• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 14 Қазан, 2021

Көгілдір отын – қою түтін құрсауынан құтылу жолы

706 рет
көрсетілді

Еліміз егемендігін алып, өз алдына тәуелсіз мемлекет болғалы бері ауыз толтырып айтуға болатын ауқымды жобалар қолға алынды. Сол жобалардың көшбасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Арқа төріне көгілдір отын тарту бастамасы тұр дер едік. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бас қаланы газдандыру жұмысына айрықша назар аударып келеді. Мәселен, күні кеше Алматы ауданындағы Оңтүстік-шығыс тұрғын алабы Майдақоңыр көшесінің тұрғындары да көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді.

«Бес әлеуметтік бастаманың» басты бағыты

Бұл тарихи бастама 2018 жылы Тұң­ғыш Президентіміздің «Бес әлеуметтік бастамасында» айтылып, тиісті ведом­стволарға тапсырмалар берілген еді. Елбасы аталған Үндеуінде елімізде газ өндіру тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 млрд текше метрге де­йін арт­қанын және әрі қарай да өсе түсе­тінін айта келіп, «Қазір еліміздегі тұр­ғындардың 50 пайызға жуығы газбен қамтамасыз етілген. 9 облысқа газ тартылған. Дегенмен орталық және сол­түстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Біз Қара­­өзек (Қызылорда облысы) – Жез­қазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральды газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 млн адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге экология жақсарады. Газға көшу тек Астананың (қазіргі – Нұр-Сұлтан) өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деген болатын.

Сол жылдың наурыз айында Парла­мент палаталарының бірлескен отыры­сында тұңғыш Президент газдандыру мәселесін жылдамдатуды тапсырып, «Біз тұң­ғыш рет батыстағы газды оңтүс­тік арқылы Шымкент–Алматыға де­йін жеткіздік. Мүмкіншілік бар. Сары­арқаның сары желі бәрін алып кетеді деген ой бізде болды. Дегенмен кейінгі кезде көріп жүрміз. Қалада тұрғынның және көліктің көбеюіне байланысты екі ЖЭО-ны қатар көмірмен жаққан кезде қаланың үстінде ылғи тұман тұратын болды. Одан кетуіміз керек. Қала әкімдігі де жұмыс істеп жатыр. Егер мына мәселені шешсек, жолшыбай қанша адамға жеңілдік болады», деді.

Елбасы Қараөзек – Жезқазған – Қара­ғанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан бағы­тындағы магистралды газ құбыры арқы­лы бас қаланы ғана емес, еліміздің сол­түстігіндегі Павлодар, Петропавл, Көк­шетау қалаларын да газбен қамтамасыз ету қарастырылатынын жеткізді. Бұл үшін жобаға Үкімет халықаралық институттардан қаржы тартуға тиіс.

Елорданы газдандыр 2023 жылы аяқталады

Еліміздің бас шаһары «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспар аясында дамып келеді. Соның ішінде газдандыру мәселесі айрықша орынға ие. Елорданы газдандыру жобасын аяқтау 2023 жылға жоспарланып отыр. Шаһар басшысы Алтай Көлгінов былтыр елордада жеке секторда 370 шақырым инженерлік газ тарату желісі салынғанын айта келе, биыл Үкімет 317 шақырым газ тарату желісін аяқтауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Қазіргі таңда 645 шақырым газ тарату желісін салдық. Бұл – Алматы және Сарыарқа аудандарында. Қаламызда­ғы жеке секторлар – Көктал, Көктал-1, Көктал-2 және Агроқалашық. Онда 150 мыңнан астам адам тұрады. Алматы ауданында: Оңтүстік-шығыс – оң жағы, сол жағы, одан әрі Теміржолшылар, Күйгенжар, Интернациональный елді мекендері өтеді. Қазір инженерлік желі­лер белсенді түрде жеткізілуде. Яғни біз газға қолжетімділікті қамтамасыз етеміз, сонымен қатар әрбір үйге газ жеткізумен айналысамыз. Сарыарқа ауданында 600-ден астам адам газға қосылды, олар дəн риза», деді А.Көлгінов.

