Түркістан облысы Төле би ауданында халықаралық деңгейде танылған суретшілер көп. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі аясында Аққұм ауылында «Суретшілер үйі» ашылды. Өнер орталығының ашылуына осы өлкенің тумасы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Құттыбек Жақыпов мұрындық болды.
«Суретшілер үйінің» ашылу салтанатына аудан әкімі Төлеген Телғараев, ауданның құрметті азаматы, мәдениет жанашыры Күлия Айдарбекова, Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов қатысып, жиналған қауымға жүрекжарды тілектерін жеткізді. Сондай-ақ мәдениет үйінде еліміздің өңірлерінен және шетелдерден келген өнер иелеріне Құттыбек Тыныбекұлының туындылары таныстырылып, өнер иесінің «Төлеби – Ұлы дала мекенім» атты шығармашылық кеші өтті. «Ұлтымыздың тарихын, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тұрмыс тіршілігін бейнелі әрі көркем түсіндіретін халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жатқан «Төлеби – Ұлы дала мекенім» атты суретшілер плэнеріне көршілес Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеті мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан халықаралық дәрежедегі сурет шеберлері келіп отыр. Плэнермен бірге жас суретшілердің шығармашылығына серпін беретін облыстық «Бір өлке – бір сурет!» атты жас суретшілер симпозиумының өтуі де көп жайтты аңғартады», дейді аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы.