2021 жылдың 8 айында ипотека бойынша 1,2 трлн теңгенің 97,2 мыңнан астам келісімшарты ресімделді. Бұл былтырғыдан 2 есе көп, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы Бірінші кредит бюросы мәлімдеді.
«2021 жылы ипотекалық несие беру екі есеге артты. 8 ай ішінде Қазақстанда жалпы сомасы 1,2 трлн теңгеге жуық 97,2 мыңнан астам келісімшарт ресімделді. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда едәуір көп. Берілген кредиттер саны 62%, ал олардың көлемі 2 еседен астам өсті. Қазақстандықтар көбінесе бір ипотеканы өтей салып, екіншісін алады. Биыл 4,1 мыңнан астам адам осындай ипотека рәсімдеген», делінген бюро хабарламасында.
Сарапшылар 2021 жылдың 8 айындағы қорытынды бойынша сатып алу-сату мәмілелерінің саны 370 мыңнан асқанын айтады. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе көп.
«Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндігі пайда болғаны серпін бергені анық. 7 ай ішінде БЖЗҚ-дан тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін алушылардың шоттарына 1,76 трлн теңге аударылды. Бұл соманың шамамен 70%-ы тұрғын үй сатып алу кезінде толық есептеуге бағытталған. 10%-дан астамы ипотекалық қарыз алу үшін пайдаланылған», деп жазады талдау орталығы.
Талдауға сүйенсек, кейінгі 12 айда мерзімі өткен ипотекалық несиенің көлемі 310,5 млрд теңгеден 216,5 млрд теңгеге дейін азайған.