• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Қазан, 2021

Тарихи сананы жоюдың ерекше тәсілдері қолданылған

333 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның қызметін сүйемелдеу жөніндегі жобалық кеңсе Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, «Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбан­дары бойынша материалдар жинау тәжірибесімен алмасу туралы» тақырыбында республикалық семинар өткізді.

Мемлекеттік комиссияның мү­­шесі, жобалық кеңсенің басшысы Сабыр Қасымов семинар жұ­мысына республиканың бар­лық аймағындағы өңірлік комис­сиялардың жұмыс топтарының өкілдері белсене атсалысқанын жеткізді. Семинарға мемлекеттік, діни қызметкерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен еріктілер қатысты.

Семинар барысында Кеңес Одағы дінді қоғамдық саладан, сондай-ақ адамдардың санасынан, олардың құндылықтар жүйесінен шығаруға бағытталған мемлекеттік атеизм саясатын жүргізгендіктен, барлық дін өкілі қуғын-сүргінге ұшырады деген пікірлер айтылып, соған сай деректер ортаға салынды. Қатысушылардың айтуынша, Кеңес өкіметі дін саласынан бұқараға айтарлықтай әсер ететін және большевиктік-коммунистік идеологияны енгізуге мүмкіндік бер­мейтін күшті идеологияны көрді.

1918 жылғы қаңтарда «Шір­кеу­ді мемлекеттен, мектепті шір­кеуден бөлу туралы» Жарлық қа­былданды. Оны жүзеге асыру мақ­сатында қабылданған нұсқау­лар барлық діни ұйымды заңды құқықтарынан айырды және олар­дың мүлкін ұлттық қазына, яғни мемлекеттік меншік деп жариялады. Осы сәттен бастап мешіттерді, шіркеулерді және басқа да діни мекемелерді тонау және қирату басталды. Өз сенімдерін қорғаған ондаған имам, иерарх сот пен тергеусіз атылды.

Қазақстанда дін қайраткерле­рін қудалау Кеңес өкіметі орнаған кезден басталды, бірақ қуғын-сүр­гін әрекеттері мен жазалау ша­ралары әртүрлі кезеңдерде түр­лі дәрежеде жүргізілді, яғни өз ерек­шеліктері болды.

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін елде халыққа қарсы «Кіші Қазан» бағдарламасын жүргізу басталғанда шын мәнінде кең ауқым­ды, жүйелі сипатқа ие болды. Бұл ретте, қудалаудың негізгі тетік­тері мен әдістері: мешіттер, храмдар, синагогаларды тәркілеу, діни қызметшілерді қудалау жә­не бас бостандығынан айыру, діни қа­уымдарды мемлекеттік тіркеуден айыру, діни мекемелер мен діни басылымдарды жабу, мешіттерден, шіркеулерден, синагогалар мен өзге де діни ғимараттардан тыс белсенді діни қызметке іс жүзінде тыйым салу болды.

Екі-үш жыл ішінде барлық мұ­­сыл­ман діни бастауыш және ор­­та оқу орны жабылды. Араб әліп­­­биінде жазылған оқулықтар мен кітаптар латын әліпбиіне кө­шірілді.

Жиында айтылғандай, Қа­зақ­станда 1928-1933 жылдар ара­лы­­ғында 198 мешіт пен шір­кеу жа­былғаны мәлім болды. 1929 жылға дейін 2 469 ишан тұт­қын­далып, ауыр ең­бекке са­лынған. Ал 1931-1932 жыл­­дары республикамызда 19 800 дін қыз­метшісі тұтқында­лып, қыл­мыс­тық жауапкершілік­ке тартылды. 1940 жылы «Қарлаг­та» 355 ишан қамауда болды. Олар­мен бір­ге мешіттердің қатардағы қыз­­мет­шілері де қуғын-сүргінге ұшы­рады.

