Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде белгілі қазақстандық мүсінші Исаак Иткиндтің туғанына 150 жыл толуына (1871-1969) арналған «Таңырқаған жиһангер» атты мерейтойлық көрме ашылды.
Дарынды шебердің өмір жолын рухани тұрақтылықтың жарқын мысалы әрі cаф өнерге шексіз қызмет етудің нәзира үлгісі деп атар едік. Себебі Иткинд өнерді өмір деп білді. Ол өзінің ұзақ шығармашылық жолында 150-ден астам іргелі туындыны қалыптаған болса, олардың елуден астамы ғана бұзылмай бүгінге жеткен. Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің қорында мүсіншінің 19 шығармасы сақтаулы.
Өмірі арпалысқа толы шығармашылық иесінің табанды еңбегі мен тынымсыз ізденісі бірден жеміс берген жоқ. Иткиндтің еңбегі 1960 жылдары, оның өмірінің соңғы жылдарында ғана еленіп, 1968 жылы оған Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілді. Ол 1969 жылы шығармашылығының жарқын кезеңдері өткен Алматыда мәңгілікке дамыл тапты.
– Орыстың ұлы ақыны Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуына арналған 1937 жылғы Бүкілодақтық байқауда Иткиндтің «Хал үстіндегі Пушкин» композициясы үздік деп танылды. Мүсінші В.Маяковский, С.Есенин, М.Горький, А.Толстой, С.Коненков сынды кеңес мәдениетінің көрнекті қайраткерлерімен дос болып, араласты. Иткиндтің шеберханасына С.Киров келіп тұрды. 1938 жылы И.Иткиндке тыңшы деген айып тағылып, 10 жылға түрме жазасы кесілді. Мүсінші Алматыға келгенде, жасы 66-да болатын. 1944 жылы оның шығармашылығын құрмет тұтатындардың сұрауымен ол лагерьден Алматыға ауыстырылды. 1930-жылдардың аяғынан 1960-жылдарға дейін Иткиндтің шығармашылығы КСРО-да ұмыт қалдырылды. Дегенмен түрмеде өткен жылдар оны қайыстыра алмады, қиындықтар мен «халық жауы» деген жаман атқа қарамастан, ол жұмыс істей берді. Мүсіншінің ең жақсы көретін материалы ағаш болатын. Ол өзінің ең тәуір деген шығармаларын ағаштан жасады. Шебердің композициялары орындау шеберлігімен, әсемдігімен және образдардың философиялық тереңдігімен дараланады, – дейді Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ Қазақстан бейнелеу өнері бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, өнертанушы Ә.Жадайбаев.
Шебердің шығармалары Ресей, Израиль және Қазақстанда өткен көрмелерге қойылды. И.Иткиндтің бүкіл шығармашылығы адам махаббаты мен ондағы жоғары рухани принципті анықтауға деген ұмтылыспен ұштасады. «Таңырқаған жиһангер» деп өзінің замандасы, жазушы Ю.Домбровский айтқандай, ол өз жұмыстарында уақыт пен кеңістікте мәңгілік қуаныш пен сұлулық үстемдік ететін мінсіз әлемді іздеп өтті.