Қызылорда Қазақстандағы ірі суармалы егіншілікпен айналысатын өңір екендігі белгілі. Қазір облыста 96,6 мың гектарға дәнді, 6,7 мың гектар жерге майлы дақылдар, 66,4 мың гектарға мал азықтық дақылдар, 18,5 мың гектар жерге картоп, көкөніс, бақша өнімдері және 84,4 мың гектар аумаққа күріш егілді. Соңғы жылдардағы су тапшылығына байланысты әртараптандыру бағытында жаңа дақылдар сынақтан өткізіліп, оң нәтижелер алынғаннан кейін өндірістік деңгейде егу жұмыстары жүргізілуде. Биыл 98 гектарға соя, 40 гектарға қант құмайы егіліп, жақсы өнім алынды. Егін шаруашылығында заманауи технологиялар енгізіп, тамшылатып және жаңбырлатып суару да қолға алынуда.
Еліміз бойынша күріштің шамамен 85 пайызы біздің облыста егіледі. Аталған дақыл суды көп қажет ететіні белгілі, бірақ бұған жыл санап Сырдария өзеніндегі су мөлшері азайып келе жатқаны мүмкіндік бермей отыр. Өңір топырағы орташа және қатты тұзданған аймаққа жатады, ал жерге дән түскеннен орылғанша суда тұратын күріш топырақтағы тұзды шайып, басқа ауыспалы егіс дақылдарын егуге мүмкіндік тудырады. БАҚ беттерінде немесе әлеуметтік желіде су тапшылығы жағдайында күріштен мүлдем бас тартып, басқа дақылдарға көшуіміз керегін жазып, дабыл қағып жатқандар бар. Күріш егілмесе жерасты қабатындағы тұз қайта көтеріліп, топырақ ауылшаруашылық мақсатында тұтынуға мүлдем жарамсыз болып қалады, оның үстіне облыстағы барлық инженерлік жүйелер күріш дақылына арналғандықтан, басқа дақылға бейімдеу қыруар қаржыны қажет етеді.
Осы мәселелерге байланысты Сыр өңіріндегі бірден-бір ғылым ордасы, әрі еліміздегі күріш саласын зерттейтін жалғыз мекеме Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының атқарып жатқан жұмысы қыруар. Институт ғалымдары суды үнемдеу, топырақты қалпына келтіру, күріш дақылын тиімді өсірудің технологиялары, өңірдің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген күріш және күріш ауыспалы егіс дақылдарының селекциясы және басқа да бағыттарда зерттеулер жүргізіп, нәтижелері өндіріске сәтті енгізілуде. Институттың селекционер ғалымдары күріштің өнімді, ерте пісетін бірнеше сұрпын шығарды. Атап айтар болсақ, «Сыр сұлуы» сорты 105-110 күнде піседі. Осындай ерекшелігі бар жергілікті сұрыптар 120-125 күнде пісетін ресейлік сорттарды алмастыра алады, сапалық көрсеткіштері де жоғары.
Осы жылы бизнес-әріптестеріміз 175 гектар аумаққа Шығыс Азия елдерінде кең тараған әдіс бойынша күрішті көшеттеп екті. Ғалымдар көшеттеп егу мол өнім берумен қатар, суды 25%-ға дейін үнемдейтінін дәлелдеп отыр. Өңірде тәлімі жерлерге бидай егу бойынша да жұмыстар жүргізілді, Жаңақорған ауданында аквагель пайдалану арқылы бидай егіліп, мол нәтижелер алынуда. Аквагель топырақта атмосфералық жауын-шашынмен келген суды аккумуляциялап, дақылдарды егіс уақытында ылғалмен қамтамасыз етіп отырады. Бұл су тапшылығы мәселесін шешуде таптырмас құрал.
Қызылорда облысында XX ғасырдың 60-жылдарынан бастап суармалы егістікті дамыту қарқынды жүрді, гидромелиоративті құрылыстар салынып, инженерлік жүйелер жасала бастады, соның нәтижесінде 1965 жылы өңірде суармалы егістік 92,2 мың гектарға жетті, одан кейінгі жылдары да қарқынды өсіп, 1990 жылға қарай 235 мың гектарға дейін ұлғайды.
Дегенмен соңғы жылдарда өңірдегі ауыспалы егіс жүйесін басқару, пайдалану бағытындағы өзгерістердің әсері мен каналдар, қашыртқы кәріз жүйелерінің, оның бойындағы гидротехникалық құрылыстардың пайдалану тәртібі толық сақталмағандықтан ирригациялық жүйелер тозып, суармалы жерлер ауданы мен өнімділігі кеміп кетті. Ирригациялық жүйелердің техникалық жағдайларының нашарлауы олардың су өткізгіштік қабілеттерін төмендетіп, су қорларының тиімсіз шығынының мөлшерін арттырады.
Су тапшылығын тудыратын тағы бір себеп – су үнемдегіш технологияларды кеңінен пайдаланбау. Сондықтан суару барысында берілген су мөлшерінің тең жартысы шығын болып жатады. Осыған орай, қазіргі кезде өңірімізде ирригациялық жүйелерде қалыптасқан техникалық-мелиоративтік жағдайды жақсарту мақсатында қайта құру жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтатын болсақ, ПУИД-2 жобасы бойынша Жалағаш ауданының Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет ауылдық округтеріндегі 15,1 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал ПУИД-3 жобасы бойынша 143 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы халыққа Жолдауында суармалы жерлер көлемін арттыру қажеттілігі жөнінде баса айтты. Бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі екендігі сөзсіз. Осы үдеден шығу үшін ғылыми зерттеу нәтижелерін, заманауи аграрлы технологияларды пайдалану, оның ішінде тамшылатып, жаңбырлатып, топырақ асты суару жүйелерін жасау, қолда бар ирригациялық жүйелерді толық қалпына келтіру, егістік атыздарын тегістеу, өңірдің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген дақылдардың жаңа сорттарын шығару уақыт күттірмейтін мәселе.
Нұрбол АППАЗОВ,
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бас ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының кандидаты