Көрнекті ғалым, белгілі жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың 70 жасқа толуына орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Елдік ұстаным және тәуелсіздік нысанасы» атты халықаралық конференция ұйымдастырылды.
Іс-шараға қатысқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев мерейтой иесінің ғалымдық, жазушылық қырына тоқталып қана қоймай, Қазақстанның тарих ғылымына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Бұл ретте Тұрсын Жұртбайдың 1922-1937 жылдар аралығындағы, 50-жылдардағы ұлт зиялыларын қудалау, қуғын-сүргінге ұшырату туралы, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі басшылары мен мүшелерінің үстінен жүргізілген тергеу істерінің негізінде жазылған «Ұраным – Алаш!..» атты үш томдық зерделі зерттеуіне ерекше назар аударды.
– Бұл еңбек рухани дүниемізге үлкен серпіліс әкелді. Тұрсын Жұртбай осы үштомдық іргелі зерттеу еңбегі мен «Алаш ақиықтары» атты сирек деректер жинағы негізінде біртұтас Алаш идеясының тұжырымдамасын мүмкін болғанша толық ашты. Ғалым Алаш партиясының Кеңес үкіметіне қарсы астыртын іс-әрекеттері деген 14 томнан тұратын істі түгелдей дерлік сүзіп шықты. Осылайша, бұған дейін жасырын болып келген талай қиянат пен қасірет парақтарын ақтарды. Ол 1988, 1991 және 1997 жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивіндегі 100-ден астам мемлекеттік аса құпия құжаттармен, тергеудің сұрақ-жауаптарымен, айыпкерлердің көрсетінділерімен, айыптау қорытындыларымен танысып шығуға мүмкіндік алды. 15 жылдан астам уақыт бойы ғылыми ізденіс жүргізіп, әйгілі үштіктің сотындағы айыптаулардың жалғандығын әшкерелейтін тың деректерді ғылыми айналымға түсірді, – деді Қ.Көшербаев.
Осы орайда Мемлекет басшысының Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі.
– Комиссия еліміздегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлығын анықтап, соның негізінде жазықсыз жапа шеккендерді толық ақтауды көздейді. Осы тұрғыдан алғанда Тұрсын Жұртбайдың жылдар бойы жүйелі атқарып келе жатқан зерттеу жұмыстары мемлекеттік комиссияның міндетімен үндес, екеуі бір өзеннің арнасындай десек қателеспейміз, – деді Мемлекеттік хатшы.
Қ.Көшербаевтың пікірінше, Қазақстан тарихының кеңестік дәуірі саяси, әлеуметтік, экономикалық қарама-қайшылықтарға толы. Тарихшылар алдағы уақытта осы тақырыптарды және басқа да зерттелетін мәселелер төңірегінде тарихнамалық талдауларды көбейтуі керек. Кеңестік дәуірдің ащы шындығын ашып көрсететін түбегейлі зерттеулер тәуелсіз Қазақстанда әлі де жеткіліксіз.
– Қазақстан тарихына қазіргі заман тұрғысынан қарау керек. Бұл оны дүниежүзілік тарихпен, Еуразия континеті тарихымен, көшпелілер өркениетімен, түркі халықтары мен Орталық Азия елдері тарихымен кешенді түрде қарастыру деген сөз. Сондықтан атқарылар шаруа да ауқымды. Тарихи сананың іргетасын тарих ғылымы қалайды. Бұл сала кешеге дейін идеологиялық қасаңдық құрсауында болды. Қазақстан тарихы таптық көзқарас тұрғысынан көбінесе сыңар жақ ыңғайда жазылды. Ел тарихының көптеген принципті мәселелері түбегейлі дәйектелген жоқ. Қазақ этнонимінің шығуы, қазақ халқының этногенезі, қазақ мемлекеттілігінің тууы мен қалыптасуы, көшпелі қоғам эволюциясы секілді мәселелер кешенді зерттеуді қажет етеді, – деді Мемлекеттік хатшы.
Қ.Көшербаев атап өткендей, Қазақстан тарихы мен қазақ этносы тарихының аражігі ажыратылмаған. Қазақ хандығының Ресей империясының құрамына кіру тарихының жай-жапсары да әлі толық ашылған жоқ. Қазақстанның КСРО құрамындағы дамуына да реалистік тұрғыдан қарау қажет. Әртүрлі этностық қауымдардың Қазақстанға көшірулі мен жер аударылуына, олардың осы жерде қоныс тебуіне қатысты мәселелер де өз зерттеушілерін күтіп отыр.
Сонымен бірге конференция барысында Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын оқып берді. Онда Тұрсын Жұртбайдың әдебиет пен мәдениетке, тарих пен руханиятқа қосқан зор үлесіне ерекше назар аударылған. Белгілі ғалымның мерейтойы енді өзі туып-өскен Семей өңірінде жалғаспақ.