Қара шаңырақ – қазақтың қacтеpлі, қacиетті үйі. Оны «үлкен үй» деп те ерекше құрметтейді. Студент кезімізде ауылға келгенімізде шешеміз: «Үлкен үйге барып, сәлем беріп кел, қарағым. Ол – көргендіктің, білгендіктің белгісі», деп ескертіп отыратын. Ауыл ішінде, ағайындар арасында ертеден келе жатқан сондай бір жақсы дәстүр бар болатын.
Қазақ шаңырағында ежелден әуелі әке, сосын ана отбасының тәрбиешісі, алғашқы ұстазы болған. Ата-анасы отбасында имандылыққа тәрбиелесе, ол бала тіл алғыш, адал, ізетті, үлкен-кішіге қамқор болып өседі. Адамгершілік қасиет отбасы мүшелерінің бірін-бірі сыйлауынан, қадірлеуінен, әсіресе, баланың қартайған әке-шешелеріне қамқор болуынан көрінеді. Үлкен балалары отау тігіп, бөлек шыққанда ең кенже ұл әдетте ата-анасымен бірге қалады. «Қара шаңырақ» деп атайтын әкенің үйіне болашақта сол ұл ие болып, қарттарды бағып-қағатын көне салт бүгінгі қазақ отбасыларында да сақталған. Ал үлкендері үйленіп, үй болысымен еншілерін алып, бөлек шыққан. Жасы кіші болса да кенже иеленген «үлкен үй» басқа жасы үлкен туыстары үшін де қадірлі, қасиетті үй саналған. Әкесі бар кезінде де немесе ол қайтыс болғаннан кейін де осы үй «қара шаңырақ» атауын жоғалтпайды. Әке-шешені асырау кенже ұлдың міндеті болып саналады. Бірақ бұл басқа ұл-қыздарын ата-анасының алдындағы жауапкершіліктен еш босатпайды.
Ертеде, ел арасында сақталған дәстүр бойынша «қара шаңырақ» батыр, би, әулие, білімді, молда, сыйлы кісілердің үйі болса, онда сол ауылдың адамдары алыс сапарға шықса немесе алыстан адам келсе, міндетті түрде сол үйден ырымдап дәм татқан, тәу етіп, батасын алған. «Үлкен үй» – бір атаның, бір рудың сыйлы, құрмет тұтатын үлкен шаңырағы болғанын тарихтан білеміз.
Қара шаңырақты ұстап қалған ұл мен келін басқалардың ілтипатына ие болған. Қазақтың «Би болмаса да, би түсетін үй болсын» деген аталы сөзі осы «үлкен үйге» бағышталған болуы керек. Айтулы мереке күндері ағайын-туыстар алтын діңгек «үлкен үйге» сәлем бере барып, дастарқандас болып, дәм татуды парыз санаған. Өкінішке қарай, бабаларымыздан жеткен сол қастерлі ұлттық дәстүр, шаңырақты сыйлау, қадірлеу уақыт келе бұлыңғырланып, кей жерде мүлдем ұмыт қалып бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Баз біреулер оны ескіліктің қалдығы, ескінің сарқыты, басқа шаңырақты орынсыз құрметтеуі, жөнсіз жоғары қоюы деп ұғады.
Тәуелсіздіктің арқасында бүгінде «Шаңырағымыз биік, керегеміз кең, еңселі елміз» деп ауыз толтыра әлемге жар салып, мерейіміз өсіп жатқаны бар. Бірақ қоғамда «әттеген-ай» дегізіп тұрған жайттар әлі де аз емес. Бар өңірде ұлттық мақтанышымызға айналған ата дәстүрлеріміз, ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырып, өмірімізге әлі де батыл ене қойған жоқ. Әлі де жалтақтық, енжарлық, масылдық, бодандық мінез соңғы кезге дейін көбіміздің мысымызды басып тұрғанын жасыра алмаймыз.
Қара шаңырақ. Осы бір жаныңа жылу беретін аталы сөзге, киелі ұғымға қазақы болмысымызды, ұлттық құндылығымызды, парасат-пайымымызды түгел сыйғызып тұрған асыл дәстүрімізді қазіргі жастар қалай ұғып жүр? Үйдің ең соңғы ұлын «кенже», «сүт кенже» дейді қазақ. Әкеден қалатын қара шаңырақ бар мал-мүлкімен кенженің иелігіне өтеді. Басқа ұлдар еншісін алып, бөлек кетеді. Бұл – Ұлы даланы дүбірлеткен бабаларымыздың жазылмаған заңы. Бүгіндері, әттең, уақыт өте ұмыт қалып барады сол дәстүр. Ауылды тастап, орынды-орынсыз, нәпақа табу мақсатымен, яғни күн көру жолын іздеп, жаппай дүрліге қалаға ағылдық, сөйттік те урбандану ағымына ілесіп, бірер жылда «қалалық» болып шыға келдік. Ауылда ата-әжеміздің алақанының жылы табы қалған, бір кезде берекелі, мерекелі ата-бабамыздың шаңырағы, қадірлі үйі қаңырап иесіз, жапанда жалғыз қалды. Тіпті уақыт ырқына көніп, келе-келе олар да «қартайып», тозып, күйреп, бұзылып, шаңырақтары ортасына түскендері де бар. Туған ауылыңа әлде бір себептермен жол түсіп бара қалсаң, ат байлар, түсер үй таппай қиналатын кездерің де болады. Әрине, бұл – көңілге қаяу түсіретін, жүректі сыздатар өкінішке толы ауыр жайт.
