Әлемнің 21 елінде коронавирус инфекциясының беті қайтып келеді. Соның ішінде Қазақстанда сырқаттану жағдайының төмендеуі – 17 пайыз, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында осындай дерек келтірді.
«Бүкіл әлемде коронавирус инфекциясының 240 миллионнан астам, тәулігіне 300 мыңға жуық жағдай тіркеліп отыр, 4,9 миллионнан астам адам қайтыс болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймағындағы мәліметтері бойынша, соңғы екі аптада 54 елдің 33-інде аурудың өсуі байқалған. Соңғы 14 күнде аурудың ең көп өсуі Польшада байқалды. Онда сырқаттану деңгейі 122%-дан асқан. Грузияда – 98%, Украинада – 69%, Венгрияда – 50-дан астам, Арменияда - 40%-дан астам, Ресейде-30%, Молдовада – 20%-дан астам, Түркия, Аустрия және Германия, Қырғызстан, Беларусь елдерінде 2-ден 10%- ға дейін өскен», деді Алексей Цой.
Оның айтуынша, сырқаттану деңгейінің түсуі 21 елде байқалып отыр.
«Сырқаттану көрсеткіші Израильде 61%, Испанияда 43%, Швейцарияда 39%, Черногорияда 24%, Италияда 22%, Францияда 16%, Әзірбайжанда 7% түскен. Қазақстанда кейінгі екі аптада сырқаттану 17%-ға төмендеді», деді Денсаулық сақтау министрі.