• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Спорт 19 Қазан, 2021

Тай елінде қола медаль бұйырды

399 рет
көрсетілді

Волейболдан әйелдер арасындағы Азияның клубтық чемпионатында Өскеменнің «Алтайы» алтыннан алқа тағып, өз жанкүйерлерін қуантқаны күні кеше ғана еді. Міне, енді ерлер сайысында Алматының «Буревестнигі» айшықты өнер көрсетіп, қола медальді иеленді. Егер Қазақстан волейболының қазіргі жағдайын ескерсек, бұл нәтижені де елеулі табыс деп бағалаған жөн.

Таиландтың Накхонпатхом қаласында өткен құрлықтың бас­ты додасын «Буревестник» сәт­сіз бастады. Тұсаукесер кез­де­­суінде жерлестеріміз ойда-жоқ­та Ирактың «Соуз Газына» 2:3 есебімен есе жібергенде, кө­ңіліміздің қатты құлазығаны рас. Алайда одан кейінгі ойындарда алматылық волейболшылар «қаһарына» мінді. Келесі ойындарда біздің жігіттер Таиландтың «Нахон Радчасима», Шри-Лан­каның «СЕБ» және Кувейттің «Қазмасын» ойсырата ұтты. Бұл бәсекелердің барлығында 3:0 есебі тіркелді. Осылайша, А тобында көш бастаған «Буревестник» плей-офф сайысына жолдама алды.

Жартылай финалда отандастарымыз Қатардың «Әл-Арабиімен» күш сынасты. Аса шиеленісті өткен ойында таразы басы ұзақ уа­қыт теңселіп тұрды. Бәсеке барысында «Буревестник» екі рет алға шыққанына қарамастан, шешуші партияда қарсыластарымыз же­ңісті уысымыздан жұлып әкетті – 2:3 (25:15, 15:25, 25:15, 26:28, 10:15). Ал үшінші орын үшін сайыс­та жерлестеріміз жерігілікті «Нахон Ратчасимадан» 3:0 (25:23, 25:17, 25:21) есебімен басым түсіп, қола медальді иеленді.

Қазақстанның волейболы жайында әңгіме қозғалса, ең бі­рінші кезекте Алматының «Бу­ревестнигі» еске оралуы заңды. Бұл қазіргі емес, мүлде басқа, атағы жер жарған «Буревестник» еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысы мен жетпісінші жылдарының басында атой салған саңлақтарымызды көзіқарақты көрермен әлі де ұмыта қойған жоқ шығар деп ойлаймыз. Бұл ұжымның іргетасын аты аңызға айналған бапкер Октябрь Жарылғапов қаласа, кейіннен тізгінді Заңғар Жаркешов ұстады. Даңқты команданың сапында Жәнібек Сауранбаев, Валерий Крав­ченко, Олег Антропов, Алек­сандр Кармановский, Николай Рагозин, Александр Портной, Ген­надий Гончаров, Еңсебек Иман­­ғалиев, Вячеслав және Ви­­та­лий Шапрандар, Төленді Ахмет­жанов, Геннадий Паршин, Аман­келді Сұлтанов, Владимир Устименко, Леонид Щербаков және тағы басқа саңлақтар өнер көрсетті. Қысқа ғана мерзім ара­лығында құлашын кеңінен жай­ған «Буревестник» 1969 жылы КСРО чемпионы атанып, 1970 және 1971 жылдары қатарынан екі мәрте Еуропа чемпиондарының кубогын иеленді.

Бертін келе «Азаматтың» айдарынан жел есті. Алатау бөк­терінде жасақталған команда 1993 жылы Хиросимада өткен Азия­ның клубтық чемпионатында бас жүлдені олжалады. Топтық турнирде Кувейт, Қы­тай және Жапонияның волейбол­шыларын ойсырата ұтқан жерлестеріміз жартылай финалда Оңтүстік Кореяның өрендерінің тас-тал­қанын шығарды. Ал финалда Жапонияның жеті дүркін чемпионы, көптеген халықаралық жарыстың жеңімпазы «Фудзи Фото Филм» клубымен күш сынасты. Хиросиманың қақ ортасында орналасқан зәулім кешен­ге жиналған жанкүйер өз жер­лестеріне барынша қолдау көр­сетті. Соның әсері болса керек, ал­ғашында «Азаматтың» ойыншылары біраз қобалжып, қателікке жиі бой алдырды. Үшінші партия­­дан кейін алматылықтар 1:2 есе­бімен ұтылып жатты. Десек те намысқа қамшы басқан жер­лес­теріміз таразы басын теңестіріп кетті. Бәсеке тағдыры соңғы пар­­тияда шешілді. Бұл жолы қазақ­­стандықтар намысты қол­дан бер­меді. Сөйтіп Евгений Сив­ков пен Андрей Патраков бапта­ған «Азамат» айды аспанға шыға­рып, Азияның клубтық чемпио­натының жеңімпазы атанды.

