• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Қазан, 2021

Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы қашан жақсарады?

498 рет
көрсетілді

Үкімет отырысында «Ауыл - Ел бесігі» жобасының іске асырылу барысы талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов баяндама жасады.

2019 жылы бастау алған «Ауыл - Ел бесігі» жобасының негізгі мақсаты - ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңғырту, оларды жаңа өңірлік стандарттарға дейін жеткізу.

3561 перспективалы ауыл іріктеліп алынды, онда 6,9 миллион адам немесе ауыл халқының 89 пайызы тұрады. 2019-2020 жылдары ТКШ, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында «Ауыл - Ел бесігі» жобасы шеңберінде, сондай-ақ Жұмыспен қамтудың жол картасы, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын ескере отырып, 618 миллиард теңге сомасына 12 мың жоба іске асырылды.

Биыл «Ауыл - Ел бесігі» жобасын іске асыру шеңберінде Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Алматы, Қызылорда және Атырау облыстары жобаларды іске асырудың төмен қарқынын көрсетіп отыр.

Алдағы 5 жылда «Ауыл - Ел бесігі» жобасын қаржыландыру көлемі 800 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды, ал барлық көздерді ескере отырып, ауылдарды жаңғыртуға 1,3 триллион теңге жоспарланған.

2025 жылы ауылдық жерлерде сумен жабдықтау қызметтерімен 100 пайыздық қамтамасыз етуге қол жеткізу жоспарлануда. Үкіметте атап өткендей, 10 мың шақырым кентішілік жолдардың жағдайы жақсарды, 12 мың шақырым инженерлік желілер, бірнеше мың әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынып, жөнделді, 5 мың ауыл мектебі жаңғыртылды.

АӨК саласында 4,5 триллион теңге сомаға 1 мыңға жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі жоспар бойынша 2,5 есе артуы тиіс, сондай-ақ қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін жеткізе отырып, АӨК өнімдерінің экспорты да ұлғаяды деп күтілуде. Үкіметте миллион ауыл тұрғыны өз табысын арттырады, ауыл шаруашылығында 500 мың жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

«Ауыл - Ел бесігі» жобасының іс-шараларын іске асыру ауыл халқының өмір сүру сапасын едәуір жақсартады және ауылдың дамуына жаңа серпін береді», деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы ауылдық аумақтарды дамытудың кешенді және бірыңғай тәсілін, 2025 жылға қарай нысаналы индикаторларға қол жеткізуді, сондай-ақ ауылдық жерлерде кредит қаражатына қажеттіліктің ұлғаюын ескере отырып, АӨК-ні тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды.