– Қазіргі қазақ романы (Тәуелсіздіктен бері қарайғы кезеңдегі) қай деңгейде? Кімдердің романын тұщынып оқыдыңыз? Әсері қалай болды?
Қуандық Түменбай:
– Қазіргі қазақ романы қай деңгейде дегеннен гөрі қазақ әдебиеті қай деңгейде деген дұрыс болар еді. «Әдебиет – өмір айнасы» десек, «бетің қисық болса айнаға өкпелеме» деген тағы бар. Айна да адам бейнесін ашық көрсете алмай тұр. Проза – әдебиеттің ауыр артиллериясы, ал артиллерия алысқа атады, ол үшін әскери тілмен айтқанда, артиллериялық дайындық керек. Әдебиет артиллериясы қазір алысқа ата алмай тұр, ол үшін қаламгерге үлкен дайындық қажет. Біздің қаламгерлер моральдық-материалдық жағынан бұл тақырыпты жазуға толыққанды әзір емес.
Тәуелсіздік алғалы екі автордың романын оқыдым. Біріншісі – Тынымбай Нұрмағанбеттің «Періштелердің өлімі». Қаламгер бұл шығармасында бүгінгі заманның ащы шындығын суреттеу арқылы адамдардың көркем бейнесін жасайды. Шығарма қалың оқырман қауымның ықпалы арқылы Мемлекеттік сыйлықпен аталып өтті. Екіншісі – Тұрысбек Сәукетайдың «Мен – жындымын» романының екі кітабы. Мұнда автор қоғамға жарымес кейіпкердің көзімен баға береді, ол жынды болса да сау адамның сөзін айтады. Әрине, бұл әдебиеттегі классикалық тәсіл. Гогольдің «Жындының жазбаларынан» кейін ана тілімде сүйсініп оқыған шығармам осы.
Ділдәр МАМЫРБАЕВА:
– Сұрағың әдебиеттанушыларға қойылатын сұрақтар екен, дегенмен қатардағы қаламгер, оқырман ретінде ойымды айтайын.
Тәуелсіздіктен бері жүзге тарта роман жазылды дейді. Оның деңгейі қалай дейсің?
Жазушылардың бірі жақсы, бірі орташа, бірі нашар жазады. Ол Тәңір тартуынан, өнер тылсымдығынан шығар. Әйтеуір, жұмбақ нәрсе, сондықтан өлшеусізді өлшеулімен өлшей алмайтын секілдіміз. Мақтау, мадақтау дәметпейтін, қымбат еңбек етіп жүрмін деп ойламайтын дарындылар бар, «біз еленбедік, біз бағаланбадық» деп жарнамасын әр тесіктен жылтыңдататындар да бар. Осыларды жинақтай келгенде мәселеміз жоқ, көңіліміз тоқ дей алмаймыз. Жаңа заман – жастар жағы жаһандық ой-өріске ұмтылған, үлкендер кібіртіктеп қалған уақыт. Жастар жазудағы эксперименттен қорықпайды. Сақтықтан ада. Үлкендер өздері өмір сүрген жүйенің түзетулерінен, айыптауларынан өткен «түсініксіз комплекстер қоймасы». Уақыттың өзгергенін түсіне тұра ескі әдіспен жазуға машықтанғандардың жазғандары жаныма жақын.
Роман жазуды ешкім ешкімге үйретпейді. Оның оқуы жоқ. Жазу қызық болғанда, ішкі бір түйсік түртпектегенде атқарылатын іс шығар. Тұщынып оқығаным – Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-айы», Жүсіпбек Қорғасбектің «Үлпілдегі», Рахымжан Отарбаевтың «Басы», Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтайы» (трилогия).
«Қаһарлы Алтайдың» әсері ұшан-теңіз дер едім. ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы Шығыс Түркістандағы қазақ өмірінің, қазақ тіршілігінің энциклопедиясы. Әрқайсысы 700 беттен тұратын үш кітаптың әр парағын оқыған сайын жүрегіңмен күйінесің, сүйсінесің, өзіңе беймәлім әуезбен тербетілесің. Мұнда дайын формат, үйренген схема жоқ. Кейіпкері – ұлт-азаттық көтерілістің көсемі – Оспан батыр. «Қаһарлы Алтайды» жазуды жазушы өмірлік мұрат етіп алғандай. Ол Оспан батырдың бейнесін қимыл-қозғалысын, мінезін, ішкі сырын, ойын елге түгелдей таныту үшін өзін аямаған секілді. Кейіпкерін жақсы көріп, ол атқарған істің бәрін өзі де жақсы көріп, ықыласпен жазған. Үдесінен шыққан. Оспан тағдыры – әрі трагедиялық, әрі романтикалық өмір. Сюжет құрылысындағы панорама есіңді алады.
