Шаңырақты шаттыққа бөлеп, үй ішіндегі ауызбірлік пен махаббатты бекіте түсетін бірден-бір дәнекер – бала. Өкінішке қарай, елімізде әрбір алтыншы отбасы бір перзентке зар болып отыр. Арасында бала болмауы көбіне талай жұптың ажырасуына әкелетіні де белгілі. Ал «Отан отбасынан басталады» дегендей, мемлекет қашан да әрбір отбасының берік қалпында сақталып қалуына мүдделі.
Бұл ретте Президенттің тапсырмасымен биылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы қаншама отбасыға бала сүю бақытын сыйламақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырып, экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламалары бойынша бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе ұлғайды. Бұл ретте осыған дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 900-1000 квота бөлініп келгенін атап өткен жөн. Жалпы, ЭКҰ процесі 2010 жылдан бері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қосылған.
Бұл бастама сәби аңсаған қаншама отбасыға шарапатын тигізіп, үмітін жалғайтыны сөзсіз. Өйткені он жылдан аса уақыттан бері барлығы 7 мыңға жуық адам ЭКҰ әдісіне тегін жүгінсе, енді осынша шамадағы әйел квотаға бір жылда-ақ қол жеткізе алады. Әлбетте, бала сүйе алмай отырған отбасылар мәселесін шешуді осылай нақты іс-шаралармен қолға алмаса, жағдай одан бетер ушыға беретіні анық. Әйтпесе, бала көтере алмайтын азаматтардың саны жылдан-жылға артып, сәйкесінше шайқалған шаңырақ та азаймай тұр. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының былтырғы қыркүйектегі мәліметі бойынша, 9 467 әйел бедеулік диагнозымен тіркелген екен. Ал биылғы 1 қыркүйекте бедеулік бойынша есепте тұрған әйелдердің саны 14 039-ға жеткен. Бұған қоса бала сүйе алмайтын 117 ер адам да есепте тұр.
Денсаулық сақтау министрлігі қосалқы репродуктивтік технологиялар (ҚРТ) мәселесі бойынша құрамына репродуктолог, эмбриолог сияқты жетекші мамандар кіретін жұмыс тобын құрды. Қазір осы жұмыс тобы Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығымен бірлесіп, бедеулік бойынша ерлі-зайыптылар тіркелімін әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл процесті министрлік тікелей бақылайды.
Бүгінгі таңда «Аңсаған сәби» бағдарламасын сәтті жүзеге асыру мақсатында бала көтеруге қабілетті жастағы әйелдер мен ерлердің санын, бұған қатысты облыстар мен қалалардағы жағдайды ескере отырып, ЭКҰ-ның 7 мың квотасын бөлу жүргізілді. Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы ұсынған ақпарат бойынша биыл 15 қыркүйекте 5 980 (85%) пациент ҚРТ бағдарламаларын жүргізуге жолдама алды, оның ішінде 4 345 пациентке ЭКҰ жасалды, сондай-ақ 1 361 процесс басталды.
Елімізде 26 экстракорпоральды ұрықтандыру орталығы бар. Оның ішінде қазір 19 клиника «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бөлінген квоталар бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл қатарда «Экомед» клиникасының жұмысын ерекше атап өтуге болады. Аталған клиниканың ғылыми директоры, биология ғылымының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова биылдан бастап қолға алынған бағдарламаның нақты нәтижесін бір жылдан кейін көруге болатынын алға тартты.
