• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қазан, 2021

«Измдердің» бәрін исламға телуден сақ болайық

652 рет
көрсетілді

Елдің бәріне мәлім, батыстық бұқара­лық ақпарат құралдары ислам десе, оның соңына экстремизм, терроризм, фундаментализм дегенді қосып айтпаса ішкен астары бойына жұқпайтындай. Оған тіпті бой да үйреніп барады. Бірақ адамзат тарихындағы қанды қасап қырғындарға көз жүгіртіп көрейікші.

Әлемде екі рет Дүниежүзілік соғыс болғаны баршаға аян. Ал оны бастаған кімдер? Ислам әлеміне қарасты мемлекеттің бірі соғыс өртін тұтатты ма? Жоқ, дүниежүзін шарпыған осы екі ұлы майданды ашқан ислам дінін қабылдаған мемлекеттер емес еді. Егер тарихқа тереңірек үңілсек, 300 жылға созылған «Крест жорықтары» еске түседі. Сайланып барып, христиан монархтарының, Рим папасының қолдауымен 300 жыл бойына дін атын жамыла исламға қарсы соғыс ашуы қаншама өмірді жалмады? Кейбір деректер 9 млн-нан аса адамның қаза тапқанын жазады. Одан кейінгі Франция тағы үшін Англиямен арадағы 100 жылдық соғыстың құрбандары қаншама? Сол соғыс уақытында әбден титықтаған қарапайым шаруалар бас көтеріп «Жакерия», «Уот Тайлер» көтерілістеріне шыққан. Мұнда да өз халқым еді деместен аяусыз қырып, Францияда көтеріліс басшысы Гильом Кальді ауыр азаптаудан соң «Мұжықтардың королісің» деп мазақтап, отта қызып, күйдірілген қып-қызыл темір тәжді басына кигізіп өлтірді. Англияда Уот Тайлерді Лондон мэрі опасыздықпен алдап көзін жойса, көсемсіз қалған шаруалардың ендігі үміті – Уот Тайлердің мүдделесі Джон Болл өлім жазасына кесілді. Ағылшын тағы үшін Плантагенеттер мен Ланкастерлер және Йорктар арасында 30 жыл бойына жүрген қырғынды да естен шығармайық. Протес­танттар мен католиктердің ымырасыз­дығы­нан тарихқа «Варфоломей түні» деген қанды атпен қалған қасап, ал одан бері жылжысақ, Рим папасы қолдаған католик Габсбургтер әулетінің протестанттар және олардың одақтастарына ашқан 30 жылдық соғысына да ислам дүниесінің еш қатысы жоқ болатын.

ХІІ-ХІІІ ғасырлардан бастап Африкадан Еуропаға тасылған құлдар керуені сан ғасырға толастаған жоқ. Византия империясының астанасы Константинопольдегі құл базарының саудасы қызып, Португалия мемлекеті ХV ғасырдың ортасынан бастап 200 жыл бойына құл тасудың көшін бір құрғатпаған көсемі болды.

1492 жылы Испанияның королевасы Изабелла Католичканың қолдауымен Хрис­тофор Колумб жаңа әлем Америка құрлығын ашып, 1502 жылдан еуропалықтар­дың байлық іздеп мұхит асуы үндістер атанған жер­гі­лікті халықтың басына қара түнек орна­ған. Қан­шама тайпа жер бетінен мүлде болма­ған­дай ізі-ғайым жоғалып, қалғандары тірші­лік­тері­не қолайсыз резервацияларға қуылды. Мұ­нан соң Африкадан адам төзгісіз жағдайда Амери­каға құлдыққа сатылған зәңгілер басы­нан кеш­кен азапқа да исламның еш қатысы жоқ еді.

ХVІІІ ғасырда Аустралия құрлығына ағыл­шын­дардың табаны тигенде мұндағы жұрт табиғатпен үндесе тіршілік кешіп жатқан-ды. Зорлықпен жерлерінен айырып, тұрмысқа қолайсыз аудандарға күштеп қуылу, тілінен, танымынан, ғасырлық мәдениет, ғұрпынан айыру аустралиялық аборигендердің де тұқымын тұздай жойып жіберуге шақ қалды. Тіпті 1900 жылдан 1970 жылдарға дейін аустралиялық абориген отбасында ақ нәсілмен аралас қанды бала туылса, оны міндетті түрде ата-анасынан тартып алу заңды түрде жүргізілді. Әке-шешеге ондай жағдайда баласын көруге, тілдеспек түгіл хат жазуына рұқсат етілмеді. Осының барлығын жасаған ислам фундаменталистері, ислам террористері емес-тін.

70 млн адам қатысқан Бірінші дүниежүзі­лік соғыс, одан кейін сол кезеңнің саяси картасында белгіленген 74 мемлекеттің 62-сі қатысқан Екінші дүниежүзілік соғыс қаншама ғұмырды жалмады?

Біздің халықта «Жығылып жатып, сүрін­генге күлме» деген қанатты сөз бар. Жоға­рыдағы тарихтан көзі ашық жанның бәріне мәлім оқиғаларды шола отыра еріксіз сондай ойға келеді екенсің. «Ислам пәленбайы, ислам түгенбайы» деп айдар тағып, әлемге құбыжық етердей ислам діні нәтінде қанқұйлы емес. Хақ тағаланың кәріне ұшыраудан қорқып, біреудің адал несібесін тартып алуды, сол жолда мақсатына жетуі үшін тірі пенденің өмірін қиюды уағыздаған емес. Ислам дінінің табиғатына тереңірек бойлаған жан ондай имансыздыққа бармайды. Ал кісіге, бір адам түгіл тұтас халыққа зорлық көрсету имандының ісі емес екені айқын. Сондықтан бас-көз жоқ, түбіне бойламай исламға қатысты айтылатын толып жатқан теріс «измдерді» қолдануда сақ болған жөн тәрізді.