Әркім-ақ жанарында сақтап, көлеңке түсірмеуге тырысатын аяулы қазақ әйелдерінің бейнесін жасауда Жақсылық Сәмитұы бейнелеуде де, мінездеуде де, әсерлеуде де, портрет жасауда да қысылмай еркін көсіледі.
Кітаптағы Шәмсия сөзімен, іс-әрекетімен сол өзі өмір кешкен дәуірге сай. Қорғансыз. Оның бейнесін сомдағанда жазушы қазақ ғұрпын , тұрмыс-салтын тіршілігін, сана деңгейін, мінезін, қарым-қатынастардың шиеленісін, ширатылуын жазғанда ойын үстемелеп, аямай үйіп-төгеді. Бұл жерде күйініп отырып күліп жіберетін тұстарың бар. Жазушы кейіпкерлерін оттан шығарып суға салады, ащы өмірлерін одан әрі тұздықтайды.
Мен осы жазушының жазғандарына арбалып қалған оқырманмын. Оспан – батыр. Қазаққа осы сөз жетіп жатыр деп ойлаймын. Оның өмірін, ерлігін, тағдырын роман деген жанрдың көркем бейне деген өлшемінің тұсына әкеліп салып көріңізші. Тепе-теңдікті, дәлдікті көресіз. Осы романның жазылуынан кемшілік табатын сыншы да бола қоймас деп ойлаймын.
Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романынан тобырлық кейіптегі «зиялыларды» көресің. Өз тарихына, өз ұлтына қарсы жұмыс істеген, ана сүтін арамға шығарған мансаптылардың соңында ит талағандай қылығы өзің білетін біреулерді елестетеді. Кеңес кезеңінің ұлттық құндылыққа, ұлтқа, тілге деген жағымсыз, жазылмаған, көзге көрінбейтін ережелері болды. Рахымжан Отарбаев «Бас» романы арқылы ұлттың рухани теңсіздігін алға шығарды. Жаһандану кезінде қазақтың тұрақты орнының қайда болу керектігін ұқтырды деп ойлаймын.
Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-айы» – ұлт-азаттық көтерілісінің шежіресі «Қаһарлы Алтаймен» бір үндес, бір сарындас. Романдағы айтылғандарды жазушы мұрағаттан алдым десе, біздің әке-шешелеріміздің аузынан үзіп-жарып естігендеріміз. Ондағы жер-су атаулары таныс. Оқығаныңды көз алдыңа елестетіп отырады. «Қилы кезең» секілді кино түсіруге сұранып тұрған дүние. «Қазақстан тарихының» хрестоматиясына енетін шығарма.
Дидар Амантай:
– М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты деректері бойынша (Әлмира Қали), Қазақстанда, Тәуелсіздік алғалы, отыз жыл ішінде, жүзге тарта роман жазылған екен. Көпшілігі, тіпті, баспадан жарық көріп те үлгеріпті.
Қайтеміз, кітап оқудан жазу озған заман. Мен аптасына бір кітап оқимын. Кітап – белгілі бір мәтін тұрғысында. Немесе бір туынды. Кейде, шағын дүние. Оның ішінде классикалық шығармалар мен заманауи туындылар да бар. Салалас, аралас-құралас дүниелер де келіп жатады, – негізінен, әдеби-көркем немесе философиялық еңбектер, жалпы, қырыққа, елуге жуық жас ақын-жазушылар кітаптарына, әңгіме-жырларына пікір білдіріппін, кәдімгідей рецензия жазыппын.
Бірақ неге екені белгісіз, жаңа романдар қолыма сирек тиген екен. Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс», Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр», «Жатқа туған бала», «Екі күйеулі келіншек», «Үлкен үйдегі үрей», «Үзілмеген үмітін», Ерлан Төлеутайдың «Жүсіпбек Елебеков» (роман-эссe) пен «Үкілі Ыбырайын» (роман-эссе), Ырысбек Дәбейдің «Жылқы атылған жаз» бен «Қоңызын», Ақберен Елгезектің «Бақытсыз балалық шағын» (повесть) сүйсіне оқып шықтым. Біразы еске түспей отыр. Жарайды, оларды келесі сұхбатта атармыз. Қазір Дәурен Қуат роман жазып жатыр деп естідім. Нұржан Қуантайұлы да жақсы бір кітап жазған көрінеді. Мен кейінгі жылдары көп поэма да оқыдым. Бір шоғыры: Мағжан – «Қорқыт», «Қойлыбайдың қобызы», «Батыр Баян», «Жүсіп хан», сосын, «Ер Сайын» жыры, Маралтай – «Аруана”, «Алдияр батыр», Несіпбек Айтұлы – «Қаныш», «Жер – жаннан қымбат» (Жұмабек Тәшенов туралы), Cерік Тұрғынбекұлы – Тоқтар Әубәкіров жайлы, Ғалым Жайлыбай – «Қара орамал», Серік Ақсұңқарұлы, Айнұр Төлеу... Көп. Көзіқарақты оқырманға арналған тізім ұзақ.
Елде роман көп жазылып жатса да, көлемі жағынан – дені шағын шығарма деп естимін, бірақ, салмақсыз деп айта алмаймын. Мен оқыған романдарда ой, толғаныс бар, сюжеті – уақиға, шиеленіске бай.
Анар Қабдуллина:
–Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ТМД елдерінің көпшілігі бірден нарықтық әдебиетке өтіп алды, ондай елдердің қатарында Ресей, Балтық елдері бар еді. Баспа ісі жеке кәсіп ретінде дамып, әдеби агенттіктер алдымен сол елдерде пайда бола бастағаны рас. Нарықтық экономика жүйесінде баспаның да, әдеби агенттіктердің де ақша табуды көздейтіні заңды, сөйте тұра, бұлар әлемдік әдеби процеске ілесе отыра, жаңа кезең әдебиетінің дамуына үлес қосты, әлемдік кітап нарығымен біте қайнасып кете алмаса да, бір әрекеттер жасалды және жасалып жатыр. Ал батыс бестселлерлерін аударып, ТМД елдері аумағында ол кітаптарды сатуда қазір Ресей алдына жан салмай тұр. Біз болсақ, «Меломанда» неге орыс тіліндегі кітаптар көп те, қазақ тіліндегі кітаптар аз?» дейміз. Бұл – нарық заңының нәтижесі. Біздің баспалардың өз өнімдерін ол жақтың өнімдерімен қатар ұсынуға бәсекелестік қабілеті жетпей жатыр. Қазір әлем бойынша проза жанрындағы кітаптар сұранысқа ие.
Поэзия, новелла, әңгіме емес, көлемді романдар. Қазақ жазушылары тәуелсіздік алған жылдардың басында романға жанр ретінде басқаша қарай бастағаны рас. Кейін дамымай, жетілмей қалды деп ойлаймын. Менің айтайын дегенім, қазіргі көлемді прозаның бәрі роман емес. Қазақ жазушыларының роман туралы өзіндік көзқарасы, түсінігі бар. Көлемді проза жазуда әлемдік тенденцияға икемделуіміз керек, бұл – қазіргі заманның ғана емес, ертеңгі күннің де талабы. Роман болсын, басқа жанр болсын, оған баға беретін – оқырман. Жақсы романдар бар, бірақ оқырман қолына жетпейді. Кітап нарығында жүрген кәсіпкерлер жақсы кітаптардың шығып, оқырман қолына жетуі үшін барын салуы тиіс. Аз таралыммен шығарып, бір-екі кітап дүкеніне қойып қоюмен шектеледі. Көп баспалар мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарға арналған тендерлермен ғана жұмыс істейді. Ол кітаптарды шығарған соң, сата алмайды. Мемлекеттік тапсырыс тізіміндегі кітаптардың көбі әдебиет тарихы файлына әлдеқашан еніп кететін кітаптар, баспагерлер қазіргі романдарды шығарып таратуға қызығушылық танытпайтыны бұл жанрдың дамуын тежеп отыр.
Оқыған, ұнатқан көлемді кітаптарым көп, көбі роман деп аталғанмен, критерийге сай келмей жатады. Мистик жазушы Қойшыбек Мүбарактың әңгімелерін оқығалы, одан «роман бар ма?» деп сұрап жүрмін. Ол «Дөңті» романын жазу үстінде. Бірақ материалдық қолдау болмағандықтан, жазуға еркін отыруға мүмкіндігі болмай жүр. Егер жақсы баспамен келісімшарты болса, Қойшыбектің аты батыста кең танылған Стивен Кингтен кем болмас еді.
Қуат Қиықбай:
– Біз осы салада қалам тербеп жүргеннен кейін жаман сөз айту жарамас. Жалпақшешейлік емес. «Жаман» немесе «төмен» дегеннен ешкім бізге жақсы дүниесін бере қоймайды. Ойлы оқырманның аңсары ауып іздейтіні оғаш ой мен соны стиль! Осылар болмаса шығарма әлсіз де солғын. Белгілі һәм бұлжымайтын қағидат.
