Елорда полициясына таңғы сағат 07:20-да бір адамның көпірден секірмек болып тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Куәгер әйелдің айтуынша, киімін шешіп, көпірдің жақтауына таянған бойжеткеннің әрекеті күдік тудырды. Сол арада әйел бойжеткенді әңгімеге тарта бастаған. Осы сәтте оларға жас жігіт жүгіріп келіп, көпірден секірмек болған қызды ұстап үлгерген.
«Мен өзімді керемет батырмын демеймін. Болып жатқан оқиғаны көріп тұрып, дым болмағандай кетіп қала алмадым. Түптеп келгенде өмірдің қандай да бір қиындығына тап болған адамға қол ұшын созу әрбіріміздің парызымыз», дейді 28 жастағы қала тұрғыны.
«Сізге адам өмірін құтқарған белсенді азаматтық әрекетіңіз үшін алғысымды білдіремін», деді елорда полициясының бастығы Ержан Сәденов Елена Курочкина мен Дархан Жақсылықовқа Алғыс хаттарын табыстай отырып.