Өресі биік тұлғаларды алдыңғы қатарға шығара алмаған және солардың ақыл-ойы мен іс-әрекетінің игілігін пайдаланып, жемісін тұтына алмаған қоғам ауыр дағдарысқа ұшырайды, деген екен Әл-Қайс. Қазақ тарихының терең түкпіріне үңілсек, ұлтқа ұстын болатын тау тұлғаларға кенде еместігіміз көңіл көзімізге анық көрінеді.
Қиялдары ұлы ұлттық арман аспанында самғап, мүдделері мәңгілік ел мұратына жұмылған ата-бабаларымыз Ұлы дала төсінде ғасырлар бойы үстемдік құрып, елдікті сақтаудың озық дәстүрін қалыптастырды. Қалыптастырып қана қоймай, оны берік ұстанып, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап отырды.
Қазақ үшін қазан қасиетті бұйым. Халқымыз қазаннан айырылуды құт-берекесінен айырылумен тең санаған. Егер Ұлттық кодты шартты түрде киелі қазан-ошаққа теңейтін болсақ, оны құлатпай, қисайтпай ұстап тұратын аяқтары ретінде Ана тіл, Ата дәстүр, Баба тарих, Дәстүрлі дін секілді құндылықтарды айтар едік. Егер оның бірі қисайса немесе әлсіресе я болмаса сына қалса, қазанның ішіндегі қасиетіміз – Ұлттық кодымыздың уызы шайқалып, төгілуі ғажап емес. Төгілген нәрсе былғанады, былғанған затты қайта тазарту қиынның қиыны. Сондықтан аталған құндылықтар арқылы қалыптасатын ұлттық болмыстан ажырамауды ұлттық парыз деңгейіне көтеруге мәжбүрміз. Алаш қайраткерлері осыны терең түсінді. Түсініп қана қойған жоқ, ұлттық құндылықтарымызды сақтау жолында әдебиетпен қатар, саясат болсын, білім-ғылым болсын – қоғам өмірінің барлық саласында қыруар шаруа атқарды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Жапон мемлекеті секілді Ұлттық мемлекет құруды көкседі. Мұның бәрі елдік арман-мүдделердің ғасырлар қойнауынан жеткен дәстүрлі жалғасы еді. Таудан бастау алған бұлақтар өзенге ұласып, өзендер теңізді толтыратынындай, ұлттық руханиятымыздың теңізі саналатын Абай мұралары – Алашорда алыптарының шамшырағы іспетті зор міндет атқарды. Өз кезегінде Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастаған ғасыр басындағы ағартушы топ ұлтымыздың рухани бағдаршамы етіп Абай жолын, Абай мұрасын ұсынды.
Шынтуайтында, қайбір ұлттың болмасын, арман-аңсары мен тілек-ниеті, қуаныш-жұбанышы мен қайғы-қасіреті – тұтастай рухани өмірі әдебиетте көрінеді. Ұлттың төл тарихы мен әдебиетінің тарихы – егіз ұғымдар дейтініміз сондықтан.
Ұлт тарихында тағдыршешті кезеңдер мен шоқтығы биік, оқтығы озық тұлғалар болады. Көпшіліктің тарихты тұлғалар жасайтынын жиі сөз етуі де бекер емес. Сондай алыптардың бірегейі – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүріп, саналы ғұмырында халқының қамын күйттеп, қалың елі – қазағын ағартуға қайрат еткен ақын, хакім Абай Құнанбайұлы еді. Абай несімен құнды деген сұраққа қазақ руханиятының тамыршысы Өзбекәлі Жәнібеков: «Абайдың басты ерекшелігі – көне заман тарихын, Шығыс пен Батыстағы ренессанстық, одан кейінгі жаңа заман мәдениетін біліп, олардың өресінен қазақ санасына жаңа идея, ой-пікір әкелгендігі», деп пікір қалдырған екен.
Елге билік жүргізген болыстың ауқатты отбасынан шығып, дүниеден тарлық көрместей шалқып ғұмыр кеше алатын жағдайы бар байдың баласы бола тұра, жан рахатын тәрк еткен Абай, қарапайым қазағының арасында жанын азаптап жүріп, халқын ағарту жолында тыным көрмеді, бұқараға жақын болды, қарашаның дауын даулап, жоғын жоқтады:
...Кедейдің өзі жүрер
малды бағып,
Отыруға отын жоқ
үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып,
тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны
бүрсең қағып, –
деп өрілетін өлең өрімдері ақынның азаматтық болмысын айқын көрсететін жолдар. Егер ол өз жұртын сүймесе, қазақтың қайғысына қабырғасы қайысып, күйіп-жанып, өртенер ме еді?! Абайдың бұл дәстүрі өз кезегінде кейінгі толқынға үлгі-өнеге, адастырмас шамшырақ болды. Нәтижесінде, Абай дәстүрінің тікелей мирасқоры саналатын Алаш қайраткерлері ХХ ғасыр басындағы тек әдеби үдерісте ғана емес, қоғам өмірі мен саяси қадамдарында да хакім салған сара жолдан сәуле тапты.
Ата жұрты бұқара
Өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп, – деген Асанқайғының қағидасын ту етіп көтеріп, одан берідегі Абай мұрасын жата-жастана оқып қана қоймай, оны хакім деңгейінде бағалап, өздері де қазақтың қабырғалы, мүйізі қарағайдай қайраткерлеріне айналған Алаш зиялылары Абай дәстүрін тек сөзбен емес, іспен де жаңғыртып, болашақ ұрпаққа сарқылмас мол мұра қалдырумен қатар, аласармас зор міндет те жүктеп кетті. Халқын бақытқа бастар жолда серке болуды мақсат тұтып, ұйқыдағы ел санасын «маса» болып оятуды да ғұмырлық мұрат еткен де солар еді. Өздері «Алашорда ақсақалы» деп ат берген Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақтың жайнар даласы, Жетілер оқып баласы» деген жыр жолдары да олардың бүгіндік емес, ғұмырлық; отбасылық емес, отандық, ұлттық мүдделердің төңірегінде жұдырықтай жұмылғандығынан хабар береді.
Зерттеулер Алаш әдебиеті Абай дәстүрінің тікелей мирасқоры екенін, ХХ ғасырдың өн бойында көркем шығармашылық саласындағы қол жеткізген олжа-табыстарымыздың баршасы ұлттық рухани қазынамыздың бірден-бір сарқылмас көзі – Абай дәстүрінің жемісі екенін айтады. Алаш қайраткерлерінің тұлға ретінде қалыптасуына Абай шығармалары қалай ықпал еткен болса, сондай-ақ, ғылыми-зерттеулерді парақтай келе, Абайды тану мен таныстыруда да тыңнан түрен салғандар Алаш қайраткерлері болғанын бағамдап отырмыз. Абай ақындығына баспасөзде тұңғыш баға берген – Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Абайды орыс әлемі арқылы дүниежүзі оқырмандарына тұңғыш танытушы – Әлихан Бөкейхан. Абайдың өлеңдеріне тұңғыш тұщымды талдау жасаған – Ахмет Байтұрсынұлы. Бұрын-соңғы абайтанушылардың тізбегін жасаған және татар әлеміне алғаш таныстырған – Міржақып Дулатұлы. Абайға өлең жазып, оны тұңғыш «Хакім» атаған – Мағжан Жұмабай. Бұл біз парақтаған зерттеулердің бірауызды түйіні. Енді осы түйінді тарқатып көрелік.
Өмірхан Әбдиманұлы «Алаш және Абай» атты еңбегінде: «Абай ақындығына баспасөзде [«Дала уалаяты», 1889, І. 48] алғаш баға берген Мәшһүр Жүсіп Көпеев. 1909 жылы Абайдың Петербургта шыққан өлеңдер жинағына Кәкітай Ысқақов «Абай (Ибрахим) Құнанбайұлының өмірі» атты алғы сөз жазды», деп көрсетеді де, ал орыс оқырмандарына Абай есімі бұдан ертерек танылды. Абай өмірі мен творчествосының білгірі Қайым Мұхамедханов Абайдың көзі тірісінде оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам – Әлихан Бөкейханов екенін айтады, дейді.
Абайды тұңғыш таныған және танытуға табан тіреген жандардың тізбегін жасау үшін, біз авторлардың ол жайында жазған тұңғыш еңбектеріне ғана тоқталып отырмыз. Әйтпесе, бұдан кейінгі кездері де Әлиханның Абай есімін әлемге танытуға арнаған мақалалары жарық көрген. Ал Әлекеңнің Абай шығармашылығына берген бағасы тіпті керемет: «Өлеңдерінен көрініп тұрғандай, Абай асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ».
Ғалымдар Міржақыптың Абай жайлы бір мақаласының 1908 жылы татар тіліндегі «Уақыт» газетінің 393-санында жарияланғанын жазады. Бұған қарап, Абайды татар әлеміне тұңғыш танытушы деп Дулатұлын атасақ болатындай. Ал Абай шығармашылығына тұңғыш рет жүйелі зерттеу жүргізіп, әдеби талдау жасаған, сөйтіп толымды пікір айтқан ғалым Ахмет Байтұрсынұлы. «Оқу құралы» кітабының сыртқы бетіндегі:
Балалар, бұл жол басы
даналыққа,
Келіңдер, түсіп,
байқап қаралық та!
