• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Қазан, 2021

Бөкей ордасының бағын ашқан – Тәуелсіздік

423 рет
көрсетілді

«Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа, бірақ тағы» деген қазақ поэзиясының патриархы Қадыр Мырза-Әлінің екі шумақ өлеңі ел аузында жүр. Бұл жалпы ұлт тарихына қатысты айтылған ақиқаттың жыр жолына айналған түрі болса, елдікті еңселендіруде Бөкей хандығының құрылуы мен қалыптасуы да осы қалың тарихтың сүбелі бір бөлігін құрайтыны хақ.

да орнады деген жадағай ақпа­ратты 70 жылға жуық уақыт бойы желпілдетіп келді. Ал осы ке­ңес­тік билік түгін тартса майы шық­қан қасиетті Нарын өңіріне не берді? Несімен жарылқады? Бұл са­уалдарға жауап берілген жоқ. Ке­рісінше кеңестік кезеңде мемле­кет­тіліктің барлық нышандары болған шұрайлы өлке ядролық сынақтардың алаңына айналды. Оның зардабы әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Тек тәуелсіздіктің іргетасы қа­лан­ған тұста ғана ежелгі Бөкей хандығын қоныстанған ел-жұрт­тың өз қолдары өз ауыздарына жете бастаған еді. Егемендіктің бүгінгі отыз жылдық бедерлі белесінен көз тастаған кезде Нарын өңірінде елдік пен мемлекеттілікке қол жеткізу жолында атқарылған ілкімді істер аз емес. Бұл жөнінде егемендіктің елең-алаңында Бөкей ордасы ауданының әкімі қызметін атқарған Лавр Хайретдинов өз ой тілегін төмендегіше түйіндеді.

– «Аман елдің аты шығады» демей ме дана халқымыз. Бүгін­гі күні тәуелсіздігіміздің топшы­сы беки түскен кезде тотали­тар­лық режім қыспағынан аман шыққа­нымызға шүкіршілік етуіміздің де әбден жөні бар. Шынтуайтына келгенде кеңестік идеология үс­тем­дік құрып тұрған кезінде шынайы шежіреміз бен терең тари­хымыз қолдан ұмыттырылды. Сол олқылықтардың орнын толтыру кезеңі тәуелсіздікке қол жет­кізгеннен кейінгі 5-6 жылдан соң басталды.

Шын тарихты қалпына келтіру мен ұлттық болмысты жандандыру отандық тарихшылар мен барша Қазақстан халқына тәуелсіздік та­лаптары жүктеген мерейлі міндет деп санаймын. Бір сөзбен айт­қан­да, тұтастай тәуелсіз елдің бір пұш­пағы Бөкей ордасының бағын ашқан – Тәуелсіздік деп білемін. Тәуел­сіздіктің қадір-қасиетін біз осы­лай түсініп, бағалауымыз қажет деген ойдамын. Әрі бұған қосарым, Орда ауданы деп ата­лып келген аймаққа Бөкей де­ген анықтауыштың қосып аталуы да Тәуелсіздіктің тигізген ша­пағаты. Өйткені Нарын құмы жұрт­шылығының даму мен өркениетке қол созу кезеңдерінің бәрі Бөкей атауымен тікелей байланысты. Жоға­рыда айтылғандай шын та­рих­ты қалпына келтіру деп жүрге­ні­міздің бір мысалы да осы болып шығады.

Бұған қосарымыз, тоқсаныншы жылдардың  екінші жартысында облыс әкімдігінде Бөкей хан­ды­ғы­ның 200 жылдығын атап өту ша­ра­лары белгіленіп, оған әзірліктің іс-жоспары жасалған еді. Атап айтқанда, 1996 жылы сол кездегі облыс әкімі Қабиболла Жақыпов бекіткен қаулыға сәйкес тиісті іс-қимыл жоспары белгіленіп, Хан орда­сы ауылындағы мұражай кеше­ні мен тарихи ғимараттарға жөн­деу жұмыстарын жүргізу қол­ға алынды. Сонымен бірге Бөкей хандығының тарихын жа­ңа сапалық деңгейге көтеру мәсе­ле­лері қозғалып, бұл бағытта тарихи-зерттеу еңбектер мен кітаптар жазу қолға алынды.