Қазір өздерін «жаңа қазақпыз» деп, кеуделерін соғып жүрген, бойында ұлттық рухы, намысы жоқ жандар үшін қай елде, қай қалада тұру сөз емес сияқты. Олар: «Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Сондықтан оны қиналмай, молшылыққа батып жүріп өткізу керек. Ол қай жерде, қай мемлекетте орындалса – сол сенің Отаның», деп көкиді, шіркіндер. Сол пақырлар туған жердің топырағынан тамыры үзіліп қалғанын, болашағы немен аяқталатынын білмейді, тіпті білгісі де келмейді. Бір күні қызықты өтсе, қалтасы қалың, тамағы тоқ болса сонысына мәз. Заман көшіне ілесе алмай пейілдері тарылып, халық қаржысын жымқырып, былыққа батып, ақыры бас сауғалап, «қыр» асып кеткен қанша «жаңа қазақты» білеміз?! Тек өз бас пайдасын күйттеп, туған елден безіп жүрген алаяқтар жетіп жатыр бұл күнде. Елдің қарғысын арқалаған олар өздерін бақытты сезіне ме екен. Қайдам...
Ақын досым, марқұм Нарша Қашағанов туған жеріне арнаған жыр жолдарында:
«Сенде жатыр бабаларым ақылды,
Сәл ұзасам, солар мені шақырды.
Ұшқан ұям өзің едің алғашқы,
Қонар жерім сен
боларсың ақырғы»,
деп жырлайды.
Иә, кез келген адамның бойындағы ерекше қасиет ананың ақ сүтімен бірге туған жердің киелі топырағынан, шипалы ауасы мен таза суымен сіңеді. Адамның табиғаты туған топырағына тартып тұратыны сондықтан болу керек, сірә. Бұл – кіндік қанымыз тамған топырақтың, туған жердің тылсым сырға толы құдіреті екенін мойындауымыз керек.
Туған жерінің әсем табиғатын, киелі топырағын, тынысыңды аша түсетін саф ауасын, сусыныңды қандыратын мөлдір суын, тай-құлындай тебісіп бірге өскен замандастарын сағынбайтын қазақ жоқ шығар, тегі. Менің ойымша, алыстағы ағайынмен үздіксіз хабарласып, қайғысына да, қуанышына да ортақтасып жүретін, туысқанға адал, береке-бірліктің дәнекері – бауырмалдық сезімінен айырылмаған халық – қазақ халқы десек қателеспейміз. Ол – қазақтың қанына сіңген ерен қасиет.
Қара шаңырақ ұғымының тереңінде тұтастай ұлт тағдыры жатқан тәрізді. Сондықтан болар, кейбір өңірлерде, қалаларда (мысалы, Нұр-Сұлтанда) «Қара шаңырақ» жобасы жасалып, көпшілікке қызмет етуде.
«Қара шаңырақ» жобасының мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын кемел, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу, ұлттық тәлім-тәрбие негіздерін, мемлекеттік идеяның негізі болып отырған патриотизмді насихаттау, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларды қайта жаңғыртып, жас ұрпақ санасына сіңіру.
Міндеті – мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу; қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеу рухында жастардың ұлттық зияткерлік мінез-құлқын қалыптастыру; бүгінгі қазақ елінің индустриялық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін жоғары парасатты ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу; білім және мәдени-рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету; қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру. Сондықтан «Қара шаңырақ» жобасы әр өңірде қанат жайып, халыққа пайдалы қызмет атқарса жөн болар еді.
Жыр майталманы Мағжан Жұмабаев: «Көп түрік енші алып, тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?», деп толғанған екен. Түркі әлемі бұл күндері Қазақстанды өздерінің қара шаңырағы деп мойындап отыр. Әсіресе әлемнің 40-тай мемлекетін мекендеп отырған қандастарымыз қазақ елін құт мекеніміз, арқа сүйер қара шаңырағымыз деп біледі, оның жетістіктеріне масаттанады, таза ниетпен шүкіршілік етеді. Ұлтты сақтайтын – құнарлы ана тіліміз, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық өнер мен өнегеміз. Шынында да отбасымыз мерейлі, қасиетті қара шаңырағымыз мықты болса, Отанымыз мызғымайды, ел тозбайды. Қара шаңырақ – әр саналы жанның сүйеніші, тіреніші, қазынасы, киесі. Лайым, қара шаңырағымыздың, егеменді еліміздің іргесі сөгілмесін!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы
ТАРАЗ