• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 15 Қазан, 2021

Транзиттік тасымалға тың серпін

197 рет
көрсетілді

Алматыда TransLogistica Kazakhstan-2021 халықаралық көрмесі өз жұмысын бастады. Көрмеге Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Латвия, Литва, Ресей, Украина және Эстониядан 80-нен астам компания қатысуда.

 

Биыл көрмеге келген экспо­ненттердің 60%-ы шетелдіктер. Сарапшылар бұл халықаралық бизнес қауымдастықтың біздің еліміз ашатын мүмкіндіктерге деген жоғары қызығушылығы мен сенімін көрсетеді деп есептей­ді. Ауқымды жобаның ашылу салтанатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев Үкімет басшысы Асқар Маминнің құт­тықтау хатын оқып берді.

«Қазақстан Еуразия құрлы­ғы­ның маңызды Көлік желілерінің ортасында орналаса отырып, Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік көпір мен сенімді серіктес екенін көрсетті. Мұны көрме мен конференцияға қатысу­шылардың халықаралық құра­мы дәлелдейді. «Translogistica Kazakhstan-2021» халықаралық көрмесі транзиттік-көлік әлеуе­тін дамытуға, ұзақмерзімді және өзара тиімді серіктестік қаты­настарды одан әрі нығайтуға үлес қосатынына сенімдімін», делінген құттықтауда.

«TransLogistica Kazakhstan- 2021» көрмесі Орталық Азия өңірінде бизнес әріптестіктің ауқымын кеңейту арқылы жаңа өнімдер мен қызметтерді іске қосу әлеуетін арттырып отыр. Іс-шараға қатысушы тараптар өзара тәжірибе алмасып, транзиттік ба­ғыт­ты одан әрі жандандыру мәсе­лелерін бірлесе талқылады. Пан­демия кезеңі көлік дәліздерінің әлеу­меттік қажеттілігі мен эконо­микалық тиімділігінің маңызын көрсетіп берді. Бұл еліміздегі инвестициялық тартымдылықты күшейтуге де ықпал еткені мәлім.

«Қазақстан көлік саласын және көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін дамыту үшін зор күш-жігер жұмсауда. Үкімет пен Индуст­рия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірқатар сала­лық бағдарламаны іске асырды, саланың құқықтық негізі қалыптасты, көлік қызметтерін көрсету үшін қолайлы бәсекелестік орта құрылды. Соңғы 15 жылда еліміздің көлік саласына шамамен 35 млрд доллар салынды», деп атап өтті вице-министр Б.Камалиев.

Жүк тасымалдарының кедер­гісіз өтуі үшін транзиттік дәліз­дерді жаңғыртуға ерекше көңіл бө­лінеді. Бүгінде Қазақстан ар­қы­лы 11 халықаралық транзит­тік дәліз өтетін болса, оның 5-еуі темір жол және 6-уы автомо­биль жолдарына тиесілі. Рес­пуб­ликалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 100 мың шақырым, ал темір жолдың ұзындығы 21 мың шақырымды құрайды.

Қазақстандағы 20 әуежайдың 18-і ИКАО талаптарына сәйкес деп танылған. Биыл 2-11 тамыз аралығында өткізілген ICVM шеңберінде ИКАО ұшу қауіпсіздігінің халықаралық стан­дарттарына сәйкестік деңгейі (84%-ға дейін) артып отыр. ИКАО-ның объективті бағалауы саладағы реформалардың оң әсерін көрсетеді дейді мамандар.