Бұл жолмен бара жатқан
өзіңдей көп,
Соларды көре тұра
қалалық па?
Даналық өшпес жарық,
кетпес байлық,
Жүріңдер, іздеп тауып
алалық та! –
деп жырлаған Ахаң, осы даналықтың негізгі дәнегін Абай шығармаларынан тапқандай әсер қалдырады. Олай дейтініміз, Ахаң ұйымдастырып, редакторы болған «Қазақ» газетінің өзі 1913 жылдан шыға бастады десек, басылымның осы жылғы 39-41 сандарында «Қазақтың бас ақыны» мақаласын жариялады. Бұл жайында профессор Ө.Әбдиманұлы: «Автор мақаласында өзі пір тұтып, талантын, дарындылық қасиетін ерекше бағалаған Абай ақынды сол заманның ақындарынан даралап көрсетеді, оның артық екенін дәлелдейді. Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлы қалың жұртқа Абайды таныстыру мақсатында оның шығармаларын газет бетіне жиі жариялап тұрған. Ол «Қазақ» газетін екінші Абай мектебіне айналдырды», деп жазады. Мұны Ахаңның бір ауыз сөзінен де аңғаруымызға болады. «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білуі керек. Абайды қолымыздан келгенше қадірлі жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетке басып, көпке көрсетпекшіміз», деген салиқалы пікірінде «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынұлының осы жолда өзіне де үлкен міндет жүктегенін аңғарамыз.
Абай шығармашылығын елге танытуда ерекше маңызға ие тағы бір мақала бар. Ол хакімнің қайтқанына 10 жыл толуына байланысты жарияланған Міржақып Дулатұлының кезекті дүниесі болатын. Жақаң Абай мұрасын насихаттауда Әлихан мен Ахметтің еңбектерін ерекше бағалай келе, екі алыпты тұңғыш абайтанушылар деп атаған.
Көрнекті ғалым Шериаздан Елеукенов «Абай және Мағжан» атты еңбегінде Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды Алаштың үш алыбының Абай хақында жазған мақалаларынан ықшам әрі нақты, қысқа да нұсқа мысалдар келтіреді де, Мағжан ақынның Абайды қалай сүйіп, исі қазақтың данышпан ұстазы деп бағалағанын, сондықтан оған «Хакім» деп ат бергенін жазады. Сондай-ақ осы еңбекте Абайға хакім атағын тұңғыш берген Мағжан екені де, Мағжанның «Алтын хакім Абайға» атты өлеңі бекер жазылмағаны да тілге тиек етіледі.
Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналғанын өзінің бағдарлы мақаласында жазған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істің Абайсыз жүзеге аспайтынын меңзеген. Мемлекет басшысы сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашылатынын ескертіп, осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептейтінін: «Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет», деген пайымды пікірімен білдірген болатын. Тіпті хакімнің мерейтойын ұлттық тағылым деңгейінде ұйымдастыруға байланысты арнайы Жарлыққа қол қойып, Абай жылын жариялады. Бұл шешім халқымыздың еңсесін тіктеп, елдік рухын көтеруге көп ықпал етті. Кешегі Алашорда алыптары аңсаған арайлы ақ таң осы болар.
Абай – қазақтың рухани темірқазығы. Біз қандай жағдайда да соған байлануға тиіспіз. Ал рухани арқауды Абайдан бері тартқанда Алаш мұраларынан тысқары кетпей, оларды көктей өткеніміз мақұл. Онсыз әдебиет тарихы, жалпы ұлт тарихы түгенделмек емес.
Қазір білім-ғылым мекемелерінде Абай орталықтарының қатары артып келеді. Мұны ел Тәуелсіздігінің нақты жемісі деп айтуымызға болады. Тұлғатанушылар мен зиялы қауым өкілдері мұндай орталықтардың қатарын алдағы уақытта да көбейте беру керектігін, сондай-ақ, оған жастарды көптеп тартудың маңызы зор екенін ескертіп отыр. Олар бұл үрдісті ел жастарының рухани құндылыққа деген көзқарасын қалыптастырып, жаһандану дәуірінде Ұлттық кодты сақтауда маңызды тетік болады деп сенеді. Ал осы орайда, сол орталықтарда Абай және Алаш мұраларының сабақтастығын сақтай отырып, Ұлттық болмыс пен мемлекеттік мүддеге басымдық беріп оқытқанымыз одан да абзалырақ деп ойлаймыз.
Серік СЕЙІТМАН,
Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері