«Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа, бірақ тағы» деген қазақ поэзиясының патриархы Қадыр Мырза-Әлінің екі шумақ өлеңі ел аузында жүр. Бұл жалпы ұлт тарихына қатысты айтылған ақиқаттың жыр жолына айналған түрі болса, елдікті еңселендіруде Бөкей хандығының құрылуы мен қалыптасуы да осы қалың тарихтың сүбелі бір бөлігін құрайтыны хақ.
да орнады деген жадағай ақпаратты 70 жылға жуық уақыт бойы желпілдетіп келді. Ал осы кеңестік билік түгін тартса майы шыққан қасиетті Нарын өңіріне не берді? Несімен жарылқады? Бұл сауалдарға жауап берілген жоқ. Керісінше кеңестік кезеңде мемлекеттіліктің барлық нышандары болған шұрайлы өлке ядролық сынақтардың алаңына айналды. Оның зардабы әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Тек тәуелсіздіктің іргетасы қаланған тұста ғана ежелгі Бөкей хандығын қоныстанған ел-жұрттың өз қолдары өз ауыздарына жете бастаған еді. Егемендіктің бүгінгі отыз жылдық бедерлі белесінен көз тастаған кезде Нарын өңірінде елдік пен мемлекеттілікке қол жеткізу жолында атқарылған ілкімді істер аз емес. Бұл жөнінде егемендіктің елең-алаңында Бөкей ордасы ауданының әкімі қызметін атқарған Лавр Хайретдинов өз ой тілегін төмендегіше түйіндеді.
– «Аман елдің аты шығады» демей ме дана халқымыз. Бүгінгі күні тәуелсіздігіміздің топшысы беки түскен кезде тоталитарлық режім қыспағынан аман шыққанымызға шүкіршілік етуіміздің де әбден жөні бар. Шынтуайтына келгенде кеңестік идеология үстемдік құрып тұрған кезінде шынайы шежіреміз бен терең тарихымыз қолдан ұмыттырылды. Сол олқылықтардың орнын толтыру кезеңі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі 5-6 жылдан соң басталды.
Шын тарихты қалпына келтіру мен ұлттық болмысты жандандыру отандық тарихшылар мен барша Қазақстан халқына тәуелсіздік талаптары жүктеген мерейлі міндет деп санаймын. Бір сөзбен айтқанда, тұтастай тәуелсіз елдің бір пұшпағы Бөкей ордасының бағын ашқан – Тәуелсіздік деп білемін. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін біз осылай түсініп, бағалауымыз қажет деген ойдамын. Әрі бұған қосарым, Орда ауданы деп аталып келген аймаққа Бөкей деген анықтауыштың қосып аталуы да Тәуелсіздіктің тигізген шапағаты. Өйткені Нарын құмы жұртшылығының даму мен өркениетке қол созу кезеңдерінің бәрі Бөкей атауымен тікелей байланысты. Жоғарыда айтылғандай шын тарихты қалпына келтіру деп жүргеніміздің бір мысалы да осы болып шығады.
Бұған қосарымыз, тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында облыс әкімдігінде Бөкей хандығының 200 жылдығын атап өту шаралары белгіленіп, оған әзірліктің іс-жоспары жасалған еді. Атап айтқанда, 1996 жылы сол кездегі облыс әкімі Қабиболла Жақыпов бекіткен қаулыға сәйкес тиісті іс-қимыл жоспары белгіленіп, Хан ордасы ауылындағы мұражай кешені мен тарихи ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Сонымен бірге Бөкей хандығының тарихын жаңа сапалық деңгейге көтеру мәселелері қозғалып, бұл бағытта тарихи-зерттеу еңбектер мен кітаптар жазу қолға алынды.
Сондай-ақ 2000 жылдың аяғында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Қырымбек Көшербаев Бөкей хандығының 200 жылдық датасы шеңберінде атқарылған жұмыстардың екінші тынысын аша білді. Осыған орай қосымша қаражат бөлініп, Хан ордасындағы тарихи ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізу ісіне «Казреставрация» мамандары тартылды. Көп кешікпей белгілі ғалым-этнограф Салық Бабажановқа кесене тұрғызу жұмыстары басталды.
Бөкей хандығының 200 жылдығын атап өту мен Бөкейдің бел баласы, тікелей мұрагері Жәңгір ханға кесене тұрғызудың арасында белгілі бір байланыс пен сабақтастық бар екендігі анық. Кеңестік идеология жетекшілері бірыңғай сіңірі шыққан қара табан кедейшілікті насихаттап, ұлт тарихында алатын орны мен рөлі жоғары материалдық игіліктерді жасау көздерін таба білген «үстем тап» өкілдері мен хандарды күресінге ысырып тастады. Әрі оларға кеңес адамдарының жеккөрініштілік сезімін туғызуға тырысты. Мұндай құлдық сана-сезімнен бірден арылу да оңайға тимеген шығар.
