• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Өнер 14 Қазан, 2021

Мәдени байланыстар мәйегі

531 рет
көрсетілді

Қазақстандағы Ресейдің Мәдениет күндері аясында Ұлттық музейде «Вологда шілтері» атты көрме ашылды. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігі ұйымдастырған іс-шараның ашылуына Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Ресей Федерациясы Мәдениет министрінің орынбасары Ольга Ярилова қатысты.

Жиын барысында Нұр­ғиса Дәуешов екі мемлекет ара­сындағы мәдени қарым-қаты­настың тамыры тереңде екенін, кейінгі жылдары пандемияға қарамастан, ынтымақтастық жоға­ры деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ 2004 жылы Мәскеуде Абай Құнан­байұлының, ал елордада Алек­сандр Пушкиннің ес­керт­кіші ашылғанын айтты.

Ольга Ярилова Мәдениет күндері аясындағы іс-шаралар Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға бас­тайтын жол екенін жеткізіп, екі тарапты көне мәдени мұралар мен ұлттық құндылықтарды сақ­тауға үлес қосуға шақырды.

Айта кетейік, «Вологда шіл­тері» көрмесінің мақсаты – орыс халқының сәндік-қол­дан­балы өнерін, табиғаты мен дәстүрін, тарихын айқындап көрсету. Көрмеге қатысушылар орыс халқының мәдениетімен та­нысып, көрмеге қойылған түрлі туындыларды көре алады. Сонымен қатар Н.Веселова, М.Пальникова, А.Ракчеев сынды қол­өнер шеберлерінің қолынан шыққан орыс халқының ұлттық киімдері ұсынылған. Көрме 17 қазанға дейін жалғасады.

Бұдан бөлек апталық аясында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрімен бірге ресейлік жетекші орындаушылардың қатысуымен Гала-концерт өтті.

Аталған іс-шараға Мәде­ниет және спорт министрі Ақто­ты Райымқұлова, Ресей Феде­рациясы Мәдениет министрінің орынбасары Ольга Ярилова, Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Боро­давкин қатысты.

«Қазақстандағы Ресей Мәде­ниеті күндері аясында Қазақ мем­лекеттік симфониялық оркес­трінің қатысуымен жетекші ре­­сейлік орындаушылардың өнер көрсетуі биыл еліміздегі жар­қын оқиғалардың бірі болары анық. Бүгінде мәдениет пен руханият екі ел арасындағы достықтың артуының тұғы­ры іспеттес болып отыр. Мә­де­ни байланыстар біздің дос­тас­­тығымыздың басты ынта­ландырушы күші. Мәдени бай­ланыстардың дамуының тарихи процесінде, олардың пайда болуынан бастап дамыған заманауи формаларға дейін, сөзсіз үлкен өзара әсер етеді», деді министр.

Өз кезегінде Ольга Ярилова осы аптада өтетін іс-шаралар екі ел арасындағы қарым-қаты­насты, әсіресе мәдениет сала­сын­­дағы ынтымақтастықты ны­ғай­туға сеп­тігін тигізетінін айтты. Со­ны­мен қатар екі мемлекет ара­­сындағы мәдени байланысты дамыту мен нығайту жолында бірлесіп іс-шаралар өткізуге дайын екендігін жет­кізді.

Гала-концерттің дири­жері – Солтүстік Осетия Рес­пуб­ли­касының еңбек сіңір­ген әртісі Заурбек Гугкаев болды. Іс-шарада Анна Аглатова (сопрано), Владислав Куприянов (баритон), Владимир Маго­мадов (контратенор), Константин Еме­­­льянов (фортепиано), Алек­­сандр Рамм (виолончель), Гайк Казазян (скрипка), Анас­та­сия Тюрина (балалай­ка), ал елі­мізден «Астана Опе­ра» Мем­лекет­тік опера және ба­лет театры­ның же­тек­ші со­лис­тері – Қазақ­стан­ның ең­бек сіңірген қай­раткері Медет Чотабаев (тенор) пен халық­аралық байқаулардың лау­реаты Татьяна Вицинская (меццо-сопрано) өнер көрсетті. Көрер­мен назарына орыс ком­по­зиторларының операларынан белгілі ариялар, романстар мен заманауи авторлардың шы­ғар­малары ұсынылды.

Айта кетейік, Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық байла­ныс­­тарды арттырып, дәстүрлі ын­ты­­мақтастықты нығайтуға ар­нал­ған.