Президент 7 қазанда Ұлттық жобалар тізбесін бекіткені мәлім. Соның бірі – «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу». Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген бұл жобаға Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Сауда және интеграция, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері атсалысқан.
Ұлттық экономика министрлігі экономика салаларын дамыту департаментінің директоры Олжас Сыздықовтың дерегінше, жоба үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – шикізаттық емес сектор инвестицияларының өсуі, сондай-ақ құн жасаудың жаһандық және өңірлік тізбектеріне қосылу негізінде экономиканы әртараптандыру. Екінші бағыт өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құру арқылы халықтың табысын арттыруға бағытталған. Үшінші бағыт – төмен көміртекті даму трендін ескере отырып, жаңартылатын энергия көздері базасында электргенерацияның озық дамуын қамтасыз ету.
Жоба 5 бағыттан тұрады. Олар – индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ химиясы кешенін дамыту, геологиялық зерттеулерді дамыту, энергетикалық кешенді дамыту және шикізаттық емес экспортты ілгерілету. Бұған қоса негізгі 6 міндет және 13 көрсеткіш айқындалған.
– Индустриялық-инновациялық даму бойынша екі негізгі міндет айқындалды. Яғни өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту, сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту. Бұл үшін кәсіпорындардың жаңа технологияларды сатып алуына, енгізуіне, жабдықтарды монтаждауға және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ кадрлардың біліктілігін арттыруға, технологиялық жабдықтарды сатып алуға кредит беру, оның ішінде лизинг шарттарын жақсартуға арналған шығындарын өтеу жөніндегі кешенді шаралар әзірленеді. Осылайша, 2025 жылға дейін цифрлы технологияларды пайдаланатын өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың үлесін 23 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. 2025 жылы жабдықтар мен машиналар үшін негізгі капиталға салынатын инвестициялар 1 трлн теңгеден асатын болады, – дейді О.Сыздықов.
Бұл ретте өндіріс көлемін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту міндетін орындау үшін 418 индустриялық жобаны іске асыру жоспарлануда. 2025 жылға қарай негізгі капиталға 11 трлн теңгеден астам инвестиция тартылмақ.
Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің өнімін экспорттау көлемі 24 млрд долларға ұлғаяды деп күтілуде. Жаңадан құрылатын біліктілігі жоғары жұмыс орындарының саны шамамен 100 мыңды құрамақ. 2025 жылға дейін іске қосу жоспарланған ірі жобалардың қатарында Monterra Qasaqstan, «Еврохим-Қаратау», «Мега Смарт», KamLit KZ және басқа да серіктестіктер бар. Бұл ретте республикалық деңгейде 50 негізгі жоба айқындалған.
– Мұнай-газ химиясы кешенін дамыту бағыты бойынша сыртқы сұранысты қанағаттандыру үшін ірі жоғары технологиялық мұнай-газ химиясы өндірістері енгізіледі. 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ химия зауытын пайдалануға беру жоспарланған. Олар – полипропилен өндірісі, бензин мен полипропиленге арналған қоспа өндірісі, метанол өндірісі, полиэтилентерефталат өндірісі және Қашаған кен орнының шикізаты базасында газ өңдеу зауыты. Осының нәтижесінде мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 360 мыңнан 2 млн тоннаға дейін, яғни 5 есе ұлғаяды. Сонымен қатар экспорт 9 есе өседі, – дейді министрлікке қарасты экономика салаларын дамыту департаментінің директоры.
Геологиялық барлау саласын дамыту инвестициялық тартымдылықты арттыруға және геологиялық материалдарды сақтау мен өңдеуді заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталады. Аумақтың геологиялық зерттелуін қамту 683,9 мың шаршы шақырымға ұлғаяды. Бір қор қоймасы, 2 керн қоймасы салынады және 4 керн қоймасы жөнделмек.
– Төртінші бағыт экономика мен халықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында энергетикалық кешенді жаңғыртуды көздейді. 2025 жылға дейін жұмыс істеп тұрған электр стансаларын жаңғырту есебінен 5 404 МВт қосымша қуатты іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары арасында екінші тізбек (220 кВ) салынбақ. Қабылданған шаралардың нәтижесінде электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінен алынатын электр энергиясының үлесі 6 пайызға жетеді. Жобаларды іске қосу экономиканың электр энергиясына қажеттілігін 120 млрд кВт/сағатқа дейін өтейтін болады, – деді О.Сыздықов.
Шикізаттық емес экспортты ілгерілету бағыты бойынша шикізаттық емес экспорт көлемін 41 млрд долларға дейін өсіру міндеті шешілмек. Бұл үшін жаңа экспорттаушыларды өсіруге және жұмыс істеп жатқан экспорттаушылардың құзыретін арттыруға бағытталған экспорттық акселерация бағдарламасын дамыту жалғасады. 1 мың белсенді экспорттаушының сыртқы нарықтарға шығуы қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар 350-ге жуық экспорттаушыны Alibaba, Amazon, OZON секілді электронды сауда платформаларына шығару жоспарлануда. Бұған қоса мемлекеттік эталондардың халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету үшін сынақ зертханалық базаларының 30 пайызы, яғни 250-ден астамы жаңғыртылмақ.
– Экспорттаушыларды сыртқы нарықтарға ілгерілету үшін бірқатар шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, экспорт алдындағы және экспорттық қаржыландыру; сақтандыру, айналым қаражатын толықтыру үшін қаржыландыру; экспорттаушылардың шығындарын өтеу; экспорттаушылардың логистикалық шығындарын өтеу тетіктері жұмыс істейді. Осының нәтижесінде шикізаттық емес тауарлардың экспорты 14 млрд доллардан 29 млрд долларға дейін ұлғаяды. Көрсетілетін қызметтер экспорты 2,4 есе өспек, деп нақтылады департамент директоры.
Ұлттық жобаны қаржыландыру үшін 15,9 трлн теңге керек. Оның 402 млрд теңгесі республикалық бюджетте қарастырылған. 15,5 трлн теңгені жеке инвестициялар есебінен тарту көзделіп отыр.
Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 2025 жылға дейін 102 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылып, еңбек өнімділігі 20 пайызға өседі. Өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемі 1,5 есе ұлғаяды. Шикізаттық емес экспортты 41 млрд долларға дейін, яғни екі есе ұлғайту көзделген. Жаңартылатын энергия көздерінен алынатын электр энергиясының үлесі генерацияның жалпы көлемінің 6 пайызын құрайтын болады.
Ұлттық жоба Жалпыұлттық басымдықтарды және елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарын іске асыру үшін әзірленгенін атап өткен жөн. Сондай-ақ жоба 2025 жылға қарай орнықты экономикалық өсуді 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуге бағытталған.