Сондай-ақ 2000 жылдың аяғын­да Елбасы Нұрсұлтан Назар­­­баев­­тың Жарлығымен Батыс Қа­­зақ­­стан облысының әкімі болып тағайындалған  Қырым­бек Көшер­баев Бөкей хан­ды­ғы­ның 200 жыл­дық датасы шең­берінде атқарыл­ған жұмыс­тар­дың екінші тынысын аша білді. Осыған орай қосым­ша қара­жат бөлініп, Хан ордасын­дағы тарихи ғимараттарға күрделі жөн­деу жүргізу ісіне «Казрес­тав­ра­ция» мамандары тартылды. Көп ке­шік­пей белгілі ғалым-этнограф Са­лық Бабажановқа кесене тұр­ғызу жұмыстары басталды.

Бөкей хандығының 200 жыл­дығын атап өту мен Бөкейдің бел баласы, тікелей мұрагері Жәң­гір ханға кесене тұрғызудың арасында белгілі бір байланыс пен сабақтастық бар екендігі анық. Кеңестік идеология жетекшілері бірыңғай сіңірі шыққан қара табан кедейшілікті насихаттап, ұлт тари­хында алатын орны мен рөлі жоғары материалдық игіліктерді жасау көздерін таба білген «үстем тап» өкілдері мен хандарды күре­сінге ысырып тастады. Әрі оларға кеңес адамдарының жек­кө­рі­ніш­тілік сезімін туғызуға тырыс­ты. Мұндай құлдық сана-сезімнен бірден арылу да оңайға тимеген шығар.

Айтайын дегеніміз, Тәуел­сіз­дігіміз жарияланғаннан кейін арада 5 жыл өткен соң Хан орда­сы ауылы тұсында Жәңгір ханға кесене тұрғызылып, оның ашы­луына Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың арнайы келіп қатысуы тек бөкейордалықтар ғана емес, бар­лық отандастарымыздың бойында хандар мен хандық бас­қару жүйесіне қатысты жаңа тарихи сананың орнығуы мен қалыптасуына септігін тигізгені анық. Бұл 1997 жылдың қыркүйек айы еді. Бұл оқиға аудан тарихына ал­тын әріптермен жазылып қалды деуге болады. Нұрсұлтан Әбіш­ұлының кесененің ашылу сәтінде тұтастай қазақ хандығының тари­хы, соның ішінде елге сіңірген еңбегі айтулы Жәңгір жөнінде төгіл­діре сөйлеген салиқалы сөзі тұр­ғындар арасында ерекше серпіліс туғызды. Асқақ рух пен ұлттық сана-сезімінің шырқау биікке бір-ақ көтерілген кезі болды бұл күн. Дәл осы күннен бастап халық­тың Елбасы мен Үкіметке және жер­гілікті атқарушы билік өкілде­ріне деген сенімі бұдан әрі арта түс­кені байқалды. Сондай-ақ дәл осы күннен бастап ауданда Тәуел­сіз­дік талаптарына сәйкес жер-су­дың тарихи атауларын қалпы­на келтіру жөнінде кең ауқымды істер жүргізіле бастады.

Біз бүгінгі әңгімемізді ең ал­ды­мен тәуелсіздіктің қадір-қасиеті жөнінде бастап, өтпелі кезеңде атқарылған істерді айту­ды келесі кезекке қалдырып қой­ған секілдіміз. Бөкей ордасы ауданында өтпелі кезеңде мал басы, оны бағып-қағу нүктелері, мекеме-кәсіпорын ғимараттары, өзге де инфрақұрылымдық инже­нерлік-коммуникациялық жүйе­лер талан-таражға ұшырамай сақталып қалғаны үлкен олжа. Оның ішінде екі ауданды қамтып отыр­ған Аймекен топтық және жергі­лікті маңызы бар Ақмектеп су құ­бырларының орны бөлек. Сон­дай-ақ материалдық актив­тердің әркімнің алдын ала есеп­телген пайларына сәйкес бөлінуіне баса назар аударылды. Салыстырмалы түрде алғанда аудандағы заңдық және жеке тұл­ғалардың энергия тасымалдаушы ком­паниялар мен қаржы инс­ти­тут­тарына берешегі өте төмен бол­ғаны да айтуға тұ­рар­лық мәселе.

Елдегі білім беру ошақтарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудан тұрғындары бір кісідей жұмыла білді. Денсаулық сақ­тау орындары мен мәдениет меке­мелерін жасақтау ісінде де осын­дай ауызбіршілік ахуалы айқын аңғарылды. Кәсіпкерлік нысан­дар пайда бола бастады. Жаңа са­лықтық жүйе қалыптасты. Жеке меншік дүкендер мен базар алаң­дары іске қосылды. Жеке автобус, такси қатынастары тұрғындарға қыз­мет көрсетуді қолға алды. Со­ның арқасында ел-жұрттың еңсесі тіктеліп, тұрмыстары түзеле түсті.

Облыс орталығынан 550-600 ша­қырым қашықтықта орналасқан Бөкей Ордасы, өңірдің Жәнібек және Казталов секілді ау­дандары бірқатар тұрмыстық мәселелерді Ресейдің шекаралас аудандары арқылы шешіп, олармен ұдайы әрі тұрақты тіршілік қарым-қатынастар жасап келгенін білеміз. Осындай байланыстардың күрт үзілуі қосымша қиындықтар туғызғаны да жасырын емес.

– Өйткені көршілес мемле­кет­тердің кеден, шекара қызметі, дербес валютасы пайда болуы онсыз да қиын күнкөріс мәселелерін бұдан әрі күрделендіріп жіберді. Соған қарамастан Ресейдің Вол­гоград, Астрахань және Саратов облысы аудандарымен қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. «Бас соль» АҚ секілді ресейлік құрылым жетекшілері өзара келісім негізінде жергілікті маңызы бар шаруаларды тындырып отырды. Сондай-ақ Жеңістің 55 жылдығына орай Волгоград облысының губернаторы Николай Максюта аудан ардагерлерін қабылдауы сол кезде көршілермен байланысты ұтымды жолға қоя білгеніміздің бір мысалы бола алады деген ойдамын, – дейді бұрынғы аудан басшысы Лавр Хайретдинов.

Кеңестік саясат пен тота­ли­тарлық режім тұсында Капус­тин-Яр ядролық сынақ поли­гоны аумағында жүргізілген сы­нақ­тар салдарынан тұрғындар денсаулығына зақым келгені белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында оның зардаптарын жою жөнінде бірқатар шаралар белгіленді. Осы орайда бірінші кезекте экология мәселелеріне көңіл бөлу қажет деп табылды. Бұл іс облыстағы «Нарын» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Кәкен Көбейсіновпен бірлесе атқарылды. Ауданда оның бөлімшесі ашылып, экологиялық тепе-теңдікті сақтау жөніндегі халық талабы мен тілегі айқынырақ естіле бастады. Осы орайда ел Үкіметі мен Экология министрлігіне тұр­ғын­дар атынан бірнеше рет хат жол­данды. Орда ауылында полигон­нан зардап шеккендерге арналып ескерткіш қойылды.

Өз кезегінде К.Көбейсінов Ел­басының қабылдауында екі рет болып, қасиетті құм – Нарынның қасіретін алға тартты. Бұл кез­десулер нәтижесіз қалған жоқ. Өңірде ауданаралық сауықтыру орталығы салынып, пайдалануға берілді. Полигон зардабынан сырқатқа тап болған мүгедектерге облыстық бюджеттен жәрдемақы төлене бастады. Әйтсе де кейін аталған әлеуметтік төлемдер төлеу ісі жалғасын таба алмай қалғаны өкінішті-ақ.

Міне, Тәуелсіздіктің алғашқы тұсында Бөкей Ордасы ауданында атқарылған сан алуан істердің кейбір қырлары осындай.