• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2010

“БАУКЕҢ ЖҰЛДЫЗДЫ БОЛҒАН КҮН – ҚАЗАҚТЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНҒАН КҮН”

1258 рет
көрсетілді

Кеше бір ғажайып кеш өтті. Астанада. Президенттік мәдениет орталығында. Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналды. Елдіктің өзінше бір өнегелі көрінісі болды ол кеш. Алдымен сахна төріне еліміздің Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед көтерілді. Өзіне тән шешендікпен төгілдіре сөйлеген Мұхтар Абрарұлы аз уақыттың аясында аты аңызға айналған халық батырының биік бейнесін көркем сөзбен сомдап, терең оймен саралап шықты. Сәулебек Асыл­­хан­ұлының режиссерлығымен өрілген бұл кеште Е.Шүкіманов, Д.Әркенов, А.Исатаева, М.Байнешов, Г.Бөкейханқызы, А.Елшібаева, А.Үлкенбаева, Ж.Шыбықбаев, Т.Асар сияқты әншілер мен күйшілер өнер көрсетсе, Б.Әбділ­манов, С.Әбікеева, Ж.Шоқпанова, Ж.Мұсаев сынды актерлер Бауыр­жан Момыш­ұлы шығармаларынан үзінділерді жан-жүректі үзілдіре оқыды. Экраннан Баукеңнің қыран келбеті көрініп, дүрілдей шығатын дара дауысы естілді. Кеште халқымыздың қадірменді перзенті, Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков елдің есінде қалатындай, ескірмейтін сөз сөйледі. Мырзекеңнің кешегі сол сөзі залға лық толы жиналған Астана жұртшылығының ғана игілігіне қия салатын әңгіме емес. Солай екендігіне барша оқырман қауымның да көзі жетеді деп ойлаймыз. Азаматты осылай ардақтау керек. “Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде” деген екен Бауыржан атамыз. Қазақ Баукеңнің қадірін қай кезде де білген. Қазір тіпті ерекше біледі. Кешегі кеш соның куәсі. Сонымен, Бауыржан Момышұлының ғасырлық тойының сәнді де мәнді шеруі Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қар­саңында елордада жалғасты. Жарасымды жалғасты. Баукеңнің тойы – бүкіл қазақтың тойы. Ұзақ тарихымыздың қай белесінде де хал­қы­мыздың абыройын өсіріп, ұлттың мақтаны­шына айналған даналар аз болмаған. Елім деп еңіреген түкті жүрек, мықты білек ұлдар­дың да; елдің, жердің амандығын, бауыр­дың бүтіндігін көксеген басалқалы билердің де; жалын атқан жырымен, жүрекжарды сырымен баураған от ауызды, орақ тілді абыз ақындардың да талайы­ның атын атай аламыз. Ұлттың мерейін асқақ­та­тып өсірген, келер ұрпақты күнес биік, мұзарт шыңдарға шақырып тұратын халықтың жақсысы мен жайсаңын біз қашанда мақтаныш тұтамыз. Сондай бір мақтанышымыз – Бауыржан Момышұлының өнегелі, отты өмірі. Мынадай бір тарихи оқиға есіме түсіп отыр. 1990 жыл еді. Баукеңнің 80 жылдығы. Ағамыз дүниеден өткен кез. Колбин қызметтен кетіп жат­ты. Құдай тілеуімізді беріп, Орталық партия коми­тетінің бірінші хатшысы болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Өзбекәлі Жәні­беков – Орталық партия комитетінің идео­ло­гия жөніндегі хатшысы, ал мен идеоло­гия бөлімінің меңгерушісімін. Өзағаң екеуміз, биыл Баукеңнің 80 жылдығы, мүмкін арма­нымыз осы жолы орындалар ма екен, Бауыр­жан аға тақпа­ған жұлдызды халқы тағар ма екен деп ақыл­дасып, ұсыныспен Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Назар­баев­қа кірдік. Бұл ұсынысымызды Нұрекең қабыл алды. Жер-жерден құжаттар іздестірдік. Баукеңді бұрын да орыс қолбасшылары талай рет Батыр атағына ұсынған екен. Нұрсұлтан Әбішұлы Мәскеуге барған сайын, Горбачевқа кіріп осы мә­се­лені көтерумен болды. Ақыры Баукеңе Кеңес­тер Одағының Батыры атағы берілді. Қуанышымызда шек болған жоқ. Баукеңе Кеңес Одағының Батыры атағы берілген күні батыр­дың отбасына жолдаған жеделхатында Елбасы­мыз: “Баукең жұлдызды болған күн – қазақтың жұлдызы жанған күн”, деп айшықты айтқан еді. Тарихымыздың тап сондай жұлдызды сәтінде жүрегіміз жарыла қуанған едік. Өйткені қазақ сол күнді, сол сағатты жарты ғасыр бойына сағына күткен болатын. Екіталай кезеңде ерлігімен даңқы асқан жас қазақ офицерінің атын жеңістер шежіре­сінің алғашқы беті жазылмай жатып-ақ, жалпақ далаға жария қылған еді. Сөйтіп оның батыр­лығына әлем таңдай қаққан еді. Қатар­дағы батальон коман­дирінің қаһарманды­ғының тең­десі жоқ еді. Қан майданда жұлдызды сағаты туған Бауыржанның кейін де абырой биігі бір сәт те аласарып көрген жоқ. Баукеңнің жұл­дыз­ды сағаты нағыз жұлдызды ғұмырға, жұлдызды дәуренге, тек бір кісі үшін ғана емес, бүкіл ұлт үшін жұлдызды дәуір, жұлдызды ғасырға ұласты. Содан бері қазақ деген сөз Бауыр­жан атымен қосақтаса айтылып, Бауыржан деген сөз қазақ деген сөздің ең ұлы, ең терең, ең асқақ баламасына айналды. Сол жылдары жас қазақ ақынының жан жүректі жарып шыққан: Жатса да алыс алабұртып қан майдан, Есіміңді есітеміз шалғайдан. Сен сүйетін Сарыарқадан самалды, Жетісудан сені тосып сарғайған. Құлдық! – дейміз  батыр деген даңқыңа, сені туған қалың қазақ халқына. Қуанамыз ерлігіңе, ағажан, Дақ салмаған дана баба даңқына, – деген жалынды шумақтары ерлік дастанына жалғасты. Дүниенің түкпір-түкпіріндегі оқыр­мандар Александр Бектің әлем тілдеріне аудары­лып, миллиондаған тиражбен басылып шыққан “Арпа­лыс” кітабын оқу арқылы бір Бауыржанды танып қана қоймай, бүкіл қазақ халқының ерлік сипатын, дархан мінезін тани түсті. Оқып қана қойған жоқ, екі көзі оттай жанған, алмас қылыштай жарқыл­даған жас құдіреттің – жас қазақ офицерінің сымбатына да қызыға қарады. Сондай күллі әлем түгел білген, түгел сүйсінген асыл азаматтың еңбегі мен ерлігі еленбегені, ескерілмегені әрбір жүрек­ті жаралағаны, әрбір сананы шайқағаны айтпаса да түсінікті еді. Бауыржан арғы-бергіде талай мерейленген халқымыздың биік мерейі, нұрлы шырағы еді. Сонымен қоса оның тәкап­пар басын бір сәт те игізбегенмен, ет жүрегін талай сыздатқан көпе-көрінеу әділет­сіз­дік – талай жерде у жұтқан қасіреті мол халқымыз­дың жүрегіне мықтап байланған шер-шемен болатын. Бұлай ойлайтын тек біз ғана емес едік. “Да и кто мог подумать, что легендарный комбат-панфиловец, державший оборону у стен Москвы, на Волоколамском шоссе, Бауыржан Момыш-улы, чей колоритный образ так ярко выписан Александром Беком, уничтоживший вместе со своим батальоном в боях у деревни Горюны и железнодорожной станции Матре­ни­но около 600 фашистов, - никогда не носил такого высокого звания. В народной молве – и не только у казахов – у русских, украинцев, других – он всегда был и оставался Героем. Жил, воевал, умер Героем. Непризнанным при жизни, но настоящим”, - деп жазылды “Извес­тия” газетіндегі “Неторопливое признание” атты мақалада. Айтса айтқандай емес пе, бұлай деп кім ойлаған... Зады, көрмегені жоқ көнбіс халқымыздың ұзына-ұзақ тарихи жолында “бұлай болады деп кім ойлаған” дегізбей қоймайтын өкінішті нәрселер көп-ақ. Жаңа заманға енді жетіп, ел қатарлы еңсе көтереміз, гүлденеміз, көркейеміз деп отырған бейбіт күнде, айдың-күннің аманын­да алапат ашаршылыққа ұрынып, халық­тың жартысына жуығы қырылып қалады деп кім ойлаған... Халқым деп зар илеген асыл ағаларымыз өз халқының жауы аталады деп кім ойлаған... Қиын қыстау кезеңде қиыр-қиырдан көшіп келгендердің қайсыбірінің ес жиып, етек жапқан соң “жер де менікі, төр де менікі” деп шыға келетінін кім болжаған... Сол сияқты ерлігі бүкіл елге мәлім болып, аты аңызға айнал­­ған Бауыржан Момышұлының батырлы­ғы ресми түрде мойындалмауы мүмкін-ау деп те кезінде кім ойлаған?! Себебі де көп шығар, туралығы, тіктілігі, тектілігі қасиетімен қатар қасіреті де болған Баукеңнің біртуар бітімі, мәрт те морт мінезі өзіне кедергі болмады деп те айта алмаймыз. Қалай дегенде де мұның өзі күні кешеге дейін қазақ халқының асыл перзент­теріне жасалған сан қилы әділетсіздік­тердің бірі еді. Ерлікті жасау да, ер болып өлу де талай азаматтың қолынан келген. Ал ер болып өмір сүре білу, ұзақ ғұмырдың бір сәт, бір сағатында ерлік ғұрпынан айнымай өмір сүре білу тек Баукеңнің ғана қолынан келді. Бұл кез келген ұлттық тарихтан табыла бермес құбылыс еді. Біз Баукеңнің омырауына бәрібір қадалмайтын Алтын Жұлдызды әділеттің бәрібір жеңбей қоймайтындығының даусыз дәлеліндей көріп қуанған болатынбыз. Тағдырдан да, алыс-жақын, дос-жараннан да көл-көсір жақсылықты көп көре бермеген біздің жұртымыз басына іс түскен қай тұста да медетті өз қарымынан, көсемді өз бауырынан тапқан. Халқының басына түскен қарлы қаратау тауқыметті қайыспай көтеріп әкете барар нар тұлғалы азаматтардан ешқашан құр алақан қалып көрген емес. Өйткені ел мүддесін жақтай білмей, ер танылмайды. Ер танылмай тұрып, елі танылмайды. Елінің мерейі өспей тұрып, ерінің мейманасы тасыған емес. Нағыз азамат халқы қайғыдан қан жұтып отырғанда қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып жүре алмайды. Күні кеше ғана көз алдымыздан кеткені­мен, көңілімізден ешқашан кетпейтін асыл Баукеңнің іңгәлап дүниеге келген сәтінен уһі­леп дүниеден өткен сәтіне дейінгі бар ғұмыры – осы айтқандарымыздың айқын дәлелі. Бір ғана Бауыржан емес, сол сұрапыл соғыс­та талай азамат жанкешті ерлік көрсетті, қазақ халқы өзінің қаһармандығын танытты. Талай боздақ қан майданда қалды. Отан үшін от кешіп, қан майданда ерлікпен қаза болған боздақтарымыз аз болған жоқ. Бәрі де шетінен дарынды еді. Даналарды тарих толғатып, аналар туады; Бауыржанды Бауыржан еткен де – өзінің елі, алтын бесігі, елдік пен кеңдікті ұрпақтан ұрпаққа, ғасырдан ғасырға жеткізе білген асыл сүйек, абзал рухты қазақ халқы. Сол халықтың бойындағы бар мінез, бар құлық, бар қасиеті, бар көрік қапысыз тоғысып қанға сіңген бір тұлға болса ол – Бауыржан. Бауыржан – тек бір ұлыстың, бір шаңырақтың сағына күткен перзенті, қуанып көрген қызығы емес, бүкіл бір халықтың жетер мерейі, табар абыройы болды. Ол тарихтың адам айтқысыз қиянатын көрген, төрдегі басы есікке шығып қала жаздаған халқының есікке жеткен басын қайтадан төрге шығарған перзенті. Командир Момышұлы көшпелі жұрттың орашолақтығы жайындағы, көшпелі сананың тайыздығы мен пәтуасыздығы жайындағы көлденең ұғымдарды жоққа шығарды. Әскери қызметтен мезгілсіз босаған офи­церге қалам ұстатқан да сол тарихи жауап­кершілік еді. Кеше өзі көрген, өзі бастан кешкен, өзін тебіренткен, ұрпақ білуге тиісті ащы шындықты, айбынды шындықты дәл өзі секілді қаз-қалпында жеткізе алатын қапысыз куәнің жоқтығын сезінген шынайы азаматтық жауапкершілік еді. Оның кітаптары екінші дүниежүзілік соғыстың қазақ әдебиетіндегі көркем шежіресінің арлы да нәрлі беттеріне, өнеге мектебіне айналды. Халымыздың бағзыдан ақыны – батыр, батыры – ақын болып келетін дәстүрінің үздік үлгісі – Бауыржан Момыш­ұлы. Баукеңнің көркем туындыларын оқып, мақал-мәтелге айналып кеткен қанатты сөз­дерін естіген адам оның қан майданда қол бастаған ерлігінің де, бейбіт күнде халқына еркелеп өткен серілігінің де, мынау ноқталы заманда ештеңеге мойын ілдірмей кеткен ерлігінің де бастау-бұлағы халықтық тәрбиеде, өзі жасынан жаттап өскен батырлық дастандарда, бабалардан қалған бата-тілектерде жатқанына көз жеткізеді. Бауыржан Момышұлы рухани жауапкерші­ліктен тайған емес. Артық дәулет те, дәреже де жиған жоқ. Ел жолында басын, шындық жолында барын тікті. Оны әкім де алдай алмады, жағымпаз да арбай алмады. Қашан да саяқ жүріп, сара сөйледі. Бауыржандай дара тұлғаларды табиғат сирек сыйлайды. Баукең өмір бойы ел махаббатына бөленіп, халқының қадірлісі, аяулысы, еркесі болып өтті. Халқы Баукеңді алақанында аялап, ол жөнінде неше түрлі аңыз-әңгімелер де шығарды, абзал атын ардақтап, есімін ырымдап мың-мыңдаған нәрестелерге қойды. Баукең, сөйтіп, аңыз адамына, бүкіл бір ұлттың мұрат тұтар арман-бейнесіне айналды. Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, – Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде. Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді, – Тарихтың түкпірінен сөз келгенде, – деген шумақты Бауыржан Момышұлы 1947 жылы желтоқсанның 6-сы күні жазған екен. Сонда ғой Баукең отыздың жетісінде ғана. Бұл өз бағасын білген азаматтың сөзі екенін уақыт көрсетіп берді. Біз бүгін, міне, сол жүз жылды­ғын атап отырмыз. Алда қаншама жылдар, қаншама ғасырлар өтсе де, Отаны барда, туған халқы барда Бауыржан Момышұлының аты ұмытылмай, даңқы ғасырлардан ғасырларға жететініне, ерлігі елге аңыз болған күйі ұрпақтан ұрпаққа кететініне еш күмән жоқ. Тәңірден де, тағдырдан да көл-көсір рахым көре қоймаған, алыс-жақынға бірдей аңқылдап, бірдей құшақ ашқан пейіліне сай пейіл таба бермеген халқымыз тарихтың қай кезде де ел жүгін қайыспай көтеріп әкете беретін қатепті қара нардай азаматтарға ешқашан кенде болып көрген жоқ. Шүкір, қазір де кенде емес, осындай асыл азаматтар, ел перзенттері мен көсемдері көш бастап алдымызда да жүр, білек қосысып, тілек қосысып қатарымызда да жүр, лек-легімен соңымыздан да ілесіп келеді. Жүре берсін, ілесе берсін! Жалғаса берсін тіршілік.