Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері өнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеуі керек. Бұл туралы ТМД ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«ТМД елдерінің өнеркәсіптік кооперациясын кеңейтуге, оның ішінде бірлескен кәсіпорындар құруға, шаруашылық субъектілерінің өндірістік байланыстылығы мен тиімді ынтымақтастығын қамтамасыз етуге негізгі назар аудару қажет. Бұл үшін кемінде 2025 жылға дейін қолдаудың нақты тетіктері мен құралдары бар өнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Президентінің атап өтуінше, сауда-инвестициялық қызметті нығайтуда сауда қызметтері туралы келісімге қол қою да қосымша мүмкіндіктер ашады. «Сонымен қатар біз осынау маңызды құжатты келісу процесін жеделдету қажет деп санаймын. Сондай-ақ ортақ аграрлық нарық құру мәселесі де өтекті деп санаймыз. Ауыл шаруашылығы секторындағы кооперацияны тереңдету азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инфрақұрылымдарды дамытуға, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталуы тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда ТМД мемлекеттерінің азық-түлік жүйесінің өзара іс-қимылын дамыту стратегиясын әзірлеу біздің ортақ мүддемізге жауап бере алар еді», деді Мемлекет басшысы.