Әдебиеттегі көркем ойдың құзар шыңы – роман. Қазақы ұғымға салсақ ұзақ әңгіме. Ертегіні бір күн емес он түн тыңдайтыныңыз секілді екі күнде емес бір аптада оқылатын роман яғни ұзақ әңгіме болса тіптен жақсы. «Уақыт солай, заман талабы солай» деген сылтау ғана. Елітіп отырсаңыз ештеңені көзге ілмейсіз. Сүйегі татымайтын құр сөзден және ойсыз оқиғалар тізбегін оқыған соң әрине, Құдай кешірсін, «қашан бітеді» деп тағатың таусылады. Бір ғана нәрсені, өз басымнан өткенді айтайын.
Студент кезімде және бертін келе Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» мемуарлық романын оқып шықтым. Бір ай бойы көзімді ашсам да, жұмсам да сол, тұрсам есімнен, жатсам түсімнен шықпайды. Лекцияларда, жұмыс орнында, жатын бөлмемде, автобуста болсын, қыл аяғы қайда барсам дара жазушы Қажығұмарды қолтықтап жүремін. Неге? Өйткені оқиғасы, әңгімені өруі, формасы мен беруі тосын болған соң бас ала алмай бастырылып қалдық. Шынын айтайын, көлеміне қарамадық. Алдыңғы алты кітаптан бөлек тағы алтау болса да жоғарыдағы мінез-машығыма салып оқып шығар едім. Көрдіңіз бе? Бұл әркімге әр қалай әсер етуі мүмкін.
Оқитын адам жоқ деген бекер сөз. Басқасына қайдам өзіміздің шолтиған әңгімеміз жарық көрсе әсерімен бөліскен оқырмандар «Қашан көлемді туынды жазасың? Жасың келді» деп онсыз да өзіміз ойлап, дамыл таппай тынымсыз еңбектеніп жүргенде одан әрмен қамшылай жөнеледі. Жә, бұл деңгейі жоғары роман жоқ, болса соны оқитын оқырман жоқ деген ойдың жетегінде айтылған сөз...
Тәуелсіздік жылдарында тарихи романдар дүниеге көптеп келді. Жасыратын несі бар, сондағы қаузайтын тақырыбы, тұлғаны асыра суреттеу, көп сөзділік пен артық бейнелеу, тарихи тұлғалар мен кейіпкерлер образы ортақ болып кеткендей көрінеді кейде. Айтатыны батыр мен би, шешен мен көсем. Әй, мұны неге жазған екен деп терең үңілсек, жерлесі не руласы болып шыға келеді.
Тұлға деп тани алмасақ, әдебиетке берер әсері мен пайдасы болмаса, сіз мені кешіріп қойыңыз, әлдеқандай жазушының руласы мен атасы жайындағы «ұзақ әңгімені» яғни роман оқығым келмейді. Мен бұл сөзді әдебиетші емес, қарапайым оқырманның көзқарасы ретінде айтып отырмын. Осындай қайталама кейіпкер мен ортақ образдар арқылы роман деңгейі қалай өседі. Өшіп барады десек өре түрегелетіндер өте көп.
Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген романдар тізімінде Қ.Жұмаділов «Қылкөпір», М.Мағауин «Сары қазақ», «Жармақ», Н.Дәутаев «Құдірет пен қасірет», Ә.Асқар «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...», Қ.Түменбай «Бекеттегі бейкүнәлар», А.Алтай «Туажат», «Сират», Н.Қуантайұлы «Қараөзек», Т.Әсемқұлов «Талтүс», А.Кемелбай «Мұнара», Т.Сәукетаев «Ай қараңғысы», «Мен жындымын» сияқты авторлар мен туындыларды атаған жөн.
Бір ғана Асқар Алтайдың екі бірдей романы «Туажат» пен «Сират» шығармалары шымыр, ойы мен сөзі кесек дүние дер едім. Көтерген тақырыбы да тосын. Тәуелсіздік жылдарында біз бергі бетке өткен елдің тарихын жазып кеттік. Ал жазушы осы «Сират» романында арғы бетке өтіп жанкештілікпен ғұмыр кешкен, елі үшін емірене қолына қару алған ер қазақты сөз қылады. Романда байырғы бабамыздың басынан өткерген бұлыңғыр тарихы – Шығыс Түркістан Республикасының азаттық күресі жайында айтылады. Бір-біріне еш қатыссыз бірде-бір кейіпкер жоқ. Романның әр тарауындағы кейіпкерлер де әртүрлі болып келеді. Тарау сайын өзгеріп отыратын кейіпкерлер арқылы халықтың басынан кешірген ауыр тағдырын ашып отырады. Сондықтан да шығарма идеясы тарау сайын толығып, толысып оқырманға жаңа қырынан танылып, ой салып жалғаса береді. Бұл бір жағынан алсаңыз жаңашылдық болып көрінетіндей. Өйткені айтар ойы, әр тараудағы кейіпкерлердің басынан кешірген өмірі мен халықтың тағдыры жалғыз.