Қала әкімінің айтуынша, елорда аума­ғында газдандырылуы тиіс жер үйлері басым 16 елді мекен бар. Биыл жыл соңына дейін сол 16 елді мекеннің 10-ы толық газға қосылады. Қазіргі сәтте 7 елді мекенде газ тарату желілері толық құрылып біткен. 5 мың абонент, яғни шамамен 100 мың елордалық көгілдір отынға қосылу мүмкіндігін алып отыр.

Өткен жылыту маусымында (2020-2021 жж.) Железнодорожный, Көк­тал-1, Көктал-2, Агроқалашық (былтыр газға қосылмаған бөлігі) елді мекендерінде газ тарату желілерінің құрылысы толық аяқталды, бірқатар үйлер көгілдір отынға қосылып үлгерді. Ал Оңтүстік-шығыс және 

Промышленный елді мекендерінде құрылыс жұмыстары аяқталып, газ беру процесі сынақтан өткізілуде. Сон­дай-ақ күні кеше Алматы ауданы Оңтүс­тік-шығыс тұрғын алабы (оң жағы) тұрғындары үшін қуанышты хабар жет­ті. Сынақ процесі сәтті аяқталып, Майда­қоңыр көшесінің тұрғындары алғаш­қылардың бірі болып көгілдір отынға қол жеткізді.

Сонымен қатар бүгінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Ин­тер­­национальный елді мекендерінде газ­бен жабдықтау желілерінің құрылысын жүр­гізіп жатыр. Аталған елді мекендерді жыл соңына дейін газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Жүргізіліп жатқан жұмыстардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету мәселесі – басты назарда. Бұл жұмыс­тар­ды барынша қадағалау мақсатын­да қала әкімдігінің қызметкерлері халық­пен жиі кездеседі. Ал тұрғындар болса жеке секторға газ тартылып жатқанына қуа­нышты. Дегенмен кейбір қала тұрғын­да­ры бұған дейін сатып алынған көмірді тауысу үшін газға жедел қосылуды кейінге қалдырып жатыр. Бұдан бөлек, қаланың едәуір бөлігін жылумен қамтамасыз етіп отырған 1-жылу электр орталығы мен 2-жылу электр орталығында бас-аяғы 13 қазандық бар. Былтыр соның 4 қазандығы газға ауыстырылды. Жыл соңына дейін қалған 9 қазандық газға көшіріледі», дей­ді қала әкімі.

Елорданы газдандыру жұмысы 3 ке­зең­нен тұрады. Жұмыс кестеге сай жүр­гізіліп жатыр. Жыл соңына дейін жал­пы алғанда 14 мың абонент немесе тағы 100 мыңға жуық қала тұрғыны газға қо­сылу мүмкіндігіне ие болады. Со­ны­­мен қатар қазіргі таңда қаланың екі аумағында жергілікті, автономды жылыту орталықтарын толық газға бейімдеу жоспары тұр. Бұл жұмыстардың барлығы 2023 жылы аяқталады.

«Өздеріңіз білесіздер, елорданы газ­бен қамтамасыз етіп, тұрғындарға қолай­лы жағдай жасау – Елбасының ауқым­ды жобасы. Жоба қала тұрғын­дарының өмір сүру сапасын арттырып, қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Осы ба­ғытта жылу электр орта­лық­­тарын жаң­ғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр­мыз: осы жылдың соңына дейін қалған су жылыту қазандықтарын газға ауыстырамыз, ЖЭО-3 бойынша жобаға түзету жүргізілді, құрылыс-монтаж жұмыстары, оның ішінде су жылыту қазандығы да қалпына кел­ті­рілді. Егер 3-жылу электр орталығы 6,5 млн шаршы метр тұрғын үйді, со­ның ішін­де әлеуметтік нысандарды, әкім­ші­лік ғимараттарды жылумен қам­туға мүм­кіндік берсе, онда су жылыту қазан­дық­тарының қуаты 3-жылу электр ор­та­лығының қуатынан екі есе асады. Қа­­зан­дықтар бірінші кезекте тап­шы­лық бол­жанатын учаскелерді жылумен қам­та­масыз етеді», дейді А.Көлгінов.

 Елордалықтар газдандыру жүйесіне дән риза

Ел астанасында орналасқан елді ме­кен­дердің тұрғындары үйінің көгілдір отынға қосылғанына қуанады. Мәселен, Заманбек Әлкейұлы былтыр Көктал-2 елді мекеніне көшіп келіп, үйіне газбен жылыту пешін орнатуды жөн көрген екен. «Былтыр желтоқсан айында кө­шіп келдік. Содан бері газ қолданамыз. Бұл өте ыңғайлы, әсіресе жасы үлкен кісілерге тиімді. Көмір сияқты ауаны лас­тамайды, экологиялық тұрғыдан – таза, денсаулыққа пайдалы. Бәріңізді газға көшуге шақырамын. Көгілдір отын ар­қы­лы экологиямыз жақсарады», дейді З.Әлкейұлы.

Ал қала тұрғыны Айсұлу Аусарова болса, «Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Өзім сол ауданда, жеке үйде тұрамын. Өткен жылдың желтоқ­санында газ орнаттық. Бізге қатты ұнады. Жылы, өте ыңғайлы, бағасы да көмірге қарағанда тиімді. Енді өзім жұмыс істей­тін балабақшаны да газға көшіру жоспарланып отыр. Қуанышымызда шек жоқ», деп ағынан жарылды.

Көмірді көгілдір отынға айырбаста­ған елордалық тұрғынның бірі – Свет­лана Свобода. «Үйіміз жылы, бұрынғымен салыстырғанда тазарып қалды. Көмір жаққаннан кейін жылына бір рет ақтап тұратынбыз. Қазір олай емес. Сол сияқты тиісті мекемелер де кез келген жағдайда көмектеседі, тіпті құжаттарға байланыс­ты қиындық болса да көмектесіп, кеңес береді», дейді қала тұрғыны.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарса­ңында көгілдір отынды үйімізге кіргізіп отырмыз. Үйің жылы болса, жүрегің де жылы болатыны рас. Кешелі бері газ берілді. Түнде әдеттегідей пешке көмір салу үшін оянған жоқпыз. Ұйқымыз тыныш болды. Ал үйіміз әдеттегіден таза, температура бірқалыпты. Көмір жағып жүрген кездері жертөлеге бірнеше рет түсіп, пешке қара отын салып отыратынмын», дейді Оңтүстік-шығыс тұрғын алабында тұратын Ерден Омаров.

 Көгілдір отын көмірден арзан

Газға көшу экологиялық жағдайды жақсартуға оң әсер ететіні белгілі. Елбасы өз Үндеуінде де осы жайтқа айрықша назар аударған. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі көгілдір отынның экологиялық жағдайды жақсартуынан бөлек, қала тұрғындарына ауыртпалық түсірмеуіне де баса мән беріп отыр. Мәселен, газдың бір текше метрінің бағасы 45 теңгеден 38,3 теңгеге дейін төмендеді (бұрын бір текше метр үшін бағаны 60 теңгеге бел­гілеу болжанған болатын).

Қаланы газдандыру жұмысы бас­тал­­ғаннан бері тұрмыс жағдайы тө­мен отба­сылардың үйлерін көгілдір отын­ға қосуға көмек көрсету мәселесі қарас­тырылды. Бір жолғы әлеуметтік көмек зейнеткер­лерге, мүмкіндігі шек­теу­лі ересектерге, ерекше бала асырап отыр­ған отбасы­ларға, аз қамтылған көп­балалы отбасы­ларға беріледі. Со­масы – 263 мың теңге.

Қала әкімдігі жүргізген жұмыстардың нәтижесінде жеке сектор тұрғындары үшін есептегіштерді тегін беру мәселесі де қарастырылды. Ал «Halyk bank» АҚ және «ECOJER» қауымдастығымен ел­орда тұрғындарына үйлерін газға қосу үшін пайызсыз несие беру жұмысы ұйым­дастырылды.

Түптеп келгенде көгілдір отын кө­мір­мен жылытудан да арзанға шығады. Қазір елордада көмір жеткізушілермен жасалған келісімнің нәтижесінде қара отынның құны тоннасына 9500 теңге­ден басталып, 13500 теңгеге дейін же­теді. Бұған жеткізу, тасымалдау құ­нын қосыңыз. Қайткен күннің өзінде – көгі­л­дір отын тиімді. Мұны тұрғындар да түсініп келеді. Есесіне елорданы газдандыру жұмысы аяқталған соң қаладағы экологиялық жағдай да жақсара түседі.