Биыл өңірге жылу беру маусымына 40 млрд теңге қаражат бөлінгенімен, түйткіл аз емес. Елді мекендердегі бірнеше қазандық әлі күнге дайын емес. Бірқатар аудандар дайындық кестесінен кейін қалды. Отын қорын жинақтауда да алаңдаушылық туғызатын жайт бар.
Күз ерте түсті. Әрі салқын. Облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің суып кетуіне байланысты жылу беру маусымы 22 қыркүйекте басталды. Дәл осы кезде жылу беру жүйесіндегі орын алып отырған олқылықтар белгілі болды. Қаланың екі шағын ауданы, бірнеше әлеуметтік-тұрмыстық нысандар жылусыз қалды. Орталық жылу желісіне жылу берілгенімен, аула ішіндегі тарату желілерінде ақау бар екені анықталды. Ең бастысы, желіде қысым жоқ. Бұл жайтты қала әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаров былайша түсіндірді:
– Орталық жылу жүйесі арқылы жылу берілгенімен, қуаттың барлық тұтынушыға жетпейтіні белгілі болып отыр. Сондықтан қосымша жылу магистралін салу қолға алынды. Құрылыс монтаж жұмыстары қазан айының 4-і күні ғана аяқталды. Бұл жұмысты кеш бастаған себебіміз, шеңбері мың миллиметр болатын құбыр дайындау үшін ресейлік кәсіпорынға тапсырыс берген болатынбыз, сол құбыр кеш келді, – дейді ол.
Айтса айтқандай, соңғы жылдары құрылысы қарқын алған облыс орталығында жаңадан салынып жатқан ғимарат көп. Осы арада Көкштаудың еліміздегі жылу электр орталығы жоқ жалғыз қала екенін тағы еске сала кетсек, артық болмас еді. Құрылыстың көбейгенін көрген қала тұрғындары көне қазандықтың шамасы жете ме, жетпей ме деп күмәнданып отыр. Қазір жылу кеш берілген екі шағын аудандағы жылу тұрғындар көңілінен шығатын емес. Кейбір пәтерлердегі температура 15º С шамасында ғана. Жылудың берілу жүйесіндегі жылу жақсы болғанымен, қайту жүйесінен кінәрат табылып, айналым жақсармай тұр.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаевтың айтуына қарағанда, биыл жылу беру маусымына тиянақты дайындалу үшін 40 млрд теңге қаражат бөлінген. Оқырманға түсінікті болу үшін 2019 жылы осы мақсатқа 32 млрд, 2020 жылы 37 млрд теңге бөлінгенін айта кетсек те болар. Жыл сайын қыруар қаражат бөлінгенімен, облыс орталығын жылумен қамтамасыз ететін, кейбіреуінің салынғанына жарты ғасырға жуық уақыт өткен ескі жүйенің кем-кетігі жөнделіп бітер емес. Жылумен жабдықтау саласын жаңғыртуға және жөндеу жұмыстарын жүйелі жүргізуге, отын қорын жинақтауға 13 млрд теңге қаражат қарастырылыпты. Биыл облыстың 7 елді мекеніндегі жылу көздері мен жылу желілерін жаңғырту және салу бағытында 13 жоба қолға алынса, оның бесеуі облыс орталығындағы жылу желілерін қайта жаңғыртуға бағытталған. Осы жобалардың аясында қосымша 21 көппәтерлі тұрғын үй, 189 жекеменшік үй, 22 әкімшілік нысан жылу жүйесіне қосылып отыр. Мемлекет тарапынан мол қамқорлық жасалып, қыруар қаржы бөлінсе де өңірдегі 664 қазандықтың бесеуі әлі күнге кешеуілдеуде.
Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласындағы, Бурабай кентіндегі, Атбасар қаласындағы қазандықтар уақтылы жөнделмей, Аршалы кентінің магистралды желілерінің ағымдағы жөндеуі, Зеренді ауылындағы жаңа блокты-модульдік қазандықтан бастап, жалпы ұзындығы 2,9 шақырымды құрайтын желінің жұмыстары кешеуілдетілуде. Есіл қаласындағы Мырзашаев, Гагарин, Абай, Мир көшелері бойындағы жылумен жабдықтау желілерінде тиісті қысымның болмауы да күрделі мәселеге айналған сыңайлы. Степногорск жылу электр орталығының жөндеу жұмыстары 82,4 пайызға орындалған.
Облыстың кейбір ауданында отын қорын дайындау мәселесіне мұқият назар аударып, дайындық жұмыстарын ширата түсу қажет. Айталық, Атбасар ауданында – 85, Ерейментау, Есіл аудандарында – 80, Көкшетау қаласында 75 пайызға жетер-жетпес отын қоры бар.
Өңір тұрғындарына шамамен 662 мың тонна көмір қажет болса, оның жартысы ғана қамтамасыз етілген. Қазір көмір сататын орындарда ұзын-сонар кезек пайда бола бастады. Тұтынушылар орташа бағасы 13 200 теңге тұратын көмірдің сапасына наразы. Ішінде топырақ та, тас та кезігіп жатады. Жылу беру маусымын ойдағыдай өткізу үшін өңірге 42 мың тонна мазут қажет. Бұл отынның әр тоннасы 100 мың теңге шамасында. Егер жол шығынын қоса есептесеңіз, әр тоннасы 113 мың теңгеден айналады.
Электрмен жабдықтау желілерін жаңғырту біршама тәуір. Осы жылдың алғашқы 8 айында 1,7 млрд теңге қаражат игеріліп, 2 мың шақырымнан асатын электр желілері жөнделді. Бұл – жоспардың 87 пайызы.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, берешек жайы. Үстіміздегі жылдың 17 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста жылу, электр, сумен жабдықтау қызметтеріне дебиторлық берешек 1 млрд 736 млн теңгеге жеткен. Оның ішінде мерзімі өткен берешектің көлемі – 669,3 млн теңге. Ағымдағы берешектің өзі 1 млрд 67 млн теңгені құрап отыр. Демек, қызмет көрсетушілер дебиторлық берешекті өндіріп алу жайын қарастырулары қажет.
Қыстың қатал сыншы екендігін қаперімізден шығармау керек. Ерте қамдансақ, қапы қалмас едік.