ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңын пайдалану туралы келісімін жүзеге асыру мақсатында Қырғыз Республикасының ірі қаржы ұйымдары мен институттарының 20 жетекшісінен тұратын бизнес-делегация АХҚО-ға келді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сапар аясында АХҚО мен Қырғызстан Банктері Одағы, Америка сауда-өнеркәсіп палатасы, Халықаралық Іскерлік Кеңес, Ресей-Қырғыз Даму Қоры арасында АХҚО алаңының мүмкіндіктерін пайдалана отырып Қырғыз Республикасына инвестиция тарту мен капитал нарығын дамыту бойынша ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
Кездесу барысында құнды қағаздар мен венчурлі инвестицияны, инновацияны, цифрландыру мен электронды коммерцияны дамыту туралы келісімдерге қол жеткізілді. Тараптар АХҚО алаңы арқылы перспективалы жобаларға, соның ішінде инновациялық және қаржылық идеялар мен стартаптарға бағытталған экологилық және әлеуметтік жобаларға инвестиция тарту бойынша жұмыстарға ерекше көңіл аударуға ниетті.
АХҚО лицензиясын алған алғашқы қазақстандық венчурлі компания MOST Ventures бен АХҚО қаржы технологиясы саласныдағы қатысушы қырғызстандық Namba Group компаниясы арасында бірінші раундта 1 млн АҚШ доллары көлемінде қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды.
Қырғызстан делегациясы АХҚО Соты мен Халықаралық Төрелік орталығы, Қаржы қызметтерін реттеу комитеті, Исламдық қаржы және бизнес хабы, Жасыл қаржы орталығы, Экспат орталық, АХҚО биржасы, Үздіксіз кәсіби даму бюросы мен АХҚО Тех хабы жұмыстарымен танысты.
Бұған дейін АХҚО делегациясы қаржы нарығымен танысу және инвестициялық өнім мен қызметтерді зерттеу, сонымен қатар АХҚО артықшылықтарын таныстыру мақсатында Бішкекке барған.
Сапар барысында мемлекеттік және жеке меншік құрылымдар өкілдерімен кездесулер өтіп, АХҚО Әкімшілігі мен Қырғыз Республикасы Инвестиция министрлігі арасында, сонымен қатар «Оптима Банкпен» инвестиция тарту, құнды қағаз нарығын дамыту, венчурлі, жасыл және исламдық қаржыландыруды және кадрлық потенциалды дамыту үшін халықаралық сертификация мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.