Тарихты жасаушы халық болғанымен тарихи үдеріске басшылық ететін де, оны тұтас ұлттық сана дәрежесі мен деңгейінде танымның объектісі ретінде зерттеп, зерделеп ғылыми айналымға түсіретін де, негізінен тарихи тұлғалар. Әсіресе, ұлы тұлғалардың ғылыми-шығармашылық мұрасын теориялық талдау философия тарихының ажырамас буыны. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі.
Көптеген халық өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Бұл бағытта қазақ философиясы да әлемдік деңгейдегі ғалымдарға кенде емес. Атап айтсақ ХХ ғасырдағы қазақтың көрнекті философы А.Х.Қасымжановтың шығармашылық ой-дүниесі, қазақтың ұлттық өзіндік санасында маңызды орын алатын әл-Фараби мұрасын зерделеуі, сондай-ақ далалық өркениет мұрагері – қазақ халқының рухани мұрасы, ұлттық өзіндік сананың тарихи дамуы мен қалыптасуы мәселелері жан-жақты зерттеуді, ғылыми қарастыруды талап ететін өзекті мәселе.
Талантты ғалым, әлемдік деңгейдегі философ, педагог, кемел ұстаз, философия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов 1931 жылы 19 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. ҚазМУ-дің философия факультетінде 1949-1954 жылдары оқыған А.Қасымжанов 1957 жылы сол факультеттің аспирантурасын да тәмамдады. Аспирантураны бітіргеннен кейін ҚазССР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында кіші ғылыми қызметкер ретінде еңбек жолын бастады.
1960 жылы Мәскеу қаласында КСРО Ғылым Академиясының Философия институтында «В.И.Лениннің «Философиялық дәптерлеріндегі» диалектика, логика және таным теориясының сәйкес келуі мәселелері» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады.
1962 жылы қазақтың жас ғалымына үлкен сенім артылып, А.Х.Қасымжанов бес томдық философиялық энциклопедия авторларының біріне айналды. Редакция құрамында сол кезеңдегі ірі кеңес философтары В.Ф.Асмус, М.Т.Иовчук, Б.М.Кедров, Е.П.Ситковский, т.б. ғалымдар болған еді. А.Х.Қасымжанов сол ғалымдармен тең, тіпті жоғары деңгейде ғылыми мақалалар жазды. Бірнеше жыл бойы «Философия ғылымдары» журналының редакциялық кеңесінің мүшесі болды.
1963-1966 жылдары ҚазМУ-дің доценті, 1966-1976 жылдары ҚазКСР Ғылым академиясының Философия институтында «Философия тарихы және Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойлар» бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1969 жылы А.Х.Қасымжанов Мәскеу қаласында «Диалектиканың логикалық аспектілері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғайды. Ал 1970 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының ең жас корреспондент-мүшесі болып сайланады.
Осы жылдары А.Х.Қасымжанов тұңғыш рет Фараби мұраларын зерттеу мақсатында ғалымдар тобын ұйымдастырып, соның арқасында көптеген іргелі еңбектері жарық көреді. «Философия тарихы және Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойлар» бөлімі жанынан құрылған топқа А.Х.Қасымжанов жетекшілік етіп, оған алғашқыда арабтанушы Ильяс Омар Мұхаммед (Иран), Еуропа тілдерінің маманы Б.Я.Ошерович, шығыс математикасының маманы А.Қ.Көбесов, кейіннен келіп қосылған арабтанушылар А.С.Иванов, К.Х.Таджикова, Н.Караев, әуел баста мәскеулік атақты арабтанушылар Б.Г.Ғафуров, А.В.Сагадеев кірген болатын. Осы ғылыми-шығармашылық топтың арқасында ұлы ғұлама философ Фарабидің шығармашылығымен, қолжазбаларымен мұқият танысуды мақсат тұтқан зерделі зерттеулер басталып кетті. Алғаш рет әл-Фарабидің «Философиялық трактаттары», «Әлеуметтік-этикалық трактаттары», «Логикалық трактаттары», «Математикалық трактаттары», сондай-ақ «Птоломейдің «Алмагесіне» әл-Фарабидің түсініктемесі» («Комментарии аль-Фараби к «Алмагесту» Птоломея») атты шығармалары қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді. Ағын Қасымжанов бастаған ғылыми топтың орасан зор ғылыми ізденістерінің нәтижесінде әл-Фарабидің 30-ға жуық ғылыми еңбегі жарыққа шығып, қалың оқырманға танымал болды. Осы аудармалардың көмегімен ғұламаның еңбектері ғылыми-көпшілік оқырмандарға жетіп, оларға барлық жерде сілтеме жасалына бастады.