Қазақстанның православ шір­кеуіндегі жағдай да осындай. Астана және Алматы епархия­сының әулиелерді канонизация­лау жөніндегі комиссиясының төрағасы, Алматы теология семи­нариясының оқытушысы Яков Воронцовтың мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстан мен Орталық Азия аумағында осы сенімнің қу­ғын-сүргінге ұшыраған 5 379 қыз­метшісі анықталды. Олардың 4 000-нан астамы Қазақстан аума­ғында тұрған. Олардың 2 000-ының есімі сайтта көрсетілген. Бірақ ті­зім үнемі жаңартылып отырады, өйткені іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда.

Топтық қылмыстық істер кеңі­нен қолданылды. Мәселен, Ақмо­лада контрреволюциялық идеялары үшін 16 адам сотталып, Ақмола облысының имамы Темірғали Мир­валиев бастаған алты адам атыл­ды. Тіпті тұтқындарды да айып­тады. Мысалы, ойдан шы­ға­рылған іс бойынша шетел­дік діни ағымға қатысы бар контр­рево­люциялық қызметі үшін «Қар­лагта» жазасын өтеген Сергей Зверев бастаған тоғыз православ діни қызметкері сотталды. Барлығы да атылды.

Дінге қарсы маңызды науқан­дардың бірі ғасырлар бойы, тіпті мыңдаған жыл бойғы халықтық және діни мерекелерді кеңестік мерекелерге ауыстыру болды. Осы мақсатта «Комсомольское Рож­дество», «Комсомольская Пасха» сияқты іс-шаралар енгізілді. 1926 жыл­дан бастап «Наурыз», ал 1930 жылдан бастап Құрбан айт мейрамына тыйым салынды.

Саяси қуғын-сүргін құрбан­дары – дәстүрлі дін өкілдері туралы көптеген мәлімет әдейі жо­йыл­ғанын немесе жоғалғанын, кей­біреулері әлі күнге дейін құ­пия­лан­дырылғанын және әлі зерт­телмегенін, діни қайраткерлер тек діни құндылықтарды қорғағаны үшін ғана емес, сондай-ақ қылмыс­тың басқа да құрамы бойынша сотталған. Осы және басқа да се­бептер бойынша қазақстандық дін­басылардың қуғын-сүргін ауқы­мын объективті сипаттайтын толық деректер бізде әлі жоқ.

«Мемлекеттік комиссияның және аймақтық топтардың, ғы­лыми мекемелердің және жалпы қо­ғамның міндеті – Кеңес дәуі­рін­дегі саяси қуғын-сүргін құр­бандарының осы санатын то­лық зерттеу, жазықсыз зардап шек­кендерді толық саяси және заң­ды оңалту үшін ұсыныстар ен­гізу. Бүгінгі республикалық тақы­рып­тық семинар осы мәселені шешуге өз үлесін қосуда», деді жобалық кеңсенің басшысы С.Қасымов.

Негізгі баяндамашы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің профес­со­ры Досай Кенжетаев Кеңес зама­нындағы мұрағаттық деректерде тарихи есімдерді сызып тастау әрекеті байқалатынын атап өтті.

«Кеңес өкіметіне қарсы нара­зылықтар жекелеген аймақпен шек­телмейді. Өздеріңіз білетіндей, Созақ көтерілісі секілді, Қазақ­стан­ның түкпір-түкпірінде, сон­дай-ақ Ош, Ферғана аудандарын­да көтерілістер болды. Олар жалпы­ұлттық маңызға ие болса да, жекелеген адамдардың мүдделерінен туындаған көтерілістер ретінде кө­рініс тапты», деді Досай Кен­жетаев.

Д.Кенжетаев бұрынғы мұра­ғаттық деректерде тарихи маңызы бар барлық есім нөмірлерге ауыс­ты­рылғанын атап өтті. Яғни №1, №2 ауылдар деп сақталған. «На­ра­зылықтарға қатысқандар тура­лы мәліметтерде олардың ауыл­дары тарихи атаумен емес, нөмір­мен белгіленеді. Бұл да тарихи сананы жоюдың ерекше тәсілі. Сонымен қатар діни ұғымдарды адамдардың санасынан өшіру әдісі қолданылды», деп түйіндеді ғалым.

Семинар барысында қуын-сүргін саясатын зерттеу тақырыбы бойынша жаңа мәліметтер айтылды, жоғары деңгейлі пікір алмасу болды.