Мұнай бағасы соңғы үш жылда болмаған межеге жетті. ICE Futures лондондық биржасындағы Brent маркалы мұнайдың құны 2,03 пайызға қымбаттап, барреліне 84,06 долларға жеткен. Нью-Йорк тауар биржасындағы WTI мұнайының бағасы да барреліне 80,95 долларға өскен. Бұл алдыңғы сессиямен салыстырғанда 1,59 пайызға жоғары.
Сарапшылар мұнай бағасының қымбаттауына қатысты себепті түрлі жағдайдан іздейді. Олардың бірқатары «қара алтын» құнының өсуіне табиғи газдың қымбаттауы әсер етті деп есептейді. Қазір Еуропада газдың бағасы аспандап тұр: 6 қазанда TTF нидерланд хабындағы сауда кезінде газ бағасы мың текше метрге 1900 доллардан асып түсіп, тарихи рекорд жасады. Жалпы, 1 шілдеден бері Еуропада газ бағасы 4 мәрте қымбаттаған. Осыдан келіп трейдерлер мұнайды балама тауар ретінде тұтына бастаған.
Сонымен қатар мұнайға деген сұраныстың да арта түсуі – баға шарықтауына өз әсерін тигізбей қоймайды. Жақында өткен ОПЕК+ қатысушы елдерінің отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның келесі айларда мұнай өндірісін арттыратынын мәлімдеген еді.
«Отырыс қорытындысы бойынша келісімге қатысушылар шектеулерді алып тастамайынша тәулігіне 400 мың баррель болатын қазіргі өндіріс деңгейін ұжымдық түрде өсіру туралы шешім қабылданды», делінген министрлік таратқан ақпаратта. Бұл шешім аясында Қазақстан қазан айында тәулігіне 1,524 млн баррель мұнай өндіруі тиіс. Тиісінше, әр ай сайын өндіріс көлемі тәулігіне 16 мың баррелге артып отырады.
Мұнай қымбаттаған сайын «теңге неге күшеймейді?» дейтін дәстүрлі сауал туындайды.
«Мұнай бағасы өте маңызды рөлге ие, бірақ бұл басты фактор емес. Теңге бағамына әсет ететін сыртқы факторлар қатарында мұнай бағасынан бөлек DXT индексі түріндегі доллар бағасы, сауда серіктес елдерінің экономикалық жағдайы және геосаяси ахуал бар. Ішкі факторлар – төлем балансы көрсеткіштерінің динамикасындағы өзгерістер, салық апталары, түрлі маусымдық жағдайлар және экономикалық белсенділік трендтері де ықпал етеді.
2020-2021 жылдары мұнай бағасы төмен, соған қарамастан теңге құны әлдеқайда мығым болған сәттер жиі ұшырасты. Бұл кезеңдер – 2020 жылдың мамыр-шілде аралығы: Brent маркасының бағасы – барреліне 29-44 доллар, ал теңге бағамы – 397-410. Сондай-ақ биыл ақпанда мұнай бағасы барреліне 60-65 доллар болып тұрды, ал теңге – 415-417», деп жазады телеграмдағы Tengenomika каналы.
Мұнай бағасына қатысты Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова да түсініктеме берген. Оның айтуынша, Еуропа мен Азияда жылу беру маусымы қарсаңында газ қымбаттап кетіп, нәтижесінде көп компания мұнай тұтынуға күрт ауысқан. «Ида» дауылынан кейінгі Мексика шығанағындағы өндірістің баяулап қалуы да – көп фактордың бірі.
«Ұлттық валюта үшін іргелі факторлардың бірі болып табылатын мұнай бағасы теңгеге сөзсіз қолдау көрсетті. Алайда шетелдік валютаға жалғасып отырған ішкі сұраныс және жаһандық қаржы нарықтарындағы күшті теріс сентимент теңге серпініндегі басым факторларға айналды. Біріншіден, АҚШ мемлекеттік бағалы қағаздары кірістілігінің өсуі және доллардың жаһандық деңгейде нығаюы дамушы елдердің валюталарына қысым көрсетті. Мұнай бағасының айтарлықтай өсуіне қарамастан, дамыған және дамушы елдердің шикізат экономикасы валюталарының көпшілігі теріс аймақта болды. Канада доллары – 0,5, Норвегия кроны – 0,6, Индонезия рупиясы 0,3 пайызға әлсіреді. Сонымен бірге экономикалық белсенділіктің қалпына келуі және импорттың өсуі теңгенің нығаюын шектейді» дейді Ә.Молдабекова.