• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қазан, 2021

Әлеуметтанудың елді дамытудағы маңызы зор

898 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан әлеу­мет­танушыларының VII конгресі өтті. Жиынға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев қатысты.

Іс-шарада Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан қоғамында сапалы өзгерістер болғанын айтты. Сондай-ақ осы аралықта қолға алынған реформалар парадигматикалық әлеуметтік өзгерістерге ықпал еткенін және қо­ғам­ның құрылымы түбегейлі жаңғыр­ғанын сөз етті. Осы кезеңде еліміз­дегі барлық негізгі қоғамдық-саяси, әлеу­меттік-экономикалық және мәдени-гу­ма­нитарлық өзгерістерге үнемі әлеу­меттік зерттеулер жүргізіліп отырды.

«Қарқынды саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырулар құн­дылықтар жүйесінің өзгеруіне әкеліп соқты. Әрине, Қазақстан қоғамы үшін Тәуелсіздіктен асқан құндылық, еркіндіктен қымбат ұғым жоқ. Біздің қоғамда болып жатқан өзгерістердің бәрі әлеуметтік ғылымдардың зерттеу тақырыптары екені сөзсіз. Бұл ретте әлеуметтанушылардың маңызы зор. Сондықтан Қазақстанның дамуына әлеуметтанушылар үлкен үлес қосты деп айтуға толық негіз бар», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Спикері қазіргі таңда Қазақстанда жүйелі жаң­ғыру үрдісі жалғасып жатқанына, ашық­тықты, бәсекеге қабілеттілікті және саяси жүйенің тиімділігін қамта­масыз ету үшін ауқымды жұмыс қолға алынғанына назар аударды. «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғамды маңызды мемлекеттік шешімдерді талқылауға жұмылдыру үшін құ­қық­тық жағдай жасалуда.

«Мемлекет басшысы қыркүйек айында жариялаған Жолдауында тәуелсіз әлеуметтік зерттеулердің маңызы зор екенін айтты. Президентіміз тәуелсіз әлеуметтік сауалдамалар әкімдердің жұмысын бағалаудың маңызды тетігі болуы керектігіне де тоқталып өтті. Биліктің жұмыс сапасына қатысты халықтың шынайы көзқарасын осындай зерттеулер беруі қажет», деді Се­нат Спикері.

Оның айтуынша, бүгінде мем­ле­кеттік саясатты тәуелсіз, объективті және сапалы әлеуметтік қолдауға деген сұраныс артып келеді. Дегенмен бұл салада шешуді қажет ететін проблемалар да аз емес.

«Соңғы жылдары елімізде көптеген әлеуметтік сауалдамалар жүргізілді. Оған бөлінген қаражат та аз болмағаны түсінікті. Алайда сол зерттеулердің сапасына қатысты шағымдар жиі айтылады. Зерттеулерге тапсырыс беретін мемлекеттік органдарға да қатысты мәселелер бар. Мысалы, осындай зерттеулерді жүргізуге шақырылатын ұйымдарды іріктеу кезінде кәсіби талаптар лайықты деңгейде ескеріле бермейді», деді Мәулен Әшімбаев.

Бұл мәселені шешуде кадр даяр­лау ісі негізгі басымдықтардың бірі екені сөзсіз. Сондай-ақ әлеумет­та­ну­шылардың кәсіби деңгейі жаңа жағдайға сай болуы да аса маңызды. Сенат Төрағасы бұл бағытта цифрлы технологияларды кеңінен пайдалану және Big Data талдауы арқылы зерттеу құралдарын жаңғырту да өзекті екенін айтты.

«Қазақстан Парламентінің Сена­ты отандық әлеуметтану ғылы­мына заңнамалық қамтамасыз ету тұр­­ғы­сынан жан-жақты қолдау көрсе­туге дайын. Сенат сарапшылар қауым­дас­тығын дамытуға арналған жобаларды қолдайды. Сонымен бірге, біз Клубтың бастамасымен қолға алынған жаңа қоғамдық жоба – Талдау мектебіне де қолдау білдірдік. Бұл бастаманың мақсаты – мемлекеттік қызметте және академиялық ортада жұмыс істейтін жас мамандардың талдау тәсілдерін меңгеруіне көмектесу», деді Мәулен Әшімбаев.

Осыған орай Сенат Төрағасы бар­лық мүдделі тарапты аталған бастаманы бірлесіп іске асыруға шақырды.

Президент Әкімшілігі Басшы­сының бірінші орынбасары Дәурен Абаев өз сөзінде: «Бүгінгі іс-шараға қазақстандық әлеуметтану ғылымының барлық қауымы жиналғанын пайдаланып, сіздердің кейде серіктес, тіпті кейде оппонент әрі сыншы ретіндегі жұмыстарыңызға ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл өте маңызды рөл. Өйткені дәл осы социология шынайы жағдайды ой елегінен өткізуге көмектеседі. Сіздер қоғам үшін және мемлекет үшін де әлем картинасын құрылымдайсыздар», деді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекет мүлдем әртүрлі форматтағы әлеуметтік зерттеулердің ең ірі тапсырыс берушілерінің бірі болып отыр. Осы орайда ол барынша маңызды бас­тамаларды еске салып өтті.

«Бұған дейінгі жылдары бұл сұ­раныстың қоғамдық-саяси жағдайды өлшеуден бастап, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің индикаторларын өлшеуге дейінгі электоралдық мониторингтің қалай қалыптасқанын жақсы білесіздер. Ел Прези­ден­тінің азаматтар тарапынан әкімдердің қызметін бағалау жөніндегі бастамасы мемлекет тарапынан маңызды қадам болды. 2019 жылдан бері мұндай бағалау жыл сайын жүргізіледі. Әзірше олар жылына 2-3 өңірді ғана қамтиды. Бірақ үлкен ауылдық округтерге дейін бағалау барынша қомақты әрі жан-жақты», деді Дәурен Абаев.

Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының президенті, Түр­кі­тілдес елдер әлеуметтанушылар ода­ғының президенті Марат Тәжин алғаш­қы 30 жыл еліміз үшін ерекше кезең болғанын атап өтіп, осы уақыт­тағы жетістіктердің тарихта мәңгі сақталатынын айтты.

«Менің ойымша, Елбасы өткен ға­сыр­дың 90-жылдарында-ақ оң консенсус құра алды. 1997 жылдың өзін­де Қазақстан ел дамуы бойынша «Қазақстан-2030» ұлт жоспарын қабыл­дағанын есте ұстаған жөн. Еліміз қысқа уақыттың ішінде алға қойған мақсаттарына жете алды. Әлеумет­тану бойынша барлық сұрақты ше­шу­ге қажет құралдар, арсенал қолда­ны­лады деуге болады. Біздің әлеумет­танушыларымызда жақсы теориялық арсенал бар, әлеуеті жоғары. Мен үлкен балама әлеуметтік теориялар уа­­қы­тының аяқталғанын атап өткім келеді. Бұл заманауи теориялық әлеу­мет­та­нумен айналысатындарға мәлім. Қазір өзара орындауға болатын теориялық әлеуметтанудың уақыты келді деп ойлаймын. Бізге сол қажет», деді Марат Тажин.

Алқалы жиынға Қазақстанның Че­хия Республикасындағы Төтен­ше және өкілетті елшісі, Қазақ­стан әлеуметтанушылары қауым­дас­ты­ғының президенті, Түркітілдес елдер әлеуметтанушылар одағының пре­зиденті Марат Тәжин, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Умаров, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдыр­әлі, ғылыми-академиялық және са­рап­тамалық-талдау ұйымдары мен қоғам­дас­тықтардың, қоғамдық бірлестік­тердің өкілдері, саясаттанушылар, философтар, дінтанушылар, сондай-ақ алыс-жақын шет мемлекеттердің ғалымдары қатысты.

Айта кетейік, Қазақстан әлеумет­та­ну­шы­ларының қауымдастығы бұған дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еура­­зия Ұлттық университетінде «Тәуел­­сіз Қазақстан жас ғалым­дар зерттеу­лерінде» атты жас әлеу­мет­танушы­лар форумын ұйымдастырды. Соның ая­сында белгілі қазақстандық әлеумет­танушылар жас ғалымдарға арнап ше­берлік сабақтарын өткізді. Одан бөлек, Жас әлеуметтанушылар форумы барысында «Зерттеуші-әлеумет­та­нушылардың жаңа сын-қатерлерге арналған құзіреттері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.