Теңгенің бағамы өзгеруіне байланысты қарапайым халықтың алғашқыда абыржып қалғаны шындық. Ондайда тұтынушыларға коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындардың бірден еске түсетіні де белгілі. Алайда, қобалжитындай ештеңе жоқ. Үкімет бағаның еріксіз өсуіне жол бермеудің барлық мүмкіндіктерін қарастыруда. Біздің мекеме тұтынушыларға электр қуатын жеткізумен айналысады. Біз өз тарапымыздан АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамының көтерілуінен біздің жұмысымызға ешқандай әсер болмайтынын жеткізгіміз келеді. Электр қуатын жеткізу бұрынғы 3,85 теңге шамасында ұсталады. Бұған бола ешбір алаңдаушылық болмауы тиіс. Бұл баға үстіміздегі жылдың аяғына дейін бекітіліп кетті. Енді оны ешкім де өзгерте алмайды.
Ал, мекеменің жоспарлы жұмыстарына келсек, олар да уақтылы атқарылатын болады. Биылғы жылы түскен пайдадан инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруға 867900 мың теңге қаралды. Бұған кәсіпорынның қондырғылары жаңартылады, қайта жарақтандырылады. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы 283300 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Шынын айтқанда, көптеген материалдарды еліміздің кәсіпорындарынан аламыз. Бірқатарын Ресейден аламыз. Солардың барлығымен қондырғылар мен материалдарды жеткізуге келісімшарт жасалып қойылды. Оларға АҚШ долларының теңгеге шаққандағы көтерілуінің ешқандай да әсері болмайды. Дегенмен, кейбір бағадағы ауытқушылықты өз күшімізбен шешудің мүмкіндігі қарастырылатынын жасырудың реті жоқ. Солай болғанның өзінде жыл аяғына дейін біз жеткізген электр қуатының бағасы қымбаттамайды. Кейбіреулердің алыпқашты сөздерінің негізі жоқ. Баға тарифі өзгермейді, жоспарлы жұмыстар уақтылы жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, мекемедегі қалыпты жұмыс ырғағы бұзылмайды.
Марат АМАНҒАЛИЕВ,
«Энергосистема» ЖШС бас инженері.
Ақтөбе облысы.