А.Х.Қасымжановтың ұйымдастыруымен 1975 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған үлкен халықаралық ғылыми конференция «Мәскеу-Алматы-Бағдад» қалаларында өтті. Сөйтіп Алматы аз уақыттың ішінде әл-Фараби мұраларын зерттеудің ғылыми орталығы есебінде шетел ғалымдары арасында да кеңінен танымал болды. 1975 жылы Мәскеу қаласында белгілі шығыстанушы ғалым Б.Г.Ғафуров пен А.Х.Қасымжановтың орыс тілінде шыққан «Әл-Фараби мәдениет тарихында» атты кітабы араб-мұсылман философиясымен шұғылданушы ғалымдар арасында тың серпіліс туғызды. Оның әл-Фарабиге арналған 4 монографиясы, 10 кітапшасы, 30-дан аса ғылыми мақаласы бар.
1976-1977 жылдары А.Х.Қасымжанов С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби атындағы) Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетінің деканы, ал 1977 жылдан 1983 жылдар аралығында ҚазМУ жанындағы Жоғары оқу орындары оқытушыларының білімін жетілдіру институтының директоры, 1983-1986 жылдары ҚазМУ-дың философия тарихы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1987-1993 жылдары Алматы малдәрігерлік институты философия кафедрасында профессор болып жұмыс істеді. Тоқсаныншы жылдардың басында А.Х.Қасымжановтың отандық мәдениетті оқып үйренуге арналған «Қазақ халқының рухани мұралары» атты мазмұнды кітабы жарық көріп, оқырман арасында өте жоғары бағаға ие болды. Бұл жұмыс кейін де өзінің жалғасын тауып, 1994 жылы «Қазақ», 1995 жылы «Портреттер: дала тарихына штрихтар», 1998 жылы «Кошо-Цайдама стеллалары» деген еңбектеріне ғылыми көпшілік орта үлкен қызығушылық танытты.
1993 жылы А.Х.Қасымжанов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанында «әл-Фараби ғылыми орталығын» құрып, соның директоры қызметін атқарды. 1996-1997 жылдары Фулбрайт қорының стипендиясымен Америка Құрама Штатына, Оклохома Мемлекеттік университетіне лекция оқуға арнайы шақырылады. Осы университет студенттері мен оқытушыларына «Дала өркениеті», «Орталық Азия мәдениетіне кіріспе» тақырыбында лекция оқыды. Оклохома университетінде оқыған дәрістердің тақырыбы «Түркі халықтары мен Түркістанның бірлігі», «Орта Азияның саяси дәстүрлерінің ежелгі тамырлары», «Әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұн шығармаларындағы адамшылық бастаулары» болды. Осы жылдары А.Х.Қасымжанов қазақ мәдениеті мен философиясынан, әл-Фараби мұраларынан Оклохома университетінің профессорлары мен студенттеріне, магистранттар, мен докторанттарына кеңінен хабардар етті.
Аталған университеттің белгілі профессоры Кит Триббл А.Х.Қасымжанов оқыған лекцияларды ағылшын тіліне аударып, үлкен кітап етіп басып шығарды. Қазір ол университет студенттеріне кеңінен танымал болып отыр.
Ғалым 1994 жылдан ғұмырының соңына дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінде философия және әлеуметтік таным методологиясы кафедрасына жетекшілік етті.
2000 жылы қараша айында үлкен ғалым, ойшыл, философ, ұлағатты ұстаз А.Х.Қасымжанов өмірден өтті.
А.Х.Қасымжанов – қазақ халқының сонау алыста жатқан рухани мұрасын дүниетанымдық тұрғыда зерттеуге алғаш жол ашқан, көрнекті ғалым, философ. Ол өз дәуірінің озық ойлы азаматы болғандығын біз жоғарыда атап кеткен мол мұрасы айқындап тұр. Ғалымның, әсіресе ұлттық рух, өзіндік сана концепцияларын зерттеу бағытындағы «Кошо Цайдам стеллалары» еңбегі – бүгінгі ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртудың бірден-бір құралы. Сондықтан А.Х.Қасымжанов шығармашылығындағы «Дала өркениеті» ұғымына философиялық талдау жасауды ата-бабаларымыздың көпғасырлық мұрасының цифрлы өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртудың құралы ретінде қapacтыpды.
А.Х.Қасымжанов өзі өмір сүріп отырған уақыттың ілімнің қажеттісін алуға тырысты. Мәселен, осы заманғы ғылым үшін оның қажетіне сай келетін ойлау формасының ұлттық негізін алды. Бірақ ол өз міндетін тек таным тарихының қорытындыларын, оның даму үдерісіндегі маңызды кезеңдерін есепке алып отырғанда ғана атқара алады деп есептейді және де философиялық ғылым ретінде диалектика өзіне қатысты мәселелерді жан-жақты қарастырып, осының негізінде нақты ғылымдарға қатысты міндеттері дұрыс белгіленгенде ғана логикалық-методологиялық қызметін жүзеге асыра алатындығын айтады.
