Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рухани келісім күнімен құттықтады, деп жазады Egemen.kz.
«Елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 18 қазан «Рухани келісім» күні ретінде бекітіліп, осы датаға маңыз беріліп жатқан жайттың да өзіндік айрықша мәні бар. Өйткені, рухани келісімсіз келешек жоқ.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ» деген еді.
Аллаға шүкір, бүгінде Еуразия жүрегінде бейбіт ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақстан төрткүл дүниеге бітімгер, араағайын, ымырашыл іргелі ел ретінде танылды. Еліміздің рухани бірлігін нығайтуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да сүбелі үлес қосып келеді.
Орыс православие шіркеуінің Қазақстан және Астана митрополиті Александр еліміздегі мұсылман қауымын жыл сайын Құрбан айт мерекесімен құттықтайды. Мен де өз тарапымнан православ сеніміндегі христиандарды Рождество мерекесімен құттықтап, арнайы хат жолдаймын. Өйткені, өркениетті елдердегі діндераралық татулықтың қалыптасуы – аса маңызды іс. Мұсылманның ұлық мейрамы – Құрбан айт күні, сонымен қатар Рождество мерекесі күні ресми демалыс ретінде жариялануы маңызды шешімнің бірі болғаны анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында: «Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсіну қажет. Біз қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз» деп атап өтті.
Расында, қазақ көшін бастаған кешегі хан-сұлтандарымыз ел басқару ісін ең әуелі ұлтты ынтымаққа ұйыстырды. Бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы ретінде баршамыз бірлігімізді бекем етуге үлес қосуымыз тиіс деп санаймыз», делінген құттықтауда.