Қазір көбіміз қаржылық операцияларды онлайн форматта жүзеге асыра бастадық. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ қаупі де қатар ілесе жүреді. Кибералаяқтар адамдардың аңқаулығын пайдаланады, кейде тіпті аса сақ клиенттердің өзін алдап түсіреді. Сондықтан онлайн-банкингті қолданған кезде әрбір қадамға мұқият болу шарт.
Банктер өз клиенттеріне қашықтан қызмет көрсетуді бастағалы бері адамдарды онлайн алдап түсірудің мың айласын тапқан қаржы алаяқтары да белсенді қимылға көшкен. Олар үшін клиент шотынан миллиондаған ақшаны сыпырып алудың өзі түкке тұрмайтын іске айналған. Көп жағдайда алаяқтар жалған сілтеме жіберу арқылы қитұрқы әрекеттерін іске асырып жатады. Әрине, клиенттердің қаражатын сақтау үшін банк барлық шараларды жасап бағады, алайда соңғы сөз бәрібір пайдаланушының өзінде. Олар көп жағдайда банк карточкасының реквизиттерін, кері бетіндегі код нөмірін, SMS-код, пин-кодты «банк қызметкері» болып хабарласқан белгісіз адамға айтамын деп сандарын соғып қалады.
Интернет-алаяқтар көбіне қандай жолмен ақшаны тартып алады? Мәселен, түрлі сайттарда арзан бағада қызметтер мен тауарларды ұсынып, жедел жеткізіп беретінін де айтады. Сөйтіп, клиенттен алдын ала немесе толық төлем талап етеді. Көп жағдайда үшінші адамның шотын беріп, ақшаны соған салуды сұрайды. Төлемді алғаннан кейін тапсырысты орындамайды. Сатып алушы өзімен кімнің байланысқа шыққанын, оның түр-тұлғасын, аты-жөнін білмегендіктен, мұндай жағдайда қылмыскерді ұстау да оңайға соқпайды.
Кейде алаяқтар банк клиенттеріне банктің қауіпсіздік қызметіненбіз деп хабарласып, олардың картасы арқылы қауіпті операциялардың жүргізіліп жатқанын айтады. Олардың картасын бұғатқа түсіріп тастау үшін картаның кері бетіндегі үш санды нөмірді айтуларын сұрайды. Оны біліп алған соң интернет-банкингке жедел қосылып, клиенттің онлайн-шотындағы бүкіл ақшаны жоқ қылады. Клиент картасын емін-еркін пайдалану үшін алаяқтарға картаның нөмірін, қолданушының аты-жөнін, әрекет ету мерзімін, CVC немесе CVV нөмірін білу жеткілікті.
Одан кейінгі тағы бір әрекет – қаржылық алаяқтар қоңырау шалып, SMS жібереді, сол арқылы «сіздің абоненттік нөміріңіз конкурста жеңіп шықты» деп алдайды. Сыйлығыңызды алу үшін жеке деректеріңіз қажет деп, клиенттің интернет-банкингіне қол жеткізу үшін түрлі қосымшаларды жүктеп алуды ұсынады. Сөйтіп, тағы да ақша ұрлауға кіріседі.
Жиі тараған әрекеттердің бірі – олар адамдардың телефонына сілтеме жіберіп, соны толтыруды сұрайды. Клиент әлгі сілтемені басқан кезде автоматты түрде шотындағы ақша ұрлана бастайды. Олар тіпті өз мақсаттары үшін балаларды алдап түсіруден де тайынбайды. Түрлі жолмен баланың сеніміне кіріп, ата-анасының аты-жөнін, ЖСН-ын, өзге де ақпараттарын біліп алып, онлайн-несие рәсімдеу жағдайлары да көптеп кездескен.
Мұндай алаяқтардың арбауына түспес үшін жеке деректеріңізді айтуға әдеттенбеуіңіз қажет, әсіресе картада жазылған нөмірлерге аса сақ болған жөн. Аударымдар туралы түбіртекті, код пен код сөздерді де ешкімге көрсетуге болмайды. Тексерілмеген және күмәнді дерек көздеріне, мысалы, интернеттегі белгісіз адамдарға сенім білдірмеген дұрыс. Ақша мәселесіне байланысты ұсынылған кез келген ақпаратты тексеріңіз, қандай да бір шешім қабылдамас бұрын туған-туыс, дос-жаранмен кеңесу қажет. Ал интернет арқылы қандай да бір тауарды алғыңыз келсе, онда тауар сізге жеткізілмей тұрып төлем жасамаңыз. Сонда ғана оның шын немесе жалған сатушы екеніне көзіңіз жетпек. Түрлі сілтемелерді де баспау керек. Бастыңыз екен, қаржыңыздан айырылдым дей беріңіз. Алаяқтар танымал банк пен маркетплейстердің жалған көшірмесін жасап, сілтеме жіберіп жатады. Сол себепті келіп тұрған сілтеменің атауына, жазылуына мұқият мән беру керек. «Сіз байқауда жеңімпаз атандыңыз» деген де сенуге тұрмайтын хабарлама. Олай айтып хабарласқан адаммен әріқарай сөйлесіп жатудың өзі артық.
Қаржы алаяқтарының құрығына түспес үшін онлайн-банкинг құпия сөзін жиі ауыстырып, вирусқа қарсы бағдарламаны да жиі жаңартып тұрған абзал. Сонымен қатар шотыңыздағы ақшаның қашан, қайда жұмсалғанын да жиі бақылап отырыңыз. Егер интернет арқылы тауар сатып алған болсаңыз, онда құпия кодты ешкімге айтпаңыз. Әдетте ол SMS түрінде келеді.
Мына жағдай да жиі ұшырасады: сіздің шотыңызға ақша түскені туралы банк хабарламасы келеді. Сосын белгісіз адам хабарласып, «ақшаны байқамай жіберіп қойыппын, кері қайтарасыз ба?» дейді. Мұндай кезде оның айтқанын орындауға асықпау керек. Өйткені ақша сізге шын мәнінде түскен жоқ, ал хабарлама – жалған SMS. Мұндайда өз шотыңызды тексеріп, ақшаның шынымен түскен-түспегенін байқаңыз.
Егер сізге «сатып алуды растаңыз» деген хабарлама және код келсе, сосын белгісіз біреу қоңыраулатып «қателесіп сіздің телефон нөмірді көрсетіп жіберіппін, өтініш, кодты айтып жібересіз бе?» деуі мүмкін. Ешқандай жағдайда оның айтқанын істемеңіз. Қылмыскер сіз айтқан код арқылы сіздің шотыңыздағы ақшаны ұрлағысы келеді немесе сізге қажет емес ақылы сервиске тіркеп тастауы мүмкін.
Егер қылмыскер сіздің жеке мәліметтеріңізді пайдаланса, немесе құпия сөзіңізді бұзып кіргісі келсе, не болмаса төлем картаңызды жоғалтып алсаңыз, онда бірден банкке хабарласып, бұл туралы мәлімдеу керек. Банк сіздің картаңызды уақытша бұғаттайды не болмаса картаны жаңадан шығарып береді. Қаржы алаяқтарының оңай жемтігіне айналмас үшін сенімді құпия сөз орнату да өте маңызды. Құпия сөз 12 символдан кем болмауы керек. Құпия сөз қаншалықты ұзақ болған сайын соншалықты сенімді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары интернет арқылы жасалатын алаяқтық үлкен қарқынмен өсе түскен. «Онлайн-қызмет көрсету аясының кеңебіне байланысты интернет-алаяқтық 2,3 есе өсті. Осыған байланысты министрліктегі киберқылмыспен күрес орталығының құрылымында осындай қылмыстарды ашумен айналысатын арнайы топ құрылды. Министрлік шетелдік әріптестерімен және халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтастық орнатуда. Қазақстандық «компьютерлік қылмыстар туралы» еуропалық конвенцияға қосу бойынша шаралар қабылданып жатыр» деген еді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жыл ортасында.
Киберқылмыскерлер жеке адамды былай қойғанда, банктердің өзіне жиі шабуыл жасайды. 2020 жылдың тоғыз айының өзінде елімізде 8,3 мың интернет-алаяқтығы тіркелген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 52,8 пайызға жоғары. Мамандардың айтуынша, әсіресе, әйгілі банктер мен маркетплейстердің жалған көшірмесін жасау тым қатты өріс алған. Яғни сол арқылы клиенттер шотынан қаражат ұрланады. 2018 жылға дейін мұндай фишингтік шабуылдар саны 150-ге де жетпесе, былтыр мұндай қылмыс саны мыңға тақаған.