Қазақ халқының тұтастығын, оның күретамыры болатын ұлттық ойларды философиялық деңгейге көтеруде, рухани дүниеміз тегісінен ұлттық сипатта болуы тиіс, оның тұтастығын бұзып алмауды әрқашан ойлауымыз керек. Бұл жөнінде А.X.Қасымжанов өте маңызды пікір айтқан: «Жалпы алғанда, бір халықтың өмір сүру салтын, заңдылықтарын екінші бір халыққа телу деген өте бір ауыр, қиын құбылыс. Айталық, тірі ағзаға екінші бір ағзадан бір мүшені ауыстырып салу барлық жағдайда дұрыс нәтиже бермейді, себебі оны ағза жатсынады, ауырсынады, қабылдай алмайды, тіпті өліп кетуі мүмкін. Көнеден келе жатқан мынадай бір сөз бар: «Өзіңе жат әдет-ғұрыптарды қалай болса, солай қабылдай беруге болмайды». Ұлы тарихшы Геродот сақтардың өзге елдің әдет-ғұрып, салт-дәсүрлерін қабылдауға қарсы болғанын атап көрсетеді. Түрік бабамыз Тоныкөк те өзі қытай білімін ала тұра: өзге халықтардың құндылығын қабылдауға болады, бірақ ол үшін өз әдет-ғұрпыңды сақтай отырып, өзге елдің жеріне түсіп кетуден аулақ болу керек». Қысқаша айтқанда, халықтың тұтастығына негіз болатын ұлттық болмыс, сол белгілі бір ұлттың мүшесі адамның ойлау жүйесі тегінен нәр алу керек. «Тегіңе тартсаң тозбайсың» деп қазақ бекер айтпаса керек. Тектілік – тұтастықтың үлкен белгісі. Оның өзегі – сабақтастық, ұрпақ арасындағы рухани байланыс. Рухани байланыс пен сабақтастық үзілген кезде ұлттық тұтастықтың қуаты кетіп, сыртқы күштерге қарсы тұра алмайды. Өзіңнің ата-бабаңның салып кеткен сара жолымен жүріп, олардың қалдырған рухани байлығының иесімін деп, оны келер ұрпаққа жеткізу – естілік пен тектіліктің белгісі. Тектілік бар жерде ғана иегерлік бар. Қазіргі кездегі басты мақсат – осы тұтастықты жүзеге асыру арқылы болашақты айқындау.
Жалпы, тарих пен қазіргі заман арасындағы шекті анықтау қиын ғой. Барлығы уақыт өткен сайын тарихқа айналады. Ал кейбір тарихи жайттар қазіргі заманғы конъюнктуралықтан өзектілеу болады. Осыны ұстанудың мəні бар, өйткені заман қарқыны өскелең ұрпақтар арасында үлкен психологиялық алшақтық елесін туғызады. Балалар өз əке-шешелері туралы: «арғы тектер» деп айтады. Көп адам, осы күнгі адамның түбегейлі мəселелерін түсіну үшін жəне оларды шешу əрекеті үшін өткенді тану ештеңе бермейді деп ойлайды.
Өткен мəдениетті зерттеуде шынайылықты сезінуден, тіптен, А.Х.Қасымжанов сияқты дəуір адамдарымен кездесуден, олардың ой желісінен олардың ұрпақтарына жеткізгісі келгенінен, өздері де білмей, олардың бізге түсінуінен беретінінен ғажайып лəззат аласың. А.Х.Қасымжанов ойларын алсақ, онда философияның мəдениет дамуындағы рөлі зор, ол əрқашан адамның əлемге əмбебап, əсіресе этикалық қатынасын анықтау талпынысымен белгіленеді. Философиядан жеке ғылымдарының бөлінуімен сол уақытта философияның бұдан былайғы өмірдегі, қоғамдағы орнын өзі белгілеу үрдісі болған, философияның білім субъектісі ретіндегі адам туралы ғылым ретінде функциясы нақты белгіленді. Адам болмысының, жалпы мəдениеттің негізгі құндылықтарына қатысты мəселелер əрқашан философиялық деп танылған.
Сөйтіп азды-көпті дүниетану мен гуманистік функцияларды атқаратын көзқарастар жүйесі ғана мəдениет тарихы құрамына тікелей кіреді. Оны нақты тарихи контекске салып, ол дəуірдің қандай күштерінің орталығы болатынын көру қажет. Бірақ мəдениет тарихындағы А.Х.Қасымжанов тəрізді тұлға өзін қазіргі заманда ғана тəмамдамайды, өйткені оның негізі өткен уақытта, ал сəулесі алыс болашаққа түседі.
Пірімбек СҮЛЕЙМЕНОВ,
саяси ғылымдар кандидаты, доцент