2021 жылы 4,9 млн тонна дизель отынын өндіру көзделіп отыр. Бұл – 2015 жылдан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Алайда өндіріске Атырау мұнай өңдеу зауытының жыл басында жоспарсыз тоқтап қалуы теріс әсер еткен. Соның салдарынан зауыт соңғы 8 айдың қорытындысы бойынша бекітілген жоспардан 239 мың тонна дизельді аз өндірген.
Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың мәліметінше, осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында дизель өте көп тұтынылды. Тамыз айында 520 мың тонна пайдаланылды. Қыркүйек айындағы көрсеткіш те осы шамада.
Оның сөзінен ұққанымыз, дизельдің көп тұтынылуына Қазақстанның ішкі нарығындағы бағаның төмендігі әсер еткен.
– Дизель бағасының төмендігіне байланысты осы жылдың тамыз айының басынан аталған отын түрінің қоры күрт төмендей бастады. Мәселен, тамыз айының басында біздегі дизель отынының қоры шамамен 250 мың тоннаны құрады. Қыркүйек айының соңына қарай отын қоры 200 мың тонна деңгейінде болды. Импорт жазда 26 мың тоннаны құрады. Ресейден шамамен 500 мың тонна дизель отынын импорттауға мүмкіндік бар екенін ескерсек, 26 мың тонна деген көп емес, – деді Ә.Мағауов.
Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша дизельдің орташа бағасы литріне 188 теңгені құраған. Алайда соңғы уақытта баға 208 теңгеден 330 теңгеге дейін көтерілді. Ал 2019 жылы орташа баға 193 теңгені құраған. 2019-2020 жылдары қысқы дизель отынының бағасы литріне 255-270 теңге аралығында құбылған. Вице-министр жеткізілім жағдайы тұрақталса, баға да қалпына келеді деп сендірді.
– Ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылданды. Мәселен, автомобильмен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынды. Сәуір айынан бастап дизель отынының экспорты тоқтатылды. Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспарлы жөндеуі 2022 жылға ауыстырылды. Атыраудағы зауыт пен «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» серіктестігі қосымша жүктеме алды. Бұл шамамен 29 мың тонна дизель отынына тең. Павлодар мұнай-химия зауыты мұнайды бастапқы өңдеу кешенін жөндеу мерзімін шегерді, – деп нақтылады вице-министр.
Оның айтуынша, кедендік статистика қыркүйек айында импорт 17 мың тоннаға тең болғанын көрсеткен. Ал қазан айының 8 күнінде шекара арқылы 32 мың тонна дизель отыны өткен.
– 11 қазандағы жағдай бойынша дизель отынының жалпы қалдығы 215 мың тоннаға тең. Оның ішінде мұнай базаларында 123,4 мың тонна өнім бар. Қабылданған шараларды, сондай-ақ осы жылдың қазан айында 330 мың тонна көлемінде дизель отынын өндіруді және 80-100 мың тонна көлемінде импорттық жеткізілімдерді ескерсек, ішкі нарықтағы жағдай тұрақталады. Бір ай бұрынғы, яғни 10 қыркүйектегі жағдай бойынша мұнай базаларындағы қалдық 128,3 мың тоннаны құрады. Қазіргі көрсеткішпен шамалас. Бірақ ол уақытта мұндай жоғары сұраныс болған жоқ, – деп түсіндірді Ә.Мағауов.
Осыған байланысты дизель отынының қолда бар қорын жедел мониторингілеу үшін министрлік еліміздегі мұнай базаларын автоматты өлшеуіштермен жабдықтау мәселесін көтеруде. Бұл арқылы жанар-жағармай қалдықтарының деңгейін нақты қадағалауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ ведомство Қаржы министрлігі Қаржылық мониторинг агенттігімен және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, ірі мұнай базаларында дизель отынын өткізуді жасанды шектеу тұрғысынан тексеру жүргізу қажет деп санайды.
Еске сала кетейік, қыркүйек айының соңында еліміздің бірнеше өңірінде дизель отынының тапшылығы байқалып, бағасы күрт өсті. Бұл туралы алғаш болып жүк көлігін жүргізушілер дабыл қақты. Жанар-жағармай құю стансаларында ұзын-сонар кезек қалыптасты.
Ә.Мағауов бензин нарығындағы жағдай тұрақты деп мәлімдеді.
– Қазан айында біз шамамен 304 мың тонна АИ-92 бензинін өндіруді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде Атырау зауытында – 130 мың тонна, Шымкент зауытында – 153 мың тонна, Павлодар мұнай-химия зауытында 20 мың тонна өндіріледі. Айдың басында шамамен 230 мың тонна қалдық бары белгілі болды. Бұл тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруға жеткілікті. Тұтыну көлемі 340 мың тонна деңгейінде бағаланып отыр. Қазан айынан тарықпай өтеміз. Қараша-желтоқсан айларында экспорттық көлем пайда болуы да мүмкін, – деді вице-министр.