– «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды наурыз айынан бастадық. Бұл бағытта республика көлемінде 19 клиника жұмылдырылды. Соның ішінде біздің «Экомед» клиникалар желісі 2 мыңға жуық квота бойынша жұмыс істеп жатыр. Бізге бөлінген квоталардың ең көп үлесі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына тиесілі. Ал Шымкент қаласындағы клиникамызда 500-ге тарта квото бойынша ЭКО жасалуда. Осы орайда аталған бағдарлама арқылы жұмыс ауқымы айтарлықтай артқанын айта кеткен жөн. Мысалы, елімізде осыған дейін квотамен он жылда барлығы 9 мыңға жуық ЭКҰ жасалған болса, биыл осынша ауқымдағы жұмысты 8-9 айда атқаруға тура келді. Әрине, бағдарлама жаңадан қолға алынып жатқандықтан, квоталарды бөлу, оларды іске асыру жұмыстарына әжептәуір уақыт керек. Оның үстіне біраз шаруаға қолбайлау болып тұрған пандемияның біздің салаға да келтірген кедергісі аз емес. Квота иеленген пацинеттеріміздің ішінде індет жұқтырып, ауырып қалғандары, сондай-ақ вакцина салдырмағандары баршылық. Бұған қоса бір пациентке ЭКҰ процесін жүргізудің өзі 3-4 ай уақытты алады. Сондықтан қазіргі кезде «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша жұмыстарға баға беруге әлі ерте. ЭКҰ жасаған пациенттердің бәрі бірдей алғашқы талпыныстан бала көтеріп кете алмайды, ол жаратылыстың заңы. Бір жақсысы, бір квота аясында бірнеше мүмкіндікпен ЭКҰ жасауға жағдай қарастырылған. Көбінесе бағдарлама аясында бірнеше эмбрион алып, криоконсервация жасауға болады.Яғни алғашқы талпыныстан жүкті бола алмаған әйелге осындай эмбриондарын бір-екі айдан соң салса, оң нәтиже алуға болады, – деді С.Байқошқарова.
Сондай-ақ С.Байқошқарова квоталарды тиімді үлестіру мәселесін, бұл ретте алдымен перзент сүйе алмай жүрген емделушілерді назарға алу керек екенін атап өтті.
– «Аңсаған сәби» бағдарламасы атына сай болуы керек. Мысалы, өткенде 42 жастағы әйел квота алып, клиникаға келді. Дәрігерлер тиісті медициналық сараптама жүргізіп, әйелдің жүкті болу нәтижелілігі төмен болатынын анықтады. Олар әйелге «Сізде жүкті болу нәтижесі төмен, егер ұрық шықпаса, донорлық ұрықпен ғана нәтиже болуы мүмкін» деді. Әйел одан бас тартқан. Ол «Мемлекеттің ақшасы ғой, болса болды, болмаса керегі жоқ. Менің екі балам бар» деген. Осылайша, науқас ЭКҰ-дан өткен, ұрық шықпаған, нәтиже болмаған. Ол квотаны не үшін алды, оған квота неге берілді? Түсініксіз. Мұндай жағдайда квота бір перзентке зар болып жүрген, ұрығы жеткілікті әйелге берілгені жақсы еді. Мемлекет қаржысын орынсыз пайдалану осындайда туындайды. Мысалы, Израильде бір отбасыда екі бала туғанша тегін ЭКҰ жасалады, ал Қазақстанда 3-4, кейде 5-6 баласы бар әйелдер квота алғысы келеді. Баласы жоқ жұптар қаншама, оларға квота жетпей жатыр, – деді репродуктолог-эмбриолог.
Жоғарыда ЭКҰ жүргізу үшін кезекте тұрған пациенттерге 2010 жылдан бері квота бөлініп келе жатқанын атап өттік. «Аңсаған сәби» бағдарламасы басталғанға дейін бағы жанып, квота иеленгендер айтарлықтай көп емес еді. Биылға дейін бөлінген 7 мыңдай квотаның нәтижесінде 3 мыңға жуық бала дүниеге келіпті. Мұнда жүргізілген ЭКҰ әдісінің бәрі бірдей нәтижелі бола бермейтінін түсіну керек. Өйткені пациенттердің денсаулығы әрқалай. Ал осы квотаға ілініп, бірінші талпыныстан-ақ жүкті болып, аман-есен босанған бақытты жанның бірі – Қызылорда қаласының тұрғыны Әсел (өз өтініші бойынша тегі көрсетілмеді).
– Мен тұрмыс құрғаннан кейін 6 жыл құрсақ көтере алмадым. Осы аралықта талай дәрігерге қаралып, қаншама емхананың есігін тоздырдық. Әбден амалымыз құрыған соң, жолдасымыз екеуміз ақылдаса келе ЭКҰ жасатуға шешім қабылдадық. Бірақ оны жасатуды қалтамыз көтере бермейтін еді. Сондықтан Алматы қаласында қаралып жүріп, ЭКҰ жүргізу үшін берілетін квотаның кезегіне тұрған едік. Бірақ кезекте үміткерлер саны көп болғандықтан, квотадан аса үміттене қоймадық. Кейін кезекте тұрғанымызды ұмытып та кеткен едік. Бірақ араға екі жыл уақыт салып, квотаға ілінгеніміз туралы жақсы хабар алдық. Өз ақшамызға болсын, ЭКҰ жасатамыз деп жүргенде бұл квота бізге үлкен көмек болды. Сөйтіп тиісті құжаттарды жинап, жасатқан ЭКҰ сәтті болды. Көптен күткен, аңсаған сәбиімізге қолымыз жетіп, ұлды болдық. Құдай қаласа, енді екінші баламызға да ЭКҰ арқылы әрекет жасасақ деген ниетіміз бар. Президент тапсырмасымен ЭКҰ-ға бөлінетін квоталардың 7 есе көбейгенін естіп қуанып қалдым. Бір перзентке зар болып, ЭКҰ жасатайын десе жағдайы келмей жүрген қаншама отбасына бұл бастама көп көмегін тигізеді. Жақында менің кеңесіммен құрбым мен жолдасы квота иеленіп, қуанып жүр. Осындай бақыт бала күткен барлық отбасына бұйырса екен деп тілеп жүремін, – деді Әсел.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқан өңірдің бірі – Нұр-Сұлтан қаласы. 2021 жылы елордада ЭКҰ жүргізуге 484 квота бөлінді. Бұл туралы №2 қалалық көпбейінді аурухана директорының амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасары Сәуле Ибраева айтып берді.
– Биылғы дерек бойынша астанада бедеулік диагнозымен 1 458 ерлі-зайыптылар тіркелген. Оның ішінде 787 ерлі-зайыпты ЭКҰ процедурасына мұқтаж болып отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Аңсаған сәби» бағдарламасы бала сүйе алмай, экстракорпоральды ұрықтандыруды жүргізуге квота алу үшін кезекте тұрғандардың санын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жұмыс тобы осы жылға бөлінген квоталар бойынша жұмысты толық жүргізіп жатыр деуге болады. ҚРТ бағдарламасы бойынша 2021 жылдың 9 айында ауруханаға жатқызу порталы бойынша 437 ерлі-зайыпты тіркелді. Жалпы, биылға қарастырылған квота саны 484 екенін ескерсек, 47 пациент қана өз кезегін күтіп отыр. ЭКҰ жүргізетін клиниканы таңдау пациенттің өз еркінде. Нұр-Сұлтан қаласының аумағында осы жоғары технологиялық қызметтерді төрт медициналық орталық ұсынады. Олар – «UMC» корпоративтік қоры, «Экомед-Плюс», «Астана Эколайф», «МедИнновация-Астана» (Геном). Аталған клиникалардың барлығы астаналық пациенттерге ҚРТ қызметін жүргізу үшін жақсы жабдықталған. ЭКҰ тиімділігі орта есеппен осы клиникалар бөлінісінде 29-40%-дан құрайды, – деді С.Ибраева.
Жалпы, ЭКҰ әдісі терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. ЭКҰ-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек. Сондай-ақ Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге (репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебе, жоғары фолликулярлық резерв) сәйкес келуі қажет.
Мамандар мына жағдайларда ғана науқасты экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы мүмкін: жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы.
ЭКҰ-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару қажет. Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электронды тіркеліміне қосады және бірқатар тексерулер тағайындайды. 12 ай ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы, яғни емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда, әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, ем-шараға дайындай бастайды. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы.
МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ ем-шарасын жасар алдында ерлі-зайыптыларды тексеру тізбеге сәйкес жүзеге асырылады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ – циклдің базалық бағдарламасы қарастырылған.