Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин су тұтыну көлемін тиімді пайдалануға бағытталған қолданыстағы бақылау жүйесін сақтауға мүмкіндік беретін заңнамалық норманы қолдады, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжілістің жалпы отырысында Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда талқылау барысында депутаттар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Заң жобасынан Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің уәкілетті мемлекеттік органға суды тұтыну мен ысырап ету деректерін ұсыну міндетін көздейтін норманы алып тастау мәселесін көтерді.
Әзірлеуші тізілім субъектілерінің су тұтыну көлемін жыл сайын азайтуды қамтамасыз ету міндетін алып тастауды ұсынады.
Депутаттардың пікірінше, бұл нормаларды қолданыстағы заңнамаға қайтару қажет.
Мәжіліс спикері су тапшылығына алып келетін климаттық өзгерістер жағдайында бұл мәселенің өзектілігін атап өтті.
«Егер министрліктің ұсынысы қабылданса, онда ішкі су тұтыну жүйесінен, басқаша айтқанда, қалалық су арнасы жүйесінен суды тұтынатын мыңдаған өнеркәсіптік кәсіпорындар, коммерциялық және бюджеттік ұйымдар бақылаудан тыс қалады. Бұл дегеніміз қалай, суды ұтымды пайдалану керек пе, жоқ па деген сұрақ ашық қалады. Бұған жол беруге болмайды. Сондықтан заң жобасында су тұтынуды бақылау жүйесі қарастырылуы тиіс», деп атап өтті Нұрлан Нығматулин.
Депутаттардың су тұтынуды бақылаудың қолданыстағы жүйесін сақтау туралы ұсынысын қолдай отырып, Мәжіліс Төрағасы жұмыс тобына екінші оқылымға дейін бұл мәселені заң жобасын әзірлеушілермен пысықтауды тапсырды.
Тұтастай алғанда, заң жобасы жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын төмендету бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында жүргізіліп жатқан саясаттың түпкілікті нәтижесіне қол жеткізуге бағытталған.