• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қазан, 2021

Талас ауданында жомарт жандар ауылды көркейтуде

827 рет
көрсетілді

Қазақ халқында қолда барын өзгемен бөлісу, көмек қолын созу, жомарттық таныту игі қасиет болып саналады. Ғасырлар бойы қазақ даласында жалғасып келе жатқан осынау дәстүрдің желісі үзілмей, бүгінгі күнге жетіп отыр.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жомарт түлек» жобасы да бүгінде өз жемісін беруде. Әулиеата өңірінен шыққан белгілі азаматтар да қазіргі кезде ауылдың гүлденуіне, дамуына өздерінің үлесін қосып келеді.

Талас ауданы, Тұрымқұл елдімекенінің азаматтары ұйымдасып, елге, жерге деген перзенттік құрметін істерімен көрсетті. Туған жерге ту тігуді мақсат еткен түлектер өз қаражаттарына ауылдан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнап «Мәңгілік алау» ескерткіші, балалар ойын алаңы, «Ойық баба» мешіті және субұрқақ сияқты бірнеше нысан салып, ел игілігіне берді. Бұл ретте ауылдан осындай нысандардың салынғанына жергілікті тұрғындар да ризашылықтарын білдіруде. Ал, ауылдан шыққан атымтай жомарт азаматтар бұл жұмысын Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап отыр.

Аталған шараға Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілі Бейбіт Мырзагелдиев, Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, ауыл қариясы Әзімбай Бәйтенов жиналған көпшілікке тілектестік білдіріп, осынау игі істің ауылда атқарылуы орынды екенін жеткізді. Ал, Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтарды Жамбыл облысы әкімінің және Талас ауданы әкімінің Құрмет Грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті. Сонымен қатар, кәсіпкер Мақұлбек Мырзақұлов «Шыңғысхан» шаруа қожалығының атынан жаңа мешіттің жұмысына атсалысқан азаматтарға сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті. Ауылдықтардың ұйымшылдығының нәтижесінде «Ойық баба» мешіті бір жарым жылға жуық уақыттың ішінде толығымен аяқталды. Жалпы құны 80 миллион теңгеге салынған мешітке қаржылай демеушілік танытқан да Мақұлбек Мырзақұлов екенін айта кеткен жөн. Жиында Жиембет Бегаділов ауылдық інілерінің атынан Мақұлбек Мырзақұловқа ат мінгізіп, шапан жапты.

Бұдан кейін жиналған көпшілік «Мәңгілік алау» ескерткішінің, балалар ойын алаңының, «Ойық баба» мешітінің және субұрқақтың ашылу сәтін тамашалады.

Ауылдан шыққан соғыс ардагерлерінің есімдері жазылған «Мәңгілік алау» ескерткішін «Аралбек» шаруа қожалығының төрағасы Ерлан Аралбеков өз қаражаты есебінен салып беріп отыр. Нысанның құрылысына 5,5 миллион теңге жұмсалған. Ал, «Нұртас» шаруа қожалығының төрағасы Нұрдәулет Сәрсен 3,5 миллион теңгеге балалар ойын алаңын салса, «Бастаубай» шаруа қожалығының төрағасы Ғалым Бастаубаев субұрқақтың құрылысына өз есебінен 2,5 миллион теңге бөліп, ел игілігіне берді. Туған жерге деген перзенттік парызын сөзбен ғана емес, іспен де дәлелдеп жүрген азаматтар ауылды көркейту шаралары мұнымен шектелмейтінін, алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып отыр. Енді Тұрлыбай ауылынан ауыл жастары үшін спорт алаңы мен қыстық спорт залы салынатын болады. Салтанатты жиыннан соң көпшілік көркемөнерпаздардың ұйымдастыруымен концерттік бағдарламаны тамашалады.

Шара соңы аламан бәйге, тай бәйге сияқты ұлттық ойындарға ұласты. Бәйгеден оза шауып келген жүйріктерге ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықтар мен арнайы жүлделер табысталды.