Айтайын дегеніміз, Тәуелсіздігіміз жарияланғаннан кейін арада 5 жыл өткен соң Хан ордасы ауылы тұсында Жәңгір ханға кесене тұрғызылып, оның ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы келіп қатысуы тек бөкейордалықтар ғана емес, барлық отандастарымыздың бойында хандар мен хандық басқару жүйесіне қатысты жаңа тарихи сананың орнығуы мен қалыптасуына септігін тигізгені анық. Бұл 1997 жылдың қыркүйек айы еді. Бұл оқиға аудан тарихына алтын әріптермен жазылып қалды деуге болады. Нұрсұлтан Әбішұлының кесененің ашылу сәтінде тұтастай қазақ хандығының тарихы, соның ішінде елге сіңірген еңбегі айтулы Жәңгір жөнінде төгілдіре сөйлеген салиқалы сөзі тұрғындар арасында ерекше серпіліс туғызды. Асқақ рух пен ұлттық сана-сезімінің шырқау биікке бір-ақ көтерілген кезі болды бұл күн. Дәл осы күннен бастап халықтың Елбасы мен Үкіметке және жергілікті атқарушы билік өкілдеріне деген сенімі бұдан әрі арта түскені байқалды. Сондай-ақ дәл осы күннен бастап ауданда Тәуелсіздік талаптарына сәйкес жер-судың тарихи атауларын қалпына келтіру жөнінде кең ауқымды істер жүргізіле бастады.
Біз бүгінгі әңгімемізді ең алдымен тәуелсіздіктің қадір-қасиеті жөнінде бастап, өтпелі кезеңде атқарылған істерді айтуды келесі кезекке қалдырып қойған секілдіміз. Бөкей ордасы ауданында өтпелі кезеңде мал басы, оны бағып-қағу нүктелері, мекеме-кәсіпорын ғимараттары, өзге де инфрақұрылымдық инженерлік-коммуникациялық жүйелер талан-таражға ұшырамай сақталып қалғаны үлкен олжа. Оның ішінде екі ауданды қамтып отырған Аймекен топтық және жергілікті маңызы бар Ақмектеп су құбырларының орны бөлек. Сондай-ақ материалдық активтердің әркімнің алдын ала есептелген пайларына сәйкес бөлінуіне баса назар аударылды. Салыстырмалы түрде алғанда аудандағы заңдық және жеке тұлғалардың энергия тасымалдаушы компаниялар мен қаржы институттарына берешегі өте төмен болғаны да айтуға тұрарлық мәселе.
Елдегі білім беру ошақтарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудан тұрғындары бір кісідей жұмыла білді. Денсаулық сақтау орындары мен мәдениет мекемелерін жасақтау ісінде де осындай ауызбіршілік ахуалы айқын аңғарылды. Кәсіпкерлік нысандар пайда бола бастады. Жаңа салықтық жүйе қалыптасты. Жеке меншік дүкендер мен базар алаңдары іске қосылды. Жеке автобус, такси қатынастары тұрғындарға қызмет көрсетуді қолға алды. Соның арқасында ел-жұрттың еңсесі тіктеліп, тұрмыстары түзеле түсті.
Облыс орталығынан 550-600 шақырым қашықтықта орналасқан Бөкей Ордасы, өңірдің Жәнібек және Казталов секілді аудандары бірқатар тұрмыстық мәселелерді Ресейдің шекаралас аудандары арқылы шешіп, олармен ұдайы әрі тұрақты тіршілік қарым-қатынастар жасап келгенін білеміз. Осындай байланыстардың күрт үзілуі қосымша қиындықтар туғызғаны да жасырын емес.
– Өйткені көршілес мемлекеттердің кеден, шекара қызметі, дербес валютасы пайда болуы онсыз да қиын күнкөріс мәселелерін бұдан әрі күрделендіріп жіберді. Соған қарамастан Ресейдің Волгоград, Астрахань және Саратов облысы аудандарымен қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. «Бас соль» АҚ секілді ресейлік құрылым жетекшілері өзара келісім негізінде жергілікті маңызы бар шаруаларды тындырып отырды. Сондай-ақ Жеңістің 55 жылдығына орай Волгоград облысының губернаторы Николай Максюта аудан ардагерлерін қабылдауы сол кезде көршілермен байланысты ұтымды жолға қоя білгеніміздің бір мысалы бола алады деген ойдамын, – дейді бұрынғы аудан басшысы Лавр Хайретдинов.
Кеңестік саясат пен тоталитарлық режім тұсында Капустин-Яр ядролық сынақ полигоны аумағында жүргізілген сынақтар салдарынан тұрғындар денсаулығына зақым келгені белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында оның зардаптарын жою жөнінде бірқатар шаралар белгіленді. Осы орайда бірінші кезекте экология мәселелеріне көңіл бөлу қажет деп табылды. Бұл іс облыстағы «Нарын» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Кәкен Көбейсіновпен бірлесе атқарылды. Ауданда оның бөлімшесі ашылып, экологиялық тепе-теңдікті сақтау жөніндегі халық талабы мен тілегі айқынырақ естіле бастады. Осы орайда ел Үкіметі мен Экология министрлігіне тұрғындар атынан бірнеше рет хат жолданды. Орда ауылында полигоннан зардап шеккендерге арналып ескерткіш қойылды.
Өз кезегінде К.Көбейсінов Елбасының қабылдауында екі рет болып, қасиетті құм – Нарынның қасіретін алға тартты. Бұл кездесулер нәтижесіз қалған жоқ. Өңірде ауданаралық сауықтыру орталығы салынып, пайдалануға берілді. Полигон зардабынан сырқатқа тап болған мүгедектерге облыстық бюджеттен жәрдемақы төлене бастады. Әйтсе де кейін аталған әлеуметтік төлемдер төлеу ісі жалғасын таба алмай қалғаны өкінішті-ақ.
Міне, Тәуелсіздіктің алғашқы тұсында Бөкей Ордасы ауданында атқарылған сан алуан істердің кейбір қырлары осындай.