Тибет асып, Үнді мұхитын кесіп, Түркияны тұрақтаған қара халықтың қасіреті, қаншама жылдар өтсе де, көлбеңдеп көз алдыңда көрініс береді. Такламакан, Гобби шөлінен елді бастап жаңылмай жол тапқан ерлер рухының беріктігіне шынымен бас шайқайсың. Елдің есендігі үшін шейіт кеткен жандарға қарап «Қазақтың сүйегі қайда қалмаған» дегенге нық сеніп, жүрегіңнің басына қайғының қара қаны ұйып қалады.
Қалай алғанда да қазақтың қаншама қасіретті, қайғылы тарихы суреттелсе де шығарманың өн бойындағы шындық, адастырмайтын ақиқат оқырманның жүрегіне сенім ұялатып, рухын асқақтатады. Бабалар жолынан жаңылмай мына біздерді де күрескер болуға үндейді. Туындыдағы ұлттық рухтың жоғарғы деңгейде барынша дәріптеліп, бірінші кезекте көрініс беруі оқырманды қызыға оқып шығуға жетелейді.
Повесть – басы артық жанр
– Заман ағысына сай шағын романдар пайда болды, бірақ көлемі мен айтар ойы жағынан повестің жүгін арқалайтын шығармалар да роман деп аталып жүр, бізде көркем шығарманың жанрын айқындауға кімдер көңіл бөлгені дұрыс?
Қуандық Түменбай:
– Мәселе көлемде емес, композициялық құрылым мен көркемдікте. Шығарма уақыт тезінен қалай шықты, қоғамдық даму кезеңіне қалай жауап берді? Біз «Тынық Доннан» бастап, көлемді эпикалық шығармаларға көз үйреткен оқырманбыз. Енді «Обломов» сияқты романдар да, кейіпкері де арықтаса әбден болар еді. Өйткені жыл басында шаруа наны 115 теңге еді, қазір 199 теңге. Қаламға да күш керек, уақыт семіздікті көтермейді. Үлгі тұтар Тургеневтің «Дворян ұясы» 140 бет болса, «Бұл мені де, мен сияқты шалдарды да атып тастады» деп Бунинді зар жылатқан жаңашыл стилист В.Набоковтың «Машенькасы» 80-ақ бет. Екеуі де атышулы жұп-жұқа роман. 3 бет «Хамелеонның» өзінде де роман жүгін арқалаған қоғамның көрінісі бар. Ал енді тісің ауырса стомотологқа барасың, жанрдың айырмашылығын әдебиет мамандары айқындамай ма? «Шөп те өлең, шөңге де өлең» заманда білімді филологтер қажет. Ғылыми дәрежесі зор болғанмен проза мен журналистика жанрларын ажырата алмай жүргендер баршылық. Қой маңырапты дейді, «сойса қасапшы сойса екен» деп. Әдеби дүниені талдауға да «өз ісінің шеберлері» керек-ақ.
Дидар Амантай:
– Жанр ретінде роман үлкен философиялық трактаттармен қатар тұр. Уақиға масштабы – кең, желісі – ұзақ, көлемі – ұлы. Сюжетінің фабуласы күрделі. Өзі де шытырман. Әсем сөзге құрылғаны да жетеді.
XX ғасырда сәнді, нәшті ағымдар көп болды. Қалай сермесең де қалам көтереді. Бірі тігінен жазды, сюжеттік желі бағытын айтып отырмыз, бірі мәтінді көлденең салды, бірі, тіпті құрылысын (құрылымын) композициялық байланысын өзгертіп жіберді, жаңа әдіс-тәсіл қолданды. Әдебиетке – жазу мәнері, архитектураға темір келді. Екеуі де жаңа түр, жаңа пішін қалыптастырды.
XX ғасыр – модернизм ғасыры. Ақыл-ой пафосы билік құрды, бұрынғы эстетикалық талғам өзгерді. Жанр – көлем: сөз, сөйлем көлемі, персонаждар көлемі. Барлық жанрды қамтитын жанр – хикаят.
Повесть – басы артық жанр. Қысқа нұсқасын әңгіме деп, ұзын түрін роман деп белгілейтін уақыт жетті. Роман жазу үшін ірі суреткерлік қабілет керек. Ірі суреткерлік дегеніміз байыптылық. Сабыр сақтап, жазу үдерісін соза білсең, еңбектің әр күнін өз жоспарың бойынша жұмсай алсаң... Роман шығады. Бұл жанрды құртатын нәрсе – асығыстық. Нәтижені көздеп, финалды аңсап, бастауынан шешіміне бірден қол созған қалам, композицияны бұзады.
