданының Бастау ауылында жастар орталығы, Жақсы мен Ақкөл ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Бурабай ауданының Мә­дениет ауылында спорт кешенінің құ­рылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Сандықтау ауданының Балкашино ауылындағы стадионды қайта жөндеуде.

Жоба ауыл тұрғындарының тұрмы­сының жақсаруына септігін тигізіп отыр. Егер осындай жанашырлықпен барша ауыл гүлденсе, ел еңсесі елден ерек биіктей беретіні сөзсіз. Ауыл адамдары да мемлекет қамқорлығын жан жүректерімен сезініп отыр.