Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген Нұр-Сұлтанның «Барысы» кезекті тур ойынын Омбының «Авангардына» қарсы өткізді, деп жазады Egemen.kz.
Мәскеу облысы аумағында орналасқан «Арена Балашихада» өткен матч бір минут үнсіздікпен басталды. Осылайша, хоккейшілер осыдан 13 жыл бұрын дүниеден озған Алексей Черепановқа тағзым етті. Аса дарынды ойыншы 2008 жылдың 13-қазанында «Авангард» пен «Витязь» клубтары арасындағы бәсеке барысында кенеттен жүрегі тоқтап, қайтыс болды. Ол небары 19 жаста еді...
Ал матчтың өзіне келетін болсақ, алғашқы шайба ойын басталғаннан кейін 33 минуттан кейін соғылды. Бұл голдың авторы – Корбэн Найт. 40-минутта Алексей Емелин мергендік тынытса, 50-минутта Никита Михайлис есеп айырмашылығын қысқартты. Бірақ одан әріге қонақтардың әлі жетпеді. 51 және 59-минутта «Авангардтың» ойыншылары тағы екі рет нысананы дәл көздеді. Есеп – 4:1.
Қазіргі кезде «Барыс» тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде 14 ұпаймен 18-орында келеді. Өзінің келесі кездесуін жерлестеріміз 15-қазанда Мытишида Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» клубына қарсы өткізеді.