«Азаматтың» сапында ойнаған әйгілі волейболшы Бақытжан Бай­төреев сол жылдарды былай деп еске алды: «Тәуелсіздік ал­ған алғашқы кездері спорт саласына бөлінетін қаражат мардымсыз болғаны өздеріңізге мәлім. Жарысқа шығу өте қиын еді. Оқу-жаттығу жиыны мүлде өтпейтін. Еңбекақыны айлап алмаймыз. Әйтеуір, барша жігіт бірігіп, ты­ғырықтан шығудың жолын қа­растырдық. Біздің бапкеріміздің жақын бір туысының тауық етін сататын шағын дүкені болды. Біз соны жағаладық. Сау­дадан түскен қаражатқа арзан спорт­тық форма сатып алып, жа­­рысқа шығатынбыз. Міне, осындай қиындыққа қара­мас­тан қазақстандық волейболшы­лар халықаралық додаларда жақсы өнер көрсетті. Өйткені бо­йы­мызды намыс кернеп тұратын. Қазақстанның атын әлемге та­ныт­сақ деп, ойын алаңында жа­нымызды салып айқастық. 1993 жылдың көктемінде Жапо­нияның Хиросима қаласында өткен Азияның клубтық чем­пионатының бас жүлдесін ожалауымыз жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі. Ол кез­дері Қазақстанды ешкім біл­мейтін. Білген жағдайдың өзінде алпауыт елдер бізді менсінбей, мұрындарын шүйіре қарайтын. Ал біз ешнәрсеге назар аудармай, өзіміздің мықтылығымызды мойын­датуға барынша күш сал­дық. Азия волей­болы­ның үш киті саналатын – Жапо­ния, Қы­тай және Оңтүстік Корея­ның ең үздік ұжымдарын ұт­қа­нымызда, Хиросимадағы зәулім спорт кешеніне жиналған жан­күйердің «Қазақстан! Аза­мат!» деп орындарынан тік тұрып, ұзақ уақыт бойы құлшына қол соққаны күні кешегідей көз алдымызда. Финалда әйгілі «Фудзи Фото Филмды» ұттық. Әлемге әйгілі корпорация демеушілік көр­­сетіп отырған команданың на­мы­сын Жапония ұлттық құра­масының төрт бірдей ойыншысы қорғады. Ал жеңіс тұғырының ең биік сатысында марқайып тұр­ғанымызда Қазақстанның Жапониядағы елшісінің өзі біздің бас бапкерімізге хабарласып: «Қазақстанның тек Күншығыс еліне ғана емес, алып Азияға, тіп­тен күллі әлемге танылуына сіз­дердің қосқан үлестеріңіз орасан зор», деп ағынан жарылды. Әрине, ондай қуанышты сәттер ешуақытта ұмытылмайды.

Міне, Азияның клубтық чем­пионатындағы жарқын жеңі­сіміздің алтын бастауында «Аза­мат» клубы тұрды. Сол коман­даның сапында Бақытжан Бай­төреев, Алексей Яншин, Николай Маряскин, Рафаиль Гилязутдинов, Франц Цахариас, Сергей Щукин, Александр Горбатков, Вячеслав Крескин, Петр Кобрин, Андрей Агафонов және Валерий Беленков сынды сайыпқырандар жасындай жарқылдады. Солардың арасынан Байтөреевті бөле-жара атап өтсек, еш айыбы жоқ деп ойлаймыз. Мәселе тек оның құрама сапындағы жалғыз қа­зақ болғандығында емес. Бақыт­жан команданың нағыз серкесі, жүрегі, негізгі қаруы еді. Ойын алаңында оның осы қасиет­тері бірден байқалатын. Қанда­сымыздың шеберлік деңгейінің өзге ойыншылардан әлдеқайда жоғары екенін мойындаған май­талман мамандар 1993 жыл­дың қорытындысы бойынша Бақыт­жан Байтөреевті Азияның ең үздік волейболшысы деп таныды.

2005 жылы Пәкстанның Ис­ла­мабад қаласында ұйымдас­тырылған жарыста Алматының «Рахаты» алдына жан салмай, арада 12 жыл өткен соң «Азаматтың» ерлігін қайталады. Кейіннен «Ра­хат» (2006), «Алматы» (2011) және «Атырау» (2018) күміс медальді иеленді. Алғашқы екеуі финалда Иранның «Пайканынан» ұтылса, соңғысы дәл сол Парсы елінің «Хатам Ардаканына» есе жіберді. Сондай-ақ «Атырау» (2002, 2004) тағы екі рет қола жүлдені еншіледі. Міне, ерлер ара­сындағы Азияның клубтық чем­пионатында қазақстандық волейболшылардың қол жеткізген табыстары осындай.