Қуат Қиықбай:
– «Шағын романдар» деген қате ұғым. Кең тынысты көлемді болғаны үшін роман деп аталады. Шағын дүниені романға санау қателік. Повесті роман, романды повесть деу үшін әдеби білім мен ұят керек пе деймін кейде. Жазушының еркіне салсақ менің мына жазған екі бетім роман десе масқараның көкесі сонда болады. Бұл әдебиетші мен қаламгер үшін кешірілмейтін ағат іс. Мәселе көлемде емес айтар ойында, тынысында. «Екі сөйлемнен тұратын әңгіме шықты» деп алаулатып, жалаутып жөнелеміз. Осыны түсінбей дал боламын. Кез келген қаламгер осындай дүние жазатын болса онда Қазақ елінің Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиеті бүгінде белі қайысқан романдар мен роман жүгін көтерген повесть, хикаяттар мен әңгімелерден көз ашпаған болар еді.
Флобер, Толстой көлемді романдар мен Хемингуэй, Тургенев қысқа романдар жазған сөз зергерлері деген түсінік бар. Алайда осыларды оқып шықсаңыз, қатар қойып салыстырсаңыз ара-жігін ажырату қиын емес. «Көлемді» және «шағын» деген жай ғана атау болып шығады. Тынысы кең, оқиғасы ауқымды. Сондықтан көптеп ойланып, әлдеқандай шығармаға «роман» деп ат қою үшін көп ізденген дұрыс. Біз көлемін есептейтін болсақ, жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің қамбасын байытып, жоғын толтырған романдар «шағын роман» ғана болып қалмақ. Шолақ, шолтиған барынша келте, қысқа қайырылған роман бола ма, өзі? Әлбетте, жоқ. Бұны қаламгер «айғайлатып» баспаға береді, баспадағылар «мынау не?» деп үңіліп, үздікпестен «шулатып» басып кеп жібереді. Кейінгі толқын болсын, алдыңғы буын болсын мини романдар қаптап алды. Оқысаңыз повестің деңгейінде ғана. Осыған «роман» деп ат қойған не деген өзімшілдік пен амбиция өзі таң қалмасқа шараң жоқ.
Өйткені роман жанрының көтерер жүгі мен салмағы сақталғанда ғана роман ғой. Кейіпкер бейнесі жан-жақты толық ашылмаған дүниені роман деп атау әбестік. Роман – Ахмет Байтұрсыновтың сөзінше бар-жоғы ұлы әңгіме. Әр роман бір тағдыр десек адам баласының өмірі – ұзақ әңгіме яки роман. Бұл солай екен деп көп нәрсені жаза беруге болмайды. Романға татитын өмір бар, өз өмірін романға айналдыра алатын жазушы бар. Бастысы осы.
Анар Қабдуллина:
– Шағын романды 90-шы жылдарда Дидар Амантай жазып еді. Жазушының «Гүлдер мен кітаптар» романын сол кезеңнің ерекшелігін, т.б. прозадан көрінуі тиіс терең маңызды иірімдерді ашып бергені үшін жоғары бағалаймын. Уақыт өткен сайын құны арта беретін романның бірі.
Көркем шығарманың жанрын кімдер айқындайды десеңіз, біздің нарықтық жүйеде жеке кәсіп ретінде жұмыс істейтін баспалар мен (бізде әлі ашылмай жатқан) әдеби агенттіктер – жақсы кітапты оқырманға жеткізетін негізгі механизмдер болып табылады. Әдеби продюсер, редактор, сыншы, т.б. жақсы кітап шығарып, таратқысы келетін әр баспада, әр әдеби агенттікте жұмыс істеуі керек. Кітапқа рецензия жазу, насихаттау да осы мекемелерден бастау алуы – кітап нарығы саласының ерекшелігі. Әрине, жақсы дүниелер газет-журнал, сайттарда да жарияланады. Алайда жүйелі, сапалы жұмыс жасау – көп нәрсенің өзіндік орнын, функциясын айқындап берер еді.
Ділдәр МамырбаевА:
– Көркем шығарманың жанрын кім анықтаушы еді, әдебиеттің теориясын жасаушылар шығар деп ойлаймын.
Гете «Фаустың» идеясын сұрағандарға:
– Мына қараңдаршы, бәрі ентелей кеп, жабыла сұрайды, - «Фауста» қандай идея жинақтамақ болдың деседі. Соны мен бір ап-анық біліп, ап-анық айтып беретін кісідей көреді ғой деймін... – деп ашуланыпты.
«Тассоның» идеясын айтып беруді сұраған Эккерманға Гете:
– Немене идея? – деп таң қалыпты, – оны қайдан білемін? Менің көз алдымда Тассоның өмірі ғана жайылып жатты, көрдім де жаздым. Болды, – депті.
Сол секілді бүкіл болмыс бітімін, көңіл күйін, қабақ кірбіңін, көкірегіндегі от сезімін айқара ашып, жазып отырғанда авторға романның, не повестің ережесіне салайын деген ой келмейтін шығар. Қоғамдық құбылыстарды дәл бейнелеп, қабілет-қауқары әр деңгейдегі жеке адамдардың күллі тірлігін бар бедерімен, бар қайшылығымен жеткізе білсе, бұл роман емес, повесть қой деп кері итере салмайтын шығармыз. Оның қай жанрда болғаны емес – шығарма кілтінің табылуында шығар гәп..
Лев Толстой: «Орыс әдебиеті менен кейін демалады» деген екен, мүмкін роман жанры біраз уақытқа дамылдап жатқан шығар.
Біздің дәуірдің бейнесін болашақ романдардан күтеміз
– Ұлттық, азаматтық ұстаным неге біздің шығармамызға түпқазық бола алмай тұр?
Қуат Қиықбай:
– Мұны тап басып айту қиын. Өзіміздің жеке пайым-пікірімізге салсақ былай. Білсек бәлкім, жағымсыз кейіпкер емес, жағымды һәм «өтімді» кейіпкер образын сомдап шыға алар ма едік. Бұрынғы Кеңес Одағындағы кейіпкерлер образы идеологияға сай жазылатын. Сосын жабылып сол кейіпкерді, сол адамды мақтап, насихаттап ала жөнелетін. Бізде ше? Нақты идеология жоқ болған соң. Балаңа кім бол дейсің, өзіңнен кейінгіні кім болуға үндейсің осы жағы жұмбақ. «Идеология мен әдебиет қабыспайды, әдебиеттің не қатысы бар оған» дерсіз. Жоқ болған соң біздің қаламгерлер жалақысын пәтерақыға төлеп, әрең күнелтіп жүр. Енді осындай адамда ұлттық, азаматтық көзқарас бола ма?
Абайша толғасақ: «Жалт бергіш...» адамнан иә әдебиетшіден ұлттық болмаса азаматтық ұстаным күтудің өзі бекер, сандырақ. Не көрсең, ненің азабын тартсаң соны жазасың. Бәлкім, жағымпаздықты, жемқорлықты жеңген адам немесе жазушы ғана жаза алар. Ал қалғаны бекершілік. Өзінің ұлттық кейпі, азаматтық ұстанымы болмаған соң жазғаны да жасанды болмақ. Ұстанымдардан айырылып қалған соң ұстын боларлық ұстанымдарды үлгі етіп жаза алмай жүрміз.
Дидар Амантай:
– Жазуға – ақыл, шыдамға – қайрат. Кең тынысты тақырып қана роман бола алады. Өмір сүріп отырған заман өткен соң барып қана образға айналады. Сондықтан біздің дәуірдің бейнесін болашақ романдардан күтеміз.
Анар Қабдуллина:
– Ұлттық, азаматтық ұстаным кез келген шығармаға түпқазық бола алады, бірақ ол жазушылық шеберлікке байланысты. Жазушы тар шеңберде беруі мүмкін, ол кезде таптауырын болған
ұраншылдық сияқты қабылдануы мүмкін, ал біздің қоғам бұдан жалыққан. Әдеби шығарма образдылықты, тұспалды, астарды жақсы көреді. Ол «жұта сал» деп, ауызға шайнап беретін нәрсе емес. Көп мағына беретін, сан қатпарлы шығармалар бар. Олар ойлануға жетелейді. Бұдан төмен шығарма болса, ойлы оқырман қабылдамайды. Жалпы, оқырман аудиториясы әртүрлі болады. Ұсынылатын дүниенің әралуан болғаны жақсы. Талғамға талас жоқ.
Қуандық Түменбай:
– «Нағыз талант кешегі күнді де емес, болашақты да емес, бүгінгі күнді жазады» деген ұлы Пушкиннің сөзі ойға оралады. Азаматтық ұстанымды жазу үшін адам факторы алға шығу керек емес пе? Біздің бүгінгі замандастарымыз - зейнетақысы мен әлеуметтік көмегін ала алмай жүрген шал-кемпір, өрттен күйіп, жарылыстан жарымжан болған өрімдей жастар, оған беті жаман індет қосылды. Қазіргі прозаның тақырыбы да осы. Онсыз да «запаста қалған» (Олжас Сүлейменовтің сөзі) қаламгерлер де солардың бел ортасында жүр. Қарасөзге ғана сенген оларда зәре жоқ, ал азаматтық ұстаным қайдан болсын? Олардың бүйірін түртіп қалсаң «Өрт», «Індет», «Снаряд» деген тақырып бүлк ете қалады. Сондықтан күтейік. Төзімділік ата-бабамыздан қалған асыл қасиет.
Ділдәр Мамырбаева:
– Өзім оқыған кітаптардың авторлары адамдық, жазушылық парызды өтеудің түпқазығы – ұлттық, азаматтық ұстаным деп отырған жанкештілер. Ел тарихын, салт-дәстүрді келесі ұрпаққа жеткізуші ұстаздар.
Жаңалықтың бәрі – инновация емес. Сондықтан ақпараттық нөпірден әдебиетті де қорғауымыз керек. Тіптен жалған, бейәдеп ережесіз, шектеусіз ойды әдебиет ауылына жібермейтін күзет қою керек шығар. Себебі ертеңгі ұрпақтың туған еліне, ана тіліне, дархан даласы мен өскен жеріне деген махаббатын қалыптастыратын – жазушылар.
Роман жазу үшін бап керек
– Егер сіз болашақта роман жазсаңыз қай тақырыпта жазар едіңіз?
Қуандық Түменбай:
– Алпыстың алтауына келдім, жалғыз роман жазыппын. Он жыл уақытымды сарп еттім. Әуелі «Сотталған домбыра» деген әңгіме, кейін «Қанаты күйген қызғыш құс» атты деректі хикаят соңы «Бекеттегі бейкүнәлар» деген романға ұласты. Тақырыбым – тәуелсіздік, қазақтан шыққан тұңғыш диссидент тағдыры, азаттық аңсаған халықтың мұңы. Жазуын жазғанмен жарыққа шығару оңай болмады. «Жұлдызда» журналдық варианты жарияланып, тәуелсіздік туралы шығармам тәуелсіздік алғаннан кейін жарық көрді. Ал болашақта роман жазу жоспарымда жоқ, әңгіме мен хикаят оң жамбасыма келетін сияқты. Шеберлігің жетсе шағын жанрмен-ақ өмірді шыр айналдыруға болады. Қалам мен қағаздың обалына қалмауымыз керек. Сөз өнері сұғанақтықты сүймейді. Тәуелсіз күндер – жаныма ең жақын тақырып.
Ділдәр Мамырбаева:
– Балалар тақырыбына жазатын шығармын.
Қуат ҚИЫҚБАЙ:
– Роман жазу үшін бірінші кезекте ең алдымен бап керек. Анда басын, мында аяғын жаза салатын күлді-бадам әңгіме болмағандықтан ойлауды және ойлануды, жүйелеуді, шиеленісу мен шешімін шешіп беретін талабы болғандықтан үлкен панорамалы дүние шығару үшін көп тер төгу керек. Сосын бұны мектеп қабырғасындағы оқушы да білетіндей етіп жоспары құрылса жазып шығу анау айтарлықтай қиын емес. Бабың келіссе жазу қиынға соқпас.
Ал енді тақырыбы мен көтеретін мәселесі дегенге айтарым біздің қоғамда ондай тақырыптар жетерлік. Бастысы, кейіпкер образын сомдауды прототипті жіті қадағалап, зерттеп алған жөн.
Жемқорлық, парақорлық, жалақорлық біздің қоғамның дерті, оның артында діни фанатиктерді де, галстугіне қылқынған саяси фигураларды да көруге болады... Жазсам осыны шиырлағым келеді. Жолын тауып, жөнін білген кейіпкерді, жемқорлықты жеңген, білім мен ғылымға сенген кейіпкерді жазсам жақсы дүние шығар деп сенемін. Және өз балама, ініме, өзімнен кейінгілерге насихаттай алатын кейіпкер образы болса ойланып, жазатын дүние көп-ау... Бабымыз келіспей жүрген шығар бәлкім, кім білсін.
Анар Қабдуллина:
– Қазір ең өзекті тақырып: пандемия, вирус, т.б. Күллі адамзат еркіндікті шектеу дегеннің не екенін түсінді. Шекара кенет жабылып, жат елдерде қалып қойғандар бар. Голливуд киноларында көп көрсететін «апокалипсис» келіп, сонда өмір сүріп жатқандаймыз. Вирустан өліп жатқандар, індетке дайындықсыз дөп келгеніміз және бар. Осының бәрін өз басынан өткізген талай жазушы толғаныс үстінде шығар деп ойлаймын. Ал мен жазсам, тарихи роман жазар едім, оған Шыңғыс хан дәуірінен ертерек кезеңдер